Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

387 қаралым

Оқушының білім алу сипатындағы ақпаратты қабылдау арнасының және игеру ерекшелігінің рөлі

0

Мектептегі білім алу үрдісі бұл – оқушының ұсынылған ақпаратты қабылдау және игеру процесі. Ақпаратты қабылдау және өңдеу сипаттамасына байланысты адамдарды төрт санатқа бөлуге болады:

Визуал — ақпартты көру арқылы жете қабылдайтын адамдар. Оларды оқыту стилі визуалды.

Аудиал — ақпаратты есту арқылы жете қабылдайтын адамдар. Оларды оқыту стилі аудиал.

Кинестетик — ақпаратты сезім (және т.б. иісі, сенсорлық,) арқылы мен қозғалыстардың көмегімен қабылдайтын адамдар; Оларды оқыту стилі кинестетикалық яғни ұстап немесе сипап сезу, қимыл-қозғалысты.

Дискрет (дигитал) — олар ақпаратты сандар, символдар, логикалық дәлелдерді пайдаланып, логикалық түсіну негізінде қабылдайды; Ақпараттың мазмұнына, мағынасына, қызметіне мән береді. Сөйлеу барысында «зерттелгендей», «қисынды», «білемін», «қызық» деген фразаларды көп қолданады. Бұл санаттағы адамдар өте сирек кездеседі. (әсіресе бастауыш, орта буындарда байқала бермейді).

Баланың ақпаратты қабылдау және өңдеу сипаты мұғалімге не үшін қажет? Сабақ барысында мұғалім қабылдауы мүмкін арналарды пайдалана отырып, балаларға ақпарат бере алады: көру, есту және кинестетикалық арналарын ескеріп жаңа материалды меңгеруге мүмкіндік жасайды.

Мұғалім оқушының санатын жақсы білетін болса, ол онымен қарым-қатынас жасауы да оңай болады. Көп мәселелер түсінікті бола бастайды: яғни оқушының іс-әрекет тәртібі, ескерту мен мадақтауды қалай қолданатындығы жөнінде мұғалім өз дағдысын қалыптастыра алады. Жалпы бұл типтік еркшеліктерді нақты анықтайтын әдістеме жете қарастырылмаған. Сондықтан бұл санаттарды анықтауда мұғалімнің оқушы іс-әрекетін, сөздік –вербалдық ойлауын бақылау көмектеседі.

Қабылдау және ақпаратты өңдеу ерекшелігі бойынша бақылау кезінде оқушыларды қалай тануға болатындығы жөнінде қысқаша нұсқау:

Міндетті түрде неге назар аудару қажет?

Сөздік қорына мән беріңіз:
Визуалдар сөздік қорында зат есімдік, сын есімдік және етістікті сөйлемдерді байланыстырады (көріп кеткеніміздей, бақылап көргендей, бірінші көргенде, көріп тұрғандай, қараңыздар т.с.с.). Визуалдар сөйлегенде жестерді көп пайдаланады. Ойы мен сезімін суреттеп сипаттау арқылы жеткізеді. Тапсырма берген кезде көзін жоғарыға бағыттап немесе жұмып елестетуге бейім болады. Көптен көрмеген адамды түріне қарап бірден тани алады.

Аудиалдар есту арқылы қабылдау сөздерін қолданады. (дауысқа мән берейік, тыңдаңыздар, талқылайық, дауыстарың кедергі жасап жатыр, ұсыныз айтайық, тыныш отырыңдаршы, қатты дауыс естілді, жағымды дыбыс шығып жатыр т.с.с.) аудиалдар жаңа танысқан адамның түрін ұмытып қалады, дегенмен дауысын естігенде есіне түсіре алады. Аудиалдар сөйлегенде эмоциялық бояулар айқын байқалады.

Кинестетиктер негізінен сезім немесе қозғалысын сипаттау сөздерін қамтиды: (ұстап көрейікші, жұмсақ, жылы, құшақтасам бола ма, сеземін, ойын сезіп тұрмын, жағымды иіс т.с.с.). кинестетиктер өз ойын іс-әрекеттегі сезімімен немесе физикалық сезінумен байланыстырады. Кинестетиктерге адамдарды қарым-қатынастағы сезімдері бойынша есте сақтайды.

Зейін ерекшеліктері:
Аудиалдар дыбыстарға, дауысқа тез алаңдайды. Әңгімелесушімен арақашықтықты қалыпты жақынырақ ұстап тек диалогқа түсушінің көзіне тіке қарап сөзіне, әңгімесіне ғана мән береді. Адаммен жанасудан қорғанады. Өте көп сөйлеп кетеді, кейде мағынасы жоқ сұрақтар қояды.

