Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:

+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

215 қаралым

Мен ғажаппын

0

Альжанова Гүлбану Нұржауовна,

ІІ-санатты педагог-психолог, Т.Г. Шевченко ат. №13 орта мектебі, Арал қаласы Қызылорда облысы

Сыныбы: 4 «А»

Сабақтың түрі: тренинг – сабақ

Мақсаты: Оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлауға, адалдыққа баулу.

Әдісі: пікір алмасу, ой бөлісу, сөз жарыстыру.

Көрнекілігі: ұлағатты сөздер, слайд.

Жүру барысы: Құрметті оқушылар! Мен сіздерді жақсы күйде көргеніме қуаныштымын. Бүгін сіздермен өткізгелі отырған психологиялық тренингтің тақырыбы «Мен ғажаппын».

1. Ұйымдастыру кезеңі.

Мейірімді жүрекпен,

Ақпейілді тілекпен,

Амандасып алайық,

Бір жадырап қалайық!

«Қадір – қасиет» жаттығуы

Жаттығу танысу үшін жасалынады. Әркім кезекпен өз есімін атап, есіміне қоса өзінің бойындағы қасиетін айтады. Мысалы: төзімді Салтанат, қайырымды Айгүл, ибалы Дина, сыпайы Динара.

Аутоагентті жаттығу.

Тренингке барлық оқушы қатысады. Оқушыларға мінез туралы ақпарат беру. Оқушылар жұпта жұмыс жасайды (бір-бірлерінің жағымды әрі жағымсыз мінез ерекшелігін айтады). Ойынның шарты оқушыларға бір парақ ақ қағаздар таратылады. Таратылған ақ қағазды оқушылар скочтың көмегімен арқаларына жапсырады. Арқаларындағы жапсырылған ақ қағазға бір-бірлерінің бойындағы жағымды және жағымсыз мінез ерекшелігін және ыстық тілектерін жазады. Барлығы жазып болғаннан кейін, қайтадан дөнгеленіп отырып, арқаларындағы қағазды алып оқиды. Қағазды жыртпай, өздеріне естелікке қалдырады.

«Көзіңді жұмып, қолыңмен анықта»

Ойынның мақсаты: Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту. Ойынның құрал-жабдықтары: қарындаштар, таяқшалар.

Ойынның мