Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
245 қаралым

Мүмкіндігі шектеулі баланың танымдық қабілеттерін дамыту

0

Дамыту – түзету жұмыстары әр баланың анықтамасына байланысты жан-жақты жоспарланады. Мектеп психологының жұмысында осы бағытта көп сұрақтар туындайды. Өз тәжірибемдегімен бөлісіп, әріптестерімнен ақыл-кеңес сұраймын, қолданып жүрген әдістемелермен бөлісіп, бір-бірімізден үйренейік дегім келеді.

Жас ерекшелігі, медициналық сараптама, отбасы жағдайы, баланың дамуына байланысты бұндай балалармен жұмыс барысында келесі принциптер сақталады:
Баланың жеке ерекшеліктерін терең зерттеп тану және тең тұлға аралық қарым-қатынас орнату;
Оқыту процесінде ойын түрлерін кеңінен қолдану: кеңістікте бағдарлануды дамыту ойындары, талдау мен қорытындылауды қалыптастыру ойындары, бейімделу қиындықтарының алдын алу ойындары т.б.
Ақпаратты қабылдау мен қайта өңдеу әдістеріне үйрету;
Ойын дағдыларын оқу процесінде қолдану;
Жүйелі түрде баланың даму деңгейін, динамикасын анықтайтын психодиагностика өткізу және жұмыс барысында кемшіліктерді жібермеудің жолын іздеу.
Баламен жұмыс кезінде шаршаудың алдын алу, шаршауға жеткізбеу.

Баланың танымдық қабілеттерін түзетумен қатар мынадай мәселелер де шешілу керек: бейімделу қиындықтарын жою, іс-әрекетін жоспарлауға дағдыландыру, қобалжуды, эмоционалды қысымды төмендету, өзіндік бағалауды, өз мүмкіндіктеріне, өз күшіне сенім қалыптастыру, әлеуметтенуге байланысты туындаған қорқынышты жеңу. Әр баланың жас ерекшеліктерін, физикалық және психикалық даму деңгейін ескеріп, жеке ерекшелікеріне сүйене отырып жеке жұмысты ұйымдастырған дұрыс, сонда ғана жұмыс нәтижесін көруге болады, күтілетін динамиканы көруге болады.

Зейінді дамыту жаттығулары:
«Тыйым салынған сөз». Баламен келісіп тыйым салынған сөзді белгілейміз: бір түс (ақ, қара), көлем (үлкен, кішкентай) т.б. Балаға допты беріп, сұрақ қоямыз: «Қардың түсі?», «Тышқан кішкентай, ал піл?». Бала жауабында тыйым сөздерді атап қоймай, толық жауап беруі керек. Тыйым сөздің орнына: «болмайды» деп айтамыз.
«Тыйым әрекет». Мен көрсеткен жаттығуларды қайтала, тек қол соғуға болмайды, ұмытпа. (немесе секіру, немесе отыру)
«Құпия хат». Қаламмен ауада әріп жазамыз, фигура саламыз – бала түсініп айтып берсін не жазғаныңызды.
«Фотограф». Баланың алдына үстелге 7 зат қойылады, мұқият қарап алғасын, бала теріс бұрылады. Осы кезде 1-2 затты алып тастау керек. Не жетіспейді? Немесе көзді жұмып не көргенін айтып беру керек: түрін, пішінін, түсін.
«Бақылаушы». Жүрек, бас, мұрын, шаш – айтып тұрып көрсету қажет. Басында мұғалім дұрыс айтып көрсетеді, сосын айту дұрыс, көрсетуі басқа болсын: бала қателеспей айтылған сөзді көрсетсін.
«Барлаушы». Бір бөлмеге бала мұғаліммен бірге барып айналасын мұқият қарайды. Оқу орнына келгесін мұғалім сұрақ қояды: дөңгелек заттарды ата, қызыл түсті заттар неше, төртбұрышты не көрдің, оң қолыңда не болды? Т.с.с.
«Жылдам есеп». Мен көрсеткен жаттығуды: қолды көтеру, оңға, солға бұрылу, басты бұру т.б. қайталап көрсет, сонымен бірге 1-20 дейін сана.
«Жақсы тыңдаушы». Мен мәтін оқимын, ал сен өсімдік, жануар атауын (адам есімін немесе қала атауын) естігенде қол соғу керексің.
«Бірге ән саламыз». Баланың көңіліне қарай бір әнді бірге айтамыз. Отырғанда дауыстап, тұрғанда – іштен. Қайта-қайта кезектеп.
«Суретші». Мен 10 сөз оқимын, сен ол кезде сол сөзді суретпен белгілеп ал, енді суреттеріңе қарап 10 сөзді қайталап бер.
«Қайталап жаз». Мен бір әріптерді көрсетем, КЛПР, НМС, ОКТР ИОА т.с.с., ал енді сен көргеніңді жаз.
«Сөзді тап». Мен әріп көрсетем, ал сен сол әріптен басталатын сөзді айтып бер. (Үлкен әріптер, жеке, түрлі-түсті)
«Бөліп бер». Балаға кестелер жиынтығы беріледі: журналдардан қиылған түрлі-түсті суреттер, тағамдар, киімдер, құстар, жануарлар т.с.с. бала топтастырып берсін.
«Коллаж жасау». Түрлі-түсті журнал беттерінен бала ұнаған суреттерін қолымен жыртып алады, бірлесіп сол суреттерден коллаж жапсырамыз. (Көліктер, өсімдіктер, отбасы т.б.).

Нурмуканова Кулзат Ермековна
Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы,
Бұлақ орта мектебінің педагог-психологы

Share.

Leave A Reply