Визуалдарға шу мүлдем әсер етпейді. Бұл адамдар қарым-қатынаста арақашықтығын алысырақ ұстайды. Өйткені әңгімелесушінің тек сөзіне емес сырт келбетіне, киіміне, бет әлпетіндегі өзгерістерге де мән береді. Адаммен жанасуды ұнатпайды. Әңгімелесушіден төмен рөлді ұстанбауға тырысады.

Ал кинестетиктердің зейінін шоғырландыру өте қиын, сондықтан олардың назарына кез-келген нәрсе кедергі жасайды. Кинестетиктер адамдармен өзара диалогқа түскенде әңгімелесуші адамның көңіл-күйіне мән бере отырып, адамға денелік жанасуды, ұстап тұруды, құшақтап тұруды қалайды. Стресстік жағдайлардан бар кінәны өзіне жүктеу арқылы шығады.

Оқушы көзінің бағытын бақылаңыз:
Сұрақ қойғанда, жауап бергенде, сөйлегенде немесе оқушы ойланғанда визуалдардың көзі жоғары қарайды. Аудиалдардың көзі тіке ортаға немес екі құлаққа бағытталады. Ал кинестетиктердің көзі төменге қарай бағытталады.

Жады ерекшеліктері
Визуалдар көргенін есте жақсы суреттік образдар арқылы сақтайды.
Аудиалдар талданған мәліметті есту арқылы есте жақсы сақтайды.
Кинестетик жалпы әсер мен сезімді, қозғалысты есінде жақсы сақтайды.

Ал мұғалімдер қаншалықты өзінің күнделікті қызметінде оқушылардың әр түрлі есте сақтауға мүмкіндіктерін бақылай алады. Мысалы үй тапсырмасын бергенде визуалдар дәптерге немесе күнделікке жазып алады, немесе суретке түсіріп алады. Ал аудиалдар тындап алады, сынып шуы кедергі жасап дұрыс естімегенде жағдайда жеке келіп сұрайды немесе сыныптасынан сұрайды. Ал кинестетиктер сөмкесінен кітапты алып, тапсырма берілген бетті ашып, белгілеп, нақтылап белгі қояды.

Оқушыны үзілісте қалай бақылауға болады?

Визуалдар сыныпта қалып оңаша тыныш ортада өзінің көрнекі -образдық қабілетін тыныштандырады. Болмаса дәлізге шығып сырттай бақылағанды немесе қабырғаға жабыстырылған стенд, хабарламаларды қарайды.
Аудиалдар үзілісте басқа оқушылармен әңгімелесуге, ой бөлісуге талпынады.
Ал кинестетиктер үзілісті қозғалысқа, сергітуге бағыттайды.

Мамандардың айтуынша:
Визуалдардан тапсырманы жылдам орындап шешуін талап ету қажет;
Аудиалдардан естіген материалды дер кезінде қайталап айтқызу керек;
Ал кинестетиктерге ерекше қарым-қатынас қажет етеді. Сондықтан мұғалім тарапынан ұзақ уақыт күту пен шыдамдылық қажет.

Сабақ кезінде немесе үй тапсырмасын орындау кезінде мұғалім ескерілу қажет:
Визуалдар айналасында жүзеге асып жатқан құбылыстарға терең үңіліп, ақпаратты көздері арқылы қабылдайды. Олар көз алдына бейнені елестетіп, оны сипаттап бере алады. Әңгімені де жақсы айтады. Визуалды жүйенің арқасында шексіз армандап, жаңа дүниелерді ойлап табуға бейім. Олар барлығын да өте жақсы ұйымдастырады. Визуалдарға материалды түсіндіру немесе бекіту үшін сурет, графика, кесте т.б. ұсынған абзал. Осылайша ақпаратты жылдам әрі жақсы түсінеді және ұзақ мерзімге есте сақтайды.

Аудиалдар ақпаратты есту мүшесі арқылы қабылдайтындығын ескеру барысында мұғалімнің баяндауы, дауыс екпіні мен ырғағы үйлесімді болу керек. Және оқушыға тапсырманы орындағанда оқып отырып сырттай жай дауыспен оқу керек. Яғни бала өз дауысын естіп отыру қажет. Олардың есте сақтау қабілеті мен есту мүмкіндігі өте жақсы дамығандықтан айтып берген ақпаратты немесе ауызша оқыған мәліметті сөзбе сөз қайталап беру мүмкіндігі бар.

