Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
212 қаралым

«Отбасында қатігездікке жол жоқ» семинар — тренингі

0

«Мейірімділікті анадан, Әдептілікті данадан үйрен» 

Халық нақылы

Бағдарламада:
I. Ата-аналармен, мұғалімдермен «Сәлемдесу рәсімі» тренинг
II. Топқа бөлу
III. Баяндама: «Отбасында қатігездікке жол жоқ»
IV. Жағдаят шешу
V. Мадақтау-жазалау
VI. Сиқырлы жүрек ой түйін
VII. «Жанұя бақыты» модулін құру
VIII. Қорытынды

I. Сәлемдесу рәсімі
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әлем елдерінде сәлемдесу рәсімдері әр түрлі. Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді. Назарларыңызға әлемдегі ең қызықты сәлемдесу рәсімдерін ұсынамыз.

Жапония. Жапон халқы сәлемдесу рәсіміне аса ән береді. Бір-бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек.

Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі «коутоу» деп аталады. Сәлемдескен кезде қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі «ваньфу» деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады.

Филиппин елінде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктерге байланысты әрқилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кезде ол басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де «мано по» деп айтады. «Мано» — қол, «по» — құрмет деген мағына береді.

Кения. Кенияға сапар шеккен жандар масаи тайпасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі «адаму» деп аталады, яғни «секіру биі». Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.

Қазақ халқы құшағымыз кең қонақ жай халықпыз. Құшақтасып, төс қағыстырып амандасады.
Қай кезде болмасын, қай жерде болмасын сәлеміміз түзу болсын!
Тренингке қатысқандарыңызға рахмет.

II. Топқа бөлу. Қазір сіздерге түрлі түсті гүл шоқтарын ұсынамын. Өздерңізге ұнаған гүлді таңдап алуларыңызды сұраймын. Ата-аналар өздері таңдап алған гүлдің түстері бойынша топтасып отырады. Таңдаған түстері туралы мағұлмат беріледі. (Қызыл түс — өте ерекше сұрақты көп қоятын, ойларын еркін жеткізе білетін белсенді адамдар. Бұл топ «Мейірім» тобы. Сары түс — оптимизм. Бейбітшілікпен шешуді жақтайтын, ақ жарқын адамдар. Бұл топ «Қуаныш» тобы)

III. Баяндама: «Отбасында қатігездікке жол жоқ»
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»деген дана сөз бар. «Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болуы керек» деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқталған. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білсек, ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы, жақсы ана отбасына береке әкеліп жанұясын бақытқа бөлейді.

Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. «Бала – адамның бауыр еті» деген сөз бар. Сондықтан қай ата-ана болмасын баласының білімді, парасатты, мәдениетті, тәртіпті, әдепті болуын қалайды. «Бала – өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі» деп ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Жанған отын сөндірмей түтінін түтететін артына ұрпақ қалдыруды көздеген.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! «Отан отбасынан басталады» демекші ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату — кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге ата-аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ алар асуымыздың биік болары сөзсіз.

Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді? Баласын қалай тәрбиелейді? Ата-ананың бақыты неде? Отбасында қатігездік бар ма? Баласы ата-анасын қалай бақытты етпек? Міне, осы тұрғыда сөз қозғалатын.

«Қатыгездік – адам мінез-құлқындағы жағымсыз іс-әрекет» дейді ғылым. Кеңірек тәпсіріне үңілсек, жеке адамдар немесе адамдар тобына қастандық, қиянат, зорлық-зомбылық жасауды білдіреді. Қатыгездік ұғымы термин ретінде құқықтану мен криминологияда көп жағдайда жан-жануарлар мен балаларға қатысты қолданылады.

Ол – әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде белгілі бір мәдениеттерде тыйым салынған жолдармен тірі жан иелеріне қарсы жүргізілетін іс-әрекеттер тізбегі. Сондықтан да барлық елдердің қылмыстық кодекстерінде кісі өлімі жасалмас бұрын ауыр дене жарақаттары және рухани азаптаулар орын алған болса, оған жай кісі өлімдерінен айырмасы бар арнайы баптар бекітілген. Бірақ оның мағынасының одан да кең екені даусыз. Оған дәйектер айтпай-ақ жеткілікті, күнделікті көріп те жүрміз.

