Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

838 қаралым

Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді (психологиялық тренинг)

0

Тәуелсіз мемлекет білімінің дамуы үшін дүниежүзілік білім кеңістігіне ену – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы орайда Қазақстан Республикасы 25 жылдық мерекесіне орай Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы, «Ғарышкер» балабақшасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығын дамыту» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Семинардың мақсаты мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық талғамын, қиялын, шығармашылық құзыреттілігін дамыту. Семинар іс жоспары бойынша таным, шығармашылық, қатынас білім салалары бойынша оқу қызметтері өткізілді. Педагог тәрбиешілермен «Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді» атты тақырыпта психологиялық тренинг өткізілді. Балабақшамызда семинар жоғарғы деңгейде өтті. Осындай іс тәжірибе алмасатын семинарлар өткізіліп тұрса нұр үсінен нұр болар еді.

Жұмыс түрі: Балабақшалардың педагог-тәрбиешілеріне арналған психологиялық тренинг.
Мақсаты: Педагогтардың психикалық көңіл-күйлерін көтеру, шығармашылық қабілеттерін бағалай білу, өздеріне құрметпен қарау, стрестен арылту, педагог-тәрбиешілер арасында сыйластық қарым-қатынас орнату.
Міндеті: Жаңашыл педагогтың бейнесін ашатын үлгі құру, жұппен, топпен тұжырым жасап, қорытындыға келу. Қатысушылардың өз әсерлерімен бөлісуіне жағдай жасау.
Қажетті құрал-жабдықтар: баяу әуенді диск, қағаз бен қалам, үлестірмелі тапсырмалар және компьютер слайд тақтасы.
Тренинг құрылымы:
1. Психологтың кіріспе сөзі
2. «Қадір-қасиет» жаттығуы
3. «Айырмашылық пен ұқсастық» жаттығуы
4. «Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді» слайд көрсетілімі
5. «Оның есесіне мен …» жаттығуы
6. Рефлексия. Талдау
7. Қорытындылау

1. Психологтың кіріспе сөзі: Құрметті педагог-тәрбиешілер, әріптестер! Өз қызметтерін аянбай, алаңсыз жүргізуіне ұшқыр, ой, алғыр зейін, ашық көз, ояу көкірек керек екені даусыз. Сергек қимылмен, ширақ оймен, сезімтал жүрекпен адал еңбек ететін, олардың зерделеріндегі ойларынан түйін алу. Бүгінгі мақсат – айналамыздағы адамдарымызбен қарым-қатынасымыз қандай, олар кімдер, біз кімбіз, өзімізді-өзіміз танимыз ба? деген сұрақтарға жауап іздеп, тұлғаның даму көзқарасын анықтау. Педагог-тәрбиеші қызметін жүрек қалауымен таңдап еңбек етіп жүрген мамандарға, бүгін сіздердің психикалық көңіл-күйлеріңізді көтеруге, өз бойларыңыздағы шығармашылық қабілеттеріңізді бағалай білуге, өз-өзіңізге құрметпен қарауға, бір-біріңізбен сыйластық қарым-қатынаста болуға, стрестен арылуға арналған «Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді» психологиялық тренингке сіздерді ұйымшылдықпен қатысуға шақырамыз. Ендеше сіздерге сәттілік тілей отырып, тренингімізді бастаймыз.
2. «Қадір-қасиет» жаттығуы
Нұсқау: Жаттығу танысу үшін жасалынады. Педагогтар кезекпен аты-жөндерін және есімдеріне қоса өзінің бойындағы қасиетін айтады. Мысалы: Сабырлы – Дария, төзімді – Бибіфатима т.с.с.
Психолог: Өте жақсы, рахмет, енді әрі қарай тренингімізді жалғастырайық.
3. «Айырмашылық пен ұқсастық» жаттығуы
Нұсқау: Қатысушыларға екі — екіден үлестірмелер беріледі. Сонан соң бұл жұптар жан-жаққа тарасады. Оларға 3 — 5 минут уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде жұптар бір-біріне өзі туралы, соның ішінде ең маңызды дегендерін айтады. Жұптардың міндеті бір-бірін тыңдап болғасын біреуі екеуіне ортақ 3 ұқсастықты, ал екіншісі 3 айырмашылықты атайды.
4. «Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді» слайд көрсетілімі
Нұсқау: Өзіңізге кішкентай өзгеріс жасаңыз, сіз өзгерсеңіз, сіздің әлеміңіз де өзгереді. Әр адам өзіне жақсы өзгеріс енгізу, өз қолында екенін естен шығармаңыз. Әрдайым әлеміңізді жақсы жағынан өзгертуге тырысыңыз.
5. «Оның есесіне мен…» жаттығуы
Нұсқау: Барлық педагогтарға аяқталмаған сөйлемдері бар үлестірмелер таратылады. Сөйлемдерді әр қатысушы өз ойымен аяқтайды.
— Мен шаршадым, оның есесіне … .
— Мен жақсы билей алмаймын, оның есесіне …
— Мен көп үндемейтін адаммын, оның есесіне …
— Мен көп ұйықтаймын, бірақ оның есесіне ….
— Мен Алматыда болған жоқпын, оның есесіне …
— Мен өзім туралы көп ойламаймын, оның есесіне …
— Мен тез ашуланғыш адаммын, оның есесіне …
— Мен соншалықты сымбатты емеспін, оның есесіне …
— Мен тым толықпын, оның есесіне …
— Менің аяқтарым ұзын емес, оның есесіне …
— Менің кемшіліктерім көп, оның есесіне …
— Менің жазуым әдемі емес, оның есесіне …
6. Рефлексия. Талдау.
Нұсқау: Түрлі-түсті қағаздан адам мүсінін қолмен қиып жасау. Адам мүсінін қиып болған соң, қағазға бүгінгі тренингтен алған әсерлерін, көңіл-күйлерін, тілектерін жазу, содан соң тақтаға магнитпен жабыстыру.
Психолог: Бәріміз осылай тату болайық! Бір-бірімізді әрқашан сыйлап, құрметтеп жүрейік!
7. Қорытындылау
Психолог сөзі: Құрметті педагог-тәрбиешілер, әріптестер! Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахметімді айта отырып, отбасыларыңызға бақыт нұры шуағын шаша берсін дегім келеді.
Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болып, болашақ ұрпақтарымыз аман болсын!

Ідріс Дария Ерланқызы,
педагог-психолог, «Ғарышкер» балабақшасы
Жетібай ауылы, Қарақия ауданы, Маңғыстау облысы

Share.

Leave A Reply