Кинестетиктер қоршаған ортаны ерекше сезініп, ақпаратты қимыл-қозғалыс, ұстап көру, және баяндаушының жест, мимикасы арқылы қабылдайды. Сондықтан мұндай оқушыларды мұғалім басты назар аударып үнемі мән беріп отырса олардың ақпартты игеру мүмкіндігі де жоғарылайды. (иығынан ұстау, арқасынан қағу, басынан сипалау т.б.).

Жалпы адамдар ақпаратты қабылдау және игеру процесі бір жақты тума қасиет деп айтуға болмайды. Яғни ақпараттарды қабылдау мен игеру жас ерекшелік сипатымен де анықталады. Айтарлық мектеп жасына дейінгі балалар әр затты, процесті танып білуде ұстап көру, дәмін тату сияқты әдістерді пайдаланады, яғни кинестетикалық түйсікке жүгінеді деген сөз. Ал мектеп жасындағы оқушылар үшін ақпаратты қабылдау мен игеру каналдарында есту және көру түйсіктерінің рөлі күшейеді. Сондықтан әр мұғалім баланың қабылдау ерекшелігін зерделеп, мінездемелік қасиеттерін ескере отырып білім берсе оқушының білімді игеру нәтижелілігіне қол жеткізеді. Және ескеру қажет, арнайы меңгерткіңіз келген мәлімет келесі қасиеттерді қамту керек: дәл, толық, құнды, анық және өзекті. Кез-келген ақпарат оқушы қабылдауы басым арнаны пайдалана отырып, жаңа материалды меңгеруге мүмкіндік алады. Сондықтан психологтармен қатар педагогтар да оқушының ақпаратты қабылдау және өңдеу сипатын ескере отырып, төмендегі кеңестерді білгені және оқушыға ұсынғаны жөн:

Визуалдарға кеңес:
Көрнекі құралдарды пайдалану арқылы оқыңыз. (кітап, видео, графика, сурет т.б.)
Оқуды бастамас бұрын практикалық мақсатынды жазып алыңыз, ол сіздің зейініңізді шоғырландыруға көмектеседі.
Егер сізге сөз тіркесін жаттау барысында стикерге жазып үйдің көрнекі жерлеріне жабыстырып қойыңыз. (үстелге, айнаға, шкафқа т.б) немесе сіз кез-келген жерде алып жүруге болатын үлестірмені жасау (блокнот, телефонда сақтау).

Егер сабақ барысында, сөздерді түсіну немесе есте сақтай алмасаңыз мұғалімнен жазып беруді сұраңыз не өзіңіз жазып алыңыз. Дәл осы сәтте көп адамдар сабақты түсіну барысындағы өзі қатесін байқайды және ол өзін түзетуге мүмкіндік алады.
Көптеген визуалдар жеке сабақ оқығанды ұнатады. Сондықтан үй тапсырмасын орындауда басқалардың кедергі жасамайтындай орнын қамтамасыз ету қажет;

Өзіңізге міндетті түрде дәптер немесе компьютерде түрлі файлдар арнаңыз. Онда өтілген сабақ бойынша ақпараттарды жазыңыз және маңызды ақпарттарды түрлі-түсті етіп бөлектеп көрсетіңіз; (маркер , түрлі-түсті стикер қолданыңыз).

Әдетте визуалдар тыныштықта оқығанды жақсы көреді, өйткені тыныштық олардың зейінін жақсы жұмылдыруға мүмкіндік береді. Егер тыныш Фондық музыканы ұнатсаңыз, ол да кері әсер етпейді.

Субтитрмен фильмдерді, презентациялырды қараңыз.
Визуалдар үшін материалды жақсы есте сақтау – фразаларды және сөйлемдерді жазып алу (әрқашан контексте сөздер үйрену) өзі арқылы материалды өткізу, қайталау, түсіну жақсы көмектеседі.

Сонымен бірге тақтада жазылып жатқан мәліметке баса назар аударыңыз, маңызды бөлігін жазып алуға тырысыңыз (мұғалім талап етпесе де).
Сабақ түсіндіріліп жатқан кезде тек мұғалімге қараңыз, ол сіздің зейініңіздің шоғырлануын қамтамасыз етеді.