«Қоғам» деп аталатын алып жүйедегі трагикомедия барған сайын шиыршықталуда. Ал оның ішкі сыртқы бұтақтары мен арналарында қандай азалы сценарийлер ойналып жатқаны бір Аллаға ғана мәлім. Ақпараттық заманның арқасында ондай-ондай сұмдық жаңалықтарға тойып, кекірік атып отырған жайымыз бар. «Атып кетіпті», «шауып кетіпті», «ұрыпты», «сабапты», «зорлапты», «тонапты» – айта берсең, таусылмайды. Әйткенмен, осының бәрін естіп, біліп, көріп отырғанымызды «коммуникациялық технологияның кесірі» деп қатқыл сөйлеуге де итермелейді.

Өйткені осының бәріне етіміз үйренді. Үйретті. Құлағымыз дағдыланды. Көзімізге үйреншікті жағдайға айналды. Селт етпейтін болдық қой. Жүрек құрғыр да толассыз апатиялық ақпарларға қарсы иммунитет қалыптастырып алды. Кішкентай бүлдіршіндерге зорлық жасайтын педофилдердің өзі жаңалық, масқарашылық болмай қалды қазір. Қалыпты жағдайдай қабылданады. Анасын өлтіріп, жертөлеге көміп тастаған қанішердің сюжетін жаңалықтар қызметі қанша айналдырса да, «сұмдық-ай» деген бастамашыл топтарды көрмедік.

Яки «диірменде туған тышқан тарсылыңнан қорықпайдының» кері ме? Осыдан келіп немқұрайдылық, немқұрайдылықтан – немкеттілік, немкеттіліктен – бәрібірсіну, одан қатыгездік шығып тұр. Шәкәрім қажы айтып кеткен «бірінен-бірі туады, жоғалар, сөйтіп адамдықтың» демекші, хабарлардың ішінде жантүршігерлік оқиғалар қаншама?!
Балғындығын сақта баланың! Бәрі де балалық шақтан бастау алады. Негізі қалай қаланды, қабырға да солай кетеді. Философтарша айтсақ, бала санасындағы жаншылған көбелек кейін ғаламат құбыжық салдарға соқтырмай қоймайды.

Ғалымдардың зерттеуінше, қылмыскерлердің 80 пайызы – балалық шағында зорлық құрбаны болғандар. «Балаға деген қатал қарым-қатынас оның психикасына ауыр жарақат салып, келешегін тұмшалайды» деседі.

Балабақша, мектеп – бәрі жақсы ғой. Алайда балаға ата-ананың махаббаты, аялы алақаны керек. Соңғы кездері, әсіресе нарыққа байланысты қалыптасқан өмірлік адами-моральдық қарым-қатынастардың күрделенуіне орай, жасөспірімдер мен балалардың да тәрбиесі қиындай түсті. Сөйтіп, қоғамымызда «қиын бала» және «қиын ата-ана» деген ұғым-түсінік қалыптасты. Осы түйткілді шешу кезек күттірмейді.

Болмашы қылықтары үшін жазалау, «таз ашуын тырнаудан» – яғни бөбегінен алу, отбасында қаталдық климатын орнату оң емес. Бұлар бала санасының деформациясына себеп болады. Біз көбіне балалардың өз ашуын жан-жануарлардан, құстардан алатынына куә болып жүрміз. Бірақ мән бермейміз. Былай қарағанда ойын көрінгенімен, ол үлкендердің өзіне жасаған зорлығын қайталап қана отыр. Сондықтан да 5-6 жасында торғай балапандарының басын жұлып, көгершіндерді мысық, итке тастайтын балалардың болашағынан қорқу керек.

Шұғыл түрде сол баланың сана саулығымен айналысқан абзал. Көрнекті ғалым Жерар Бернарден: «Жануарларға қатыгездік жасау – адамдарға да дәл солай жасау жолындағы алғашқы тәжірибе», – депті. Сөзінің жаны бар. Бұған, бір жағынан, «менікін қаласаң, ал» деп ұрандатқан теледидар мен ғаламторды қосыңыз. Ондағы қатыгездікті насихаттайтын өнімдер ағыны қауіп ойлатады. Адастырушы арналар мен ібіліс иектеген сайттардың гипнозына түскен қаншама баланың ертеңіне бейсаналық деңгейде балта шабылып жатыр десеңізші!

