Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:

+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

313 қаралым

Педагогтардың әлеуметтік қатер тобындағы оқушылармен жүргізетін түзету және алдын алу жұмыстарындағы оңтайлы ойлау әдістері

0

Педагог пен ата-ана – оқушыларды тәрбиелеудегі әріптестер. Бұл жұмыстың қыры- түбінде білімге деген қызығушылығын ояту болып табылатын оқытудың толыққанды мотивін қалыптастыру, танымдық қабілетін дамыту, тілін дамыту және айналаға көзқарасын байыту, өзін бақылай білуге, іштей жоспар құруға, әлеуметтік-адамгершілік сапасын қалыптастыруға яғни, ұжымда жұмыс жасай білу, көшбасшының жауапкершілігін алу және жолдастық қатынас жағдайларына бағыну, мейірімділік, қамқоршылық, сенімділік, қуану мен уайымдай білуге үйретуге бағытталуы керек. Тәрбие барысында осы жалпы педагогикалық міндеттер шешілуі тиіс.

Мектеп пен отбасының міндеті балалардың жеке қабілеттерін, бейімділіктерін ашуға тиіс. Табиғи сый барлық балада бар. Күрделісі оны ескере біліп, дамуында ақауы бар тәуекел тобы балалардың кемшіліктерін түзетуде қолдана білу. Бейімділік іс-әрекет кезінде ғана байқалады. Сондықтан да балаға іс-әрекеттің кең түрін ұсынған жөн. Мысалы: құрастыру, тігу, сурет салу, ән айту, би билеу т.б. Тәуекел тобының балалары мазмұнды өмірді қажет етеді. Бос кезінде әрқайсысы өзін қызықтырған істерімен айналысқаны дұрыс. Тәртібінің кейбір патологиялық ерекшеліктері іш пысудың нәтижесі болуы мүмкін.
Бірге кітап оқу, кинофильмдерді, телехабарларды, спектакльдер көру, мәдени орындарға бару бірін-бірі толықтырып отырады. Бала ата-анамен үнемі әңгімелесіп отыруы керек, сонда ғана балада тіл мәдениеті мен ойлау қабілеті қалыптасады.

Театр, мұражайларға бару, қала мәдени орындарына саяхат жасау, ескерткіштермен танысу баланың танымына, эстетикалық дамуына әсер етеді. Осы жағдайлардың барлығын бала отбасында көріп өсуі тиіс.
Бірақ ата-аналардың осы мүмкіндіктерді дұрыс қолданбауының себептерінен бала тек қана мұндай көңіл бөлушілікті мектепте мұғалім, тәрбиешілерінен көріп, жылулықты солардан алады. Сол себепті ата-аналармен де тәрбие жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Даму мүмкіншілігі шектеулі балалардың денсаулығымен қатар отбасындағы ата-анасының жауапсыздығы оларға қосымша дерт болып жабысып, балада даму процесінің орнына кері қарай құлдырау келеңсіздігі орын алады. Ол мінез-құлқындағы ашушаңдық, тіл табыспаушылық, тез жанжалдасу, аяушылық сезімнің жоқтығы. Сол себепті бала ұжымда өз орнын таппай, шеттеліп, құқық бұзушылыққа тез бой алдырады.

Мектеп қабырғасында мұндай отбасылармен, оқушылармен арнайы мамандар, педагогтар жұмыс жасап, ауытқуларды түзету бойынша әдіс-тәсілдерді қолданады. Бірақ, әрдайым нәтижесін бере бермейді. Себебі, оқушылардың көпшілігі әлеуметтік жағдайлары төмен және ішкі отбасылық жағдайлары бұзылған отбасынан.

Тұрмыстық жағдайы нашар отбасылармен жұмысты ұйымдастыруда «әлеуметтік қатерлі жағдайға тап болған отбасы» деген түсінікті анықтай білу керек. Бұл терминді 3 аспектіге бөліп қарастыруға болады.
Медициналық. Отбасы мүшелерінде отбасын толыққанды қалыптастыруға кедергі жасайтын айқын көрінетін аурулар немесе медициналық-биологиялық ауытқулардың болуы.
Әлеуметтік-әкімшіліктік. Отбасының жағдайы өмір сүру мен баланың дамуына аз жарамды немесе жарамсыз деңгейде деп танылған.

Психологиялық-педагогикалық. Отбасы ішілік және сыртқы әлеуметтік байланыстардың бұзылуы отбасы мүшелерінің жеке тұлғалық ыдырауына әкеліп соқтырады. Осындай себептермен, түзету мен оңтайландыру технологияларын іске асыруды қажет ететін, проблемалы отбасылармен жұмыс жүргізіледі.
Осындай әлеуметтік тәуекел тобындағы отбасылардан өз іс-әрекетіне баға бере алмайтын аурушаң, өмірге ренішті, айналадағы қоршаған ортаға қызығушылығы жоқ «тәуекел тобының» балалары тәрбиеленіп өседі.
Тұрмыстық жағдайы нашар отбасы және олардың балаларымен жұмыс барысында алдын алу мен түзету жұмыстарының әдістерін анықтап қолдану керек.
Мысалы:
1. Отбасымен.
— отбасы мүшелерінің арасындағы өзара қарым-қатынасын бақылау;
— отбасы мүшелерін тиісті мамандармен байланыстыру;
— осындай отбасына қатысы бар барлық адамдармен байланысын жақсартуға көмектесу.
2. Білімділік, жұмыспен қамту:
— жұмыспен қамтумен көмектесу;
— білім мекемесі жағдайында балаларымен байланыстарын қалыптастыруға көмектесу.
3. Мінез-құлқы:
— мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды талқылау, жағымсыз нәрселерді жасауға итермелейтін әрекеттерді шешуге көмектесу.
4. Денсаулық:
— денсаулығын жақсартуға көмектесу;
— ем алуды ұйымдастыруға көмектесу;
— салауатты өмірге деген қызығушылыққа қолдау көрсету.
5. Жеке тұлғалық даму:
— ата-ананың, баланың жеке тұлғалық жағымды сапасын дамыту;
— жұмысқа, сабаққа, проблемаларды шешуге деген жағымды мотивацияларын қалыптастыру.
6. Келешекке жоспар:
— туындағын жұмыстар бойынша үнемі жоспарлау;
— атқарылған жұмыстың тиімділігін анықтау;
— отбасымен үнемі кездесулер жасау.

Оқушылар қандай отбасынан шықса да, барлық баламен жұмыс бірдей. Қиын тәрбиеленетін балалар, ажырасқан отбасынан да, жақсы қалыптасқан отбасынан да, білімділер отбасынан да шығып жатады. Оның бәрі баланың ата-ана, отбасы тарапынан шыққан келеңсіз жағдайлар мен баланың назардан тыс қалуынан. Кейбір ата-ана маскүнемділікке салынса, кейбірі отбасындағы материалдық жағдайдың жоқтығынан, кейбірі жұмысбастылықпен бала қараусыз өз-өзіне берілгендіктен болатын жағдайлар.

Чоканова Г.М.,
Талдықорған қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға
арналған арнайы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы

Share.

Leave A Reply