Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

«Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» әдісі негізіндегі дәріс жобасы

0

Пән: Педагогика
Сабақ тақырыбы: Ұжым тәрбие құралы.
«Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту жобасы бойынша сабақ үш құрылымдық кезеңді қамтиды:
1. Қызығушылықты ояту.
2. Мағынаны ажырату.
3. Ой-толғаныс.
Сабақтың әдістемелік мақсаты: студенттердің ойлау процесінің қалайша өрбитіндігін сипаттап, әрбір студентті «өзінің курстастары және оқытушымен жүргізетін рефлексиялық диалогқа жұмылдыруды» көздейді.
Топ: «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 2 курс студенттері.
Көрнекіліктер мен құралдар: тақтамен жұмыс, презентациялар, мультимедиялық материалдар.

I. «Қызығушылықты ояту» кезеңінде студенттер білім процесіне ниеттеледі, айрықша көңіл аударады, жаңа материалды игеруге ынталанады. Бұл кезеңде келесідей үш мақсат жүзеге асырылады:
1. Тәрбие, ұжым туралы ұғымдар бойынша студенттер бұрынғы білімдерін есіне түсіреді. Білім зерттеу – жаңаны ескімен байланыстыратын процесс, жаңа білім міндетті түрде қандай да бір жеке тәжірибе негізінде (бұрынғы білім) құралады. Өзінің жеке білімін еске түсіру арқылы үйренушілер белсенді түрде өздерінің білімін анықтап, оны талдайды және алдағы уақытта қарастырылатын жаңа мәліметтермен байланыстырады. Сол арқылы олар өз білімінде «бос орындардың» қалмауын қадағалап, білім игеру процесін бір сәтке де тоқтатпайды.
2. Студенттер белсенді әрекеттерге жұмылдырылады.
Білім игеру – белсенді әрекет. Саналы білім алу үшін үйренушілер білім игеру процесіне белсенді түрде араласуы керек: ойлау, сөйлеу мен жазу арқылы өз білімдері мен түсініктерін өзгелерге жеткізе білуі керек.
3. Студенттердің мақсаттарын айқындау арқылы ойлау жұмысына ынталандырылады.
Шығармашылық белсенділікті көтеру үшін бұл кезеңде студенттерді зерттеу мақсаттарын айқындауға жұмылдыру керек. Өз мұқтаждарынан туындаған, өздері құрастырған мақсаттар студенттердің жаңа білімге деген ынталарын еш бәсеңсітпейді. Ал студенттердің жеке тәжірибесінен туындаған пікірлер әрқашанда сан алуан болып, сол арқылы оларды пікір алмасуға және пікірталасқа әкеледі. Өз кезегінде көзқарастардың мұндай қарама-қайшылығы әр студентте:
Педагогикалық жетекшілікті оқушының өз қызығушылығына, ынтасына, тәуелсіздігіне орайластыру, дербес қарапайым талпынысымен саналы байланыстыру;
Ұжым динамикалық жүйе болғандықтан, ол үнемі өзгеріп, дамып отырады және кемелденеді;
Сынып жетекшісі ұжым тәрбиесінде мұғалімдер тобына, сынып ұйымына сүйеніп, отбасыларымен үнемі байланыста бола отырып, жоғары жетістіктерді көздеуі лазым;
Формализм – тәрбиенің қас жауы;
Жетекшіліктің жақсы көрсеткіші- сынып өміріндегі маңызды мәселерге ортақ ұжымдық пікірдің болуы;
Ұжым мүшелерінің өз міндеттерін орындауын дұрыс қадағалау негізінде тәрбиені дамыту;
Тәрбиені ұжымдағы қарым-қатынас – құрылымының көп деңгейлігін ескере жүргізу;
Ұжым мүшелерінің атқарып жүрген рөлдері мен олардың шын мәндегі мүмскіндіктерін дұрыс пайдалану;
Ұжымдағы қатынастың өтіп жатқан жағдайына белсене араласу;
Ұжымдағы оқушыларды жаңаша қатынасқа кірістіретін ұжымдық іс- әрекет түрлерімен танысу сияқты түсініктер пайда болып, оны толық меңгеру үшін белсенді түрде жұмыс жасауға (ойлау, оқу, жазу, сөйлеу) ынталандырады.