Қазіргі заман ойшылы Антоний Ходоровский «ну орманда жақсы қасқырға кезіккен абзал ма, әлде қатыгез қоянға ма» деп сұрау тастапты. «Қасқырдың жайсаңы, қоянның қатыгезі болушы ма еді» деп өре түрегелерсіз. Алайда мұны сөздік экспрессия, символдық эпитет деп түсінген ләзім. Не десе де, бұл – оның аллегория арқылы қатыгездік дейтін әрекеттің қорқақтық пен әлсіздіктен, қорқыныштан күш алатынын астарлағаны.

Психолог ғалымдар қатал адамдардың психологиялық ауытқушылығы болатынын атап өтеді. Онда да ол психикалық жарақаттардан, өзгелердің оларға деген қатыгез қарым-қатынасынан туындайтын көрінеді. Қазақ ертегісіндегі қоянның «бәрі маған тиісе береді, суға батып өлем» деп, өзенге ұмсынатыны бар емес пе? Бірақ су жағасында өзінен үріккен қойларды көріп, «менен де қорқатындар бар екен» деп, бағытынан қайтатыны болушы еді ғой. Сол сияқты тәсіл бұл. Бұрынғы-соңғы ойшылдардың да дені қатыгездікке «қорқақтықтың анасы» деп бір ғана сөзбен анықтама беріпті. Шындап келсек, қаша-қаша «жауыз» болған, қамыстан «өліп- тірілген» ондай мінездің әрқайсысымызда болуы кәдік. Тірлік кешу қиын, айнала толған әділетсіздік болса да, адами бейнені жоғалтпау – парыз. Ендеше, ыңғайсыз сұраққа бәрінен де оңды жауапты өмірдің өзі беретінін ұмытпайық. Өйткені тіршіліктің өзі – таразы.

Қатігездік пен сенімнің күйреуі – соғыс психологиясынан, адамның адамға жасаған айуандығынан бастау алады. Мейірімділік — адамның бет әлпетінен, іс-әрекетінен көрініп тұратын шынайы қасиет. Сондықтан кімде-кім басқа адамның ақыл — ойы, мүдде — тілегін дұрыс сезініп, оған шамасы келгенше көмектессе, сол адамды демеп-жебесе ол мейірімділікке жатады.

«Жақсы отбасында жазалау деген атымен болмайды және бұл – отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы» деп ұлы педагог А.С.Макаренко айтқандай балаларға түсіністікпен қарап, балалықпен жасаған қылықтарын дер кезінде ескертіп, қорытынды шығарып отыру керек.

Ұлы Жазушы Лев Толстой «Әлемде болып жатқан қатыгездік, мейірімсіздік қайдан болады деген сұраққа жауап іздеумен болдым, көп іздендім, көп жүрдім, көп оқыдым, ақырында осының түп-тамыры – имансыздықта деген тұжырымға келдім» деген, қандай көрегендікпен айтылған сөз. Имандылық – ол адамгершілік қасиет, адамда иман болу керек. Иманды адам адамгершілігі мол адам деп есептелінеді.Осы жерде мен ата-аналарға мынадай кеңес айтқым келіп тұр.

Егер балам қатыгез, қайырымсыз, өзімшіл болып өспесін десеңіз, бала тәрбиесінде мына қателіктерге жол бермеңіздер.
1. Балаларды орынсыз еркелету.
2. «Не істесең оны істе,маған бәрібір» деп айту.
3. Аса қаталдық, яғни «Мен не айтсам, соны орындауың керек,өйткені мен сенің ата-анаңмын»деп айту.
4. Егер сен мен қалағандай болмасаң,мен сені жақсы көрмеймін деп айту.
5. Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ»- деп айту.
6. Балаңызды баршылыққа баулымау.
7. Балаңыздың ісіне, көңіл-күйіңізге қарап баға беру, яғни көңіл-күйің нашар болса, оның қуанышына ортақтаспау, әңгімесіне құлақ аспау т.с.с.

Міне, құрметті ата-аналар, бала тәрбиесінде осы қателіктерге жол бермесеңіз ғана балаңыздың саналы азамат болып өсіп, сізді бақытқа кенелтері сөзсіз.
«Ата-ананың ақылы қазулы қара жолмен тең» деп Д.Бабатайұлы айтпақшы ата-ана баласының түйсігіне қандай із салса,бала сол жолмен жүре беретіні белгілі.