Меңгерілген материалдың көз алдыңызда образын жасауға тырысыңыз. (мысалы есте сақтауға міндетті сөздің образы, жағдаят немесе факт сипаты).
Өзіндік сөйлеуді, диалогты жаттықтыруда міндетті түрде айнаны пайдаланыңыз. Берілген тапсырманы айна алдында рөлге ене отырып орындап, образдық бейнесін жасауға тырысыңыз.

Аудиалдарға кеңес:
Егер сіз аудиал болсаңыз өзіңіздің мықты жағыңызды қолданыңыз: тыңдау немесе сөйлеу (талқылау, дәріс, аудио тыңдалым, рөлдік ойындар).
Материалды игеруде (сызба, сурет, графика, карта т.б) өзіңізге өте маңызды нәрселерге қорытынды айтыңыз. Егер басқа тілде текст немесе кітап оқығанда дауыстап оқыңыз.
Міндетті түрде есте сақтауға тиіс мәлімет туралы басқаға айтып беріңіз. Teach to learn яғни «егер жаттағың келсе өзгені үйрет» әдісін қолданыңыз.
Есте сақтауға тиіс материалды үлестірмеге жазып алып, уақыт өте келе дауыстап қайталап оқи беріңіз.

Сізге меңгеріліп жатқан білім туралы басқамен бірігіп сөйлесу, талқылау арқылы оқыған тиімді, өйткені ол сізге ақпарат алмасуға және қабылдауға мүмкіндік береді.
Кез-келген жағдайда оқуды бастамас бұрын мақсатыңызды дауыстап айтыңыз. Бұл сіздің қандай әрекеттерді орындауға зейініңізді шоғырландыруға көмектеседі.
Таңдалған сөзді меңгеру үшін онлайн сөздік қолданыңыз және айтылған сөзді бірнеше рет қайталаңыз.

Интернет желісінде жұмыс жасау барысында кез-келген сайтта мәтінді белгілеп алып батырманы басқан кезде диктор сол мәтінді ауызша айтып беретіндей браузерде бағдарламаларды қолданыңыз.

Кинестетиктерге кеңес:
Кинестетиктерге көп қимыл-қозғалыс керек. Кез-келген материалды жаттауда бөлмеде жүріп-жүріп қайталаңыз, есте сақтауға тырысыңыз.
Музыкалық фон пайдаланып көріңіз. (баяу, классикалық музыка)
Сабаққа дайындалатын орныңызды жасаңыз, мысалы үстеліңіздің үстіне жақсы көретін түсіңізбен ыңғайластыру, түрлі әдемі кеңсе тауарларын алыңыз және басқа да декор элементтерін қолданыңыз. Бөлмедегі бұл безендіру сіздің зейініңіздің шоғырлануына және жұмысқа ынталы әрекетіңізге көмектеседі.

Егер сабақ үстінде немесе үй жұмысын орындауда салмақты отыру қиындық келтірсе аяқ-қолыңызға, саусақтарыңызға, буын-білектеріңізге жаттығу жасаңыз.
Егер сөзді, күнді, жылды, есімді, санды, формуланы т.б. есте сақтау керек болса көзіңізді жұмыңыз және ауада немесе кез-келген кеңістікте (жоғары, төмен т.б.) бұл ақпаратты жазыңыз. Және жазып жатқан элементті ойша көріп, естуге тырысыңыз. Егер қажет ақпаратты еске түсіргіңіз келсе, көзіңізді жұмыңыз, оқыған материалды ойша көріп, естуге тырысыңыз.

Үйде кез-келген материалды меңгеруде үнемі үстелде отырмаңыз. Сәкіге, креслоға, диванға немесе еденде ыңғайлы отырып жұмыс жасаңыз.
Оқып жатқанда үзіліс жасаңыз немесе кез-келген белсенді әрекет жасаңыз: 25-30 минут жұмыс, 1-5 минут үзіліс.

Кітапты оқып отырғанда үстелге қоймаңыз, ұстап отырып оқыңыз.
Оқып жатқанда бағыттаушы ретінде қолыңызды немесе саусағыңызды қолданыңыз және ілесіп отырыңыз;
Материалды жаттауда негізгі ойды өз сөзіңмен жазып алуға тырысыңыз (яғни басты идеясын).
Телефоныңызға немесе mp3 плейерға түрлі диалогтарды, аудиокітаптарды жазып алыңыз және серуендеу кезінде, жүгіру кезінде, спортпен айналысқанда тыңдаңыз.

Қаражанова Жанат Баймаханқызы
Қызылорда қаласы химия-биология бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектеп педагог-психологы

Share.

Leave A Reply