Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
46 қаралым

Рақмет, анашым!

0

Серік Махаббат Руфатқызы,

7 «А» сынып оқушысы, Бестоғай ауылы, Бестоғай негізгі мектебі, Ерейментау ауданы, Ақмола облысы

Сагнаева Роза Казбековна, жетекші 


 

Жаннат аналардың аяғының астында

(нақыл сөздер)

«Анаға деген махаббат сенің құндақта жатқан күніңнен-ақ басталады. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес?» деген қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің сөзін оқып отырып, «АНА» дейтін үш алтын әріпті киелі сөздің менің өмірімдегі алатын орны жайлы ой қозғағым келеді.

Ана тақырыбына қалам тартпаған ақын – жазушы, суретші, әнші- композитор жоқ шығар. Әрқайсысы жеке дара аналар бейнесін сомдағанда әр оқырманның жан дүниесін жалындатып шебер көрсете білген.

Бірнеше ғасыр бұрын өткен Абақ, Қарқабат, Ақкелін, Домалақ ананың тағы басқа рулы елге ұран болған аналарымыз болған ғой!

Ғабит Мүсірепов ана тақырыбына көп жазған жазушы. Ана образын ардақтап, бірнеше әңгімелер жазды. Жазушының шығармаларында қазақ өмірінен алынған Қапия, Нағима сықылды аналардың образын кездестіреміз. Баласы үшін өзегі өртеніп, өжет әрекетке баратын ана («Ананың анасы»), өзінің емес, өзгенің баласына арашашы болған Нағима («Ананың арашасы»), өмір үшін, әділеттік үшін қара ниет жауызға пышақ салатын Қапия («Ашынған ана»), ерлігі асқан Ақлима («Ақлима») – мұның бәрі өжет ер, қайсар қаһарман – батыр аналар – адал, ақ жүрек адам анасының ізгі сипаттарын бейнелейтін образдар. Осындай көркем шығармалардағы аналардай өз анам Усенова Жансұлу Қайырқызын Батыр Ана деп ойлаймын. Олай дейтінім, балаларын өмірге әкелуінің өзін батырлық деймін. Анам үйде жанұясына қамқор болып, балаларына тәрбие беріп, олардың болашағын ойлаған сүйікті ана, ал сыртта халықтың балаларын білім нәрімен сусындатқан ұстаз. Анам күш — жігерін, бар білімін аямай жұмсап, жалықпай еңбек ете білуінің арқасында ұжымында да өте сыйлы. Ол өзгенің уақытын аялайтын, өзінің жанын аямайтын жан, абыройы асқақ, білімі берік қашанда еңсесі таудай биік қалпында қалары сөзсіз.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, анам ұстаздықпен қатар заманының үрдісіне сай, қоғамның да белсенді мүшесі. Атап айтсам, кәсіподақ және Нұр Отан партия мүшесі. Жасаған елеулі еңбектері өлшеусіз қалмай түрлі марапаттарға ие болды.

Анамды ел мақтаған, халықтан  бата алған кісі. «Бала жанының бағбаны» атанған аяулы анам – өмірімнің тірегі, үлгі алатын адамым.

Мен анамның жанында жүріп, өзімді әлі де сәбидей, сәби болмаса да, қорғаны бар, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, құнары бар топырақтай, ағашы бар жапырақтай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, күзі бар жаңбырдай, қысы бар қардай, қысқасы, кіршіксіз пәк таза жаны бар адамдай сезінемін. Анамды сыйлаймын, құрметтеймін, еркелеймін. Біздің еркелегімізді көтеретін бұл жалғанда Жан Анадан басқа жан бар ма? Жоқ!!!

Менің анамның адамгершілік қасиетін атап өтсек, халық сыйлаған ұлағатты ұстаз, ауыл арасында да үлкен құрмет иесі, туысқандарының жанашыры. Анам жұмыста қатал талап қоя білетін қатаңдығымен өз ісіне нағыз берілген адам, ал үйде анамның туғаннан жүрегі нәзік, қазақтың бір шаңырағына бес бала әкелген құрметті ана. Балаларының сүйікті анасы, үйіміздің берекесі, әкемнің – серігі, бүлдіршіндерінің – тірегі.

Қазақта бір сөз бар. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаңда, ақ сүтін ақтай алмайсың». Сондықтан анамды ардақтап, сыйлап, көңіліне кірбің түсірмеймін. Анашым, мен саған мәңгілік борыштармын. Ренжітсем, кешірім өтінемін. Осы жарық дүние есігін ашып берген, Анашым, саған мың алғыс! Ұзақ ғұмыр тілеймін! Халықтың саған берген батасы қабыл болғай!

Шығармамды мына сізге арнаған өлең жолдарымен аяқтағым келеді.

Бақытыңа бөлей берші кіл үйді,

Жыр арнаймын бүлкілдетіп көмейді.

Әкем, ұлың менен қыздарың,

Сенің ана, саулығыңды тілейді!

Бұл өлеңді ойламағын – жұбату,

Бұл өлеңім – саған өмір сұрату!

Айналайын арқа сүйер, жан анам,

Менің ойым – тек өзіңді қуанту!

Мен де бүгін гүлдің әдемісін сыйладым,

Өмір бізге салмасыншы салмағын.

Жалғызыңның біреу болмай өмірде,

Көп болғаны білем сенің арманың.

Мен – анамның мәпелеген ботасы,

Кешір мені, болса сөздің қатесі.

«Балаларыңның қызығын көр» деп айтқан,

Үлкендердің қабыл болсын батасы.

Share.

Leave A Reply