IV. Жағдаят шешу
Жағдаяттар:
1- Ата-анасы ішімдікке салынған. Үйінде өмір сүруге жағдай жоқ, қара нан мен қара шайдың өзі сирек кездеседі. Осы жасөспірімге қалай көмектесер едіңдер?
2- Ата-анасынан айырылған. Отбасында жетекшілері жоқ. Өмір сүрудің жолын білмейтін жасөспірім.
3- Тірлігі басқалардан төмен. Жұртпен бірдей киініп, ойнап күле алмайды. Достарымен бірге жүрмейді. Осыны өзінің кемшілігі деп санайды. Досы жоқ жалғыз қалған жасөспірім.
4- Әкесінің жеке тікұшағы бар. Ол бизнесмен. Шылқыған бай. Ол жасөспірімде бәрі бар. Бірақ, өзін бақытсыз сезінеді. Достары да аз, ата-ананың жылулығы жоқ. Бұл байлықтан шаршаған. Қандай кеңес берер едіңдер?

V. Мадақтау-жазалау жаттығуы
Мақсаты: Ата -ананың балаға деген көңіл бөлуін байқау.
Барысы: Қағазды екіге бөліп, бір жағына баланы мақтау кезінде қолданылатын сөздерді,
ал екінші жағына, сөгіс жариялау кезінде қолданылатын сөздерді жазыңыз.
Қай бөлікте сөздердің көп болғандығы жайында сараптама жасалып, ата-аналарға қорытынды жасау ұсынылады.

VI. Ой — түйін: «Сиқырлы жүрек»
Нұсқау: Бала тәрбиелеудегі жүрек жылуын алдарыңыздағы жүрек қағаздарға жазылу ұсынылады. Жақсы сөздер арқылы мейрімді жүрекке айналу қажет.

VII. «Жанұя бақыты» жаттығуы.
Мақсаты: Ата-ананың бала тәрбиесіндегі қарым — қатынасы туралы түсініктер беру арқылы ата-аналардың білімін көтеруге көмектесу.
«Жанұя бақыты» атты тренингімізді бастайық. Тренингтің шарты: «Бақытты жанұя» моделін құру. Яғни, ата-ана өзінің отбасын салу және отбасы бақытын сурет арқылы көрсетіп, суреттің жан жағына отбасы сөздері арқылы жеткізу керек.
“Сөйлемді аяқта” әдістемесі.
— Мен өз отбасымды жақсы көрем, себебі….
— Отбасы бұл…
— Отбасым бақытты болу үшін…
— Отбасымда зорлық — зомбылыққа жол жоқ, себебі…
— Мен қалар едім отбасымның…

VIII. Қорытынды
«Тәрбие әсер беретін нәрсе — өскен орта, ата-ананың тәрбиесі», «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші бала жасында қандай тәрбие алса, ержеткенде сол әдет қалмайды деген сөздің мағынасын айрықша түсінді.
«Балалардың өмір сапасын жақсарту – ертеңгі болашақтың кепілі . Дүниеде қатігездік болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем болар еді. Адамзат дүниесінің әсемдігі, әлемнің әдемілігі үшін не үлес қосып жүрміз?
Мен былай дегім келеді.
Әлемнің бір адамы ретінде
Ақ жүрегіммен сөз беремін
Өзіме, жанымдағыларға
Күннің шуағын, гүлдің нәзіктігін сыйлаймын.
Қараңғыны нұрландырамын,
Суықты жылытамын.
Дәл қазір маған қиын болғанмен жасымаймын,
Әр күні өзімнің жан дүниемді
Тазартуға тырысамын.
Менің жүрегім қуанышқа, махаббатқа,
Мейірімге бөленеді.
Келер күннің шұғылалы боларына сенемін,
«Мен қатігездікке қарсымын» дегім келеді.

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деп алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқан-бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұлардың барлығы қоғамға тәуелді.

Нығметова Гүлмира Бисенбіқызы

БҚО, Қаратөбе ауданы,

Жақсыбай негізгі орта мектебінің психологы

Share.

Leave A Reply