Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
133 қаралым

Сезім патшалығына саяхат

0

Мақсаты: баланың эмоция және сезім аймағын дамыту.
Қажетті құрал-жабдықтар: саяхат картасы, А4 ақ қағаздар, адамның эмоциялық күйі бейнеленген қиылған суреттер, бояулар, түрлі түсті қағаздар.

Сабақтың барысы:
І. Шаттық шеңбері.
Балалар ортаға жарты шеңбер болып тұрып келесі өлең жолдарын қимылмен көрсетеді.
Арайлап таң атты
Алтын сәуле таратты
Жарқырайды күніміз
Жарқырайды даламыз
Қайырлы таң аналар
Қайырлы таң апайлар
Күн шуағын жинаймын
Достарыма сыйлаймын
Психолог: Сәлеметсіңдер ме балалар? Бүгін маған пошта тасушы хат әкеліп берді. Қане бәріміз бірге көрейікші онда не бар екенін. Қараңдаршы ол біздің балабақшадағы сендердің топтарыңа арналған. Бұл хат Сезім патшалығының патшасы мен патшайымынан екен. Конвертте әдемі ашық хат, қане не жазылғанын оқиықшы балалар.

«Қымбатты балалар!
Сендерді жыл сайынғы Күлкі ханшайымның туған күніне өткізілетін кешке қонаққа шақырамыз.
Ізгі ниетпен: Қиял патша мен Қуаныш патшайым»

Психолог: балалар патша мен патшайымның шақыруын қабыл аламыз ба? Балалар біз сапарға аттану үшін өзімізбен бірге ең керектілерді алуымыз керек. Айтыңдаршы бізге не керек болады деп ойлайсыңдар? Балалар біз Сезім патшалығына бара жатырмызғой сондықтанда өзімізбен заттарды алмаймыз тек эмоция мен сезімдерді жинайық, біз сапарға шығу үшін бізге ең қажетті нәрсе ол батылдық, менің сөзіммен келісесіңдер ме? Балалар тағыда не қажет болады бізге сапар барысында?

Ойын: «Жол сөмкені жинау»
«Жол сөмке»(мазасыздық сезімі жоғары бала) таңдалады, оған басқа қажетті лер (қалған балалар)салынады.
Психолог:
Ал балалар, біз сапарға дайынбыз ба?
Біз күлетін, таң қалатын, ашуланатын,
Көңіл-күй еліне аттанбақпыз
Бұл ғажайып елдің кейіпкерлерімен
Әр сабақ сайын кездесетін боламыз
Бізді алда жаңа досымыздың
Талай қызықты ойындары мен тапсырмалары күтіп тұр
Дайынбыз ба? Ендеше жолға шығамыз
Психолог:
Ал балалар біз енді сендермен бірге Сезім патшалығындамыз, енді қалай қарай жүретінімізді карта көрсетеді. (Картада үйшікке қарай белгі тұрады).
Психолог үйшіктің жанына барып, балалар қараңдаршы мен не тауып алғанымды, бізге арналған хат бар екен.
Психолог хатты ашып оқып, оның Күлкі ханшайымнан екенін, ханшайымның қызықты тапсырмалары бар екенін айтады.
Психолог: балалар ханшайымның бірінші тапсырмасы түрлі эмоцияны көрсететін суреттерді құрастыру екен.

Ойын: «Эмоцияларды жина»
Ойын барысы: эмоцияларды білдіретін қиылған смайлдар жатады, оны балалар алып құрастырады.
Қараңдаршы, балалар картада бізге жол көрсететін тағы бір бағыт пайда болды. Бағыт тәрелкеде тұрған ұнтақ пен оның ішіндегі моншақтарды теретін партаға бағытталады.

Ойын: «Құмды елдегі бұршақтар»
Тапсырма жазылған хатта: Балалар көздерін жұмып отырып ұнтақтың ішінен моншақтарды теріп ыдысқа салуы керек екендігі жазылған.
Бұл тапсырманы да жақсы орындағанымыз қандай жақсы болды балалар. Міне, бізде тағы бір патшалыққа жол көрсететін бағыт пайда болды. Ары қарай жүреміз.
Залдың ортасына парта қойылып үстіне А4 қағаздар тасталады және қасында хат бар.
Психолог: Балалар хатты алып оқиық бізге тағы қандай тапсырмалар бар екен. Хатта былай жазылыпты «Балалар мерекеге сыйлықсыз бара жатырсыңдар ма?»
Сыйлықты балалар өз қолдарыңмен жасаңдар, қолдан жасаған сыйлықтан бағалы сыйлық жоқ.
Психолог: Балалар бағалы сыйлық дегеніміз менің ойымша ол шын көңілден сендердің жасап берген сыйлықтарың деп ойлаймын. Кәнекей бәріміз қандай сыйлық сыйлайтынымызды ойлап оны суретке салып, қиып жабыстырайық. Бірақ біз бұл сыйлықты жай ғана жасамаймыз, шын көңілмен жасаймыз.
Қараңдаршы, балалар, бізде қандай керемет сыйлықтар пайда болды. Менің ойымша ханшайым бұл сыйлықтарды алғанда қатты қуанатын болады.
Балалар сендер жол жүріп шаршамадыңдар ма? Бәріміз кішкене дем алайық. Бәріміз жарты шеңберге тұрайық.

Сергіту сәті: «Демалуды бастаймыз».
Оңға, оңға түзу тұр,
Солға, солға түзу тұр.
Артқа қарай бір адым
Алдыға қарай бір адым
Жоғары төмен қарайық
Орнымызды табайық.
* * *
Сағаттың тіліндей
Иіліп оңға бір,
Сағаттың тіліндей
Иіліп солға бір,
Оң аяқ, сол аяқ
Жаттығу оңай-ақ.
Психолог: Ал балалар демалып болсақ, ары қарай жол жүруіміз керек. Ендігі біздің жолымыз қалай болады екен?
Балалардың алдынан ханшайымның бейнесі пайда болады.
Ханшайым: Сәлеметсіздер ме, балалар? Мен сендерді өзімнің мерекемде көргеніме қуаныштымын.
Психолог: Сәлеметсің бе, ханшайым?
Біз саған бос келген жоқпыз саған біздің әкелген сыйлығымыз бар. Балалар ханшайымға өздерінің сыйлықтарын бере бастайды.
Психолог: Міне балалар біздің сапарымыз өзінің соңына жетті.
Ханшайым: Менің сендерге арнап жазған жарлығым бар, орындауға дайынсыңдар ма?
Жарлық: «Барлық уақытта ешқандай еркеліксіз, ешбір артық қылықсыз қайырымды болыңдар балалар».
Психолог: Бәрімізге қайта өзіміздің балабақшамызға оралу керек, бізге тек қоштасу қалды.
Балалар бірінші ханшайыммен қоштасады, кейін шеңберге тұрып бір-бірінің қолдарын ұстап қоштасып, бүгінгі сапар үшін бір-біріне рақмет айтады.

Нысанова Камшат Мухановна
№30 бөбекжай-балабақша педагог-психологы, Алматы қаласы

Share.

Leave A Reply