II. «Мағынаны ажырату» кезеңі жаңа материалды игеруде туындаған сұрақтарға студенттердің өз тәжірибелері тұрғысынан жауап беруімен ерекшеленеді.
Бұл кезеңде студенттер жаңа ақпаратпен немесе идеялармен тікелей қарым-қатынас жасап, оларды дербес түрде зерттейді, ізденеді.
Бұл кезеңнің басты мақсаттары келесідей:
1. Студенттер тәрбие формалары, оқушылар ұжымының жұмыс ерекшілігі, сипаты мен ұжым және тұлға тұтастығы бойынша жаңа білім игеру жұмысына асқан құштарлықпен араластырып, олардың оқу процесіне деген қызығушылығын арттырады.
Сабақтың басқа кезеңдерімен салыстырғанда мұнда студенттер мейлінше дербес болып, оқытушының араласуын қажет етпей, өзіндік тұрғыдан әрекеттенеді. Олар үйренудің әртүрлі тиімді тәсілдерін қолдану арқылы белсенді танымдық жұмысқа кірісіп, жаңа білім туралы өзіндік түсінік және пікір қалыптастырады. Студенттер мұндай жұмысқа жұмылдырылмаса, зерттеудің мағынасы тіпті де жоғалып кетуі мүмкін.
2. Студенттердің өзіндік пікір мен түсінік қалыптастыруға ынталандыру. Студенттер: ұжымға болған педагогикалық әсерлерді бірлікті /комплексті/ пайдалану, күнделікті өмірде ұжым мүшелерінің бір- біріне үнемі және жан- жақты көмегі, ұжым өміріне және оның жеке мүшелеріне жағымды әсер ететін жағдайлар тудыру, оқушылардың өзін-өзі басқару ісін кеңейту, ұжыммен жұмыс істейтін барлық ұйымдардың талпыныстарын біріктіру сияқты мәліметтер жайлы өзіндік түсінік қалыптастырады. Қажет болған жағдайда олар оны қайта қарастырып, сұрақтар қойып, түсінбеген жерлерін анықтауға тырысады.

III. «Ой-толғаныс» кезеңінде студенттер жаңа мәліметтерді өздерінің бұрынғы білімдерімен (ұғымдарымен) салыстыра отырып өзгертеді.
Осы кезеңде олар сұрақтар, ұсыныстар, пікірталастар, зерттеулер арқылы бұрынғы түсініктерінің негізінде жаңа білім құрастырады. Үйрену дегеніміз өзгеру және өзгерту деген сөз. Өзгеру жаңа түсініктің атаулары мен терминдері, жаңа әрекеттер, білімнің жаңа ахуалы мен жаңа сенімдер тұрғысында болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер студенттердің бұрынғы білім негізінде жаңа түсінікті қалыптастыру жұмысына белсене араласқанда пайда болады.
Бұл кезеңде келесідей мақсаттар айқындалды:
1. Студенттер өз ойлары мен түсініктерін өздері игерген мәліметтер арқылы жеткізді.
Зерттеу және түсінік – өзіндік, дербес ұғымдар. Студенттердің есінде өздерінің тәжірибесі, білімі, сөздері арқылы түсінгендері қалады. Жаңа түсінік тек осындай өзіндік контексте пайда болды.
2. Студенттер бір-бірімен ой бөлісті. Пікірлесу арқылы студенттерде өзіндік пікірлердің пайда болуына ой талқыда келтірілген көзқарастардың әр түрлігі, сан алуандығы көп септігін тигізді. Студенттердің ой алмасуда әр түрлі пікірлерді келтіруі жаңамәліметтің игерілуіне жол ашты:
«Балалар ұжымы»түсінігі;
Ұжым теориясының қалыптасуы.
Ұжымның белгілері. Ұжымның қызметтері.
Балалар ұжымының типтері және құрылымы. Балалар ұжымының даму кезеңдері.
Ұжымды құру және қалыптастыру әдістемесі. Тұлға және ұжым. Балалар ұжымының тұлғаға тәрбиелік әсері.
«Еркін іс- әрекетті » топтар және « формалды емес бірлестіктер».

Меңгерілген жаңа тақырып негізінде оқытушы студенттердің нені меңгергенін айқындау және бағалау, проблема бойынша шешім қабылдау кезеңін жүзеге асыру үшін үйде төмендегі өлшемдерді ескере отырып дайындалуы тапсырылды:
осы сабақта білгендері мен үйренгенін тұжырымдайды;
олардың қолданысы туралы ойланады, пікірлеседі;
өзінің жаңа біліміне баға береді;
жаңа білімді нақты бір проблема шешуде қолданады;
«Не білдім/үйрендім?», «Бұл білім маған не үшін керек?», «Бұл білімнің қолданысы қандай?», «Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/ жалғастырамын?», «Тағы да не білгім келеді?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді;
сабақта не нәрсеге үйренгендігі және қалайша жұмыс жасағандығы туралы есеп береді.

«Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» әдісі негізінде дәріс сабағында суденттердің жаңа мағлұмат бойынша ойланып, ол жөнінде өзара пікір алмасу мен талқылауды ұйымдастырылды.
Белсенді оқыту әдісінің бұл түрі – өзекті сұрақтарды игеру мен меңгерудің теориялық мәселелерін қарастыратын сабақ түрі. Ол болашақ мамандық тұрғысынан студенттерді өміршеңді, күнделікті өмірден алынған теориялық сұрақтар мен мәселелерді шешуге бағыттайды. Сабақта көлемді мәліметтерді жүйелеп беру қолайлы, мұнда тақырыптың басты мәселелері нақтыланып, материалдың өзіндік тұрғыдан игерудің әдістемелік нұсқаулары беріледі.
Мұндай формадағы сабақтарды жиі қолдану – студенттердің танымдық шығармашылық қабілеттерінің белсенді беруіне мүмкіндік туғызады деп есептеймін.

Зулкарнаева Жамила Амангельдиновна,

Педагогика ғылымдарының магистрі, 

Әлеуметтік және жас ерекшелік педагогикасы кафедрасының аға оқытушысы,

Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, 

Көкшетау қаласы, Ақмола облысы

Share.

Leave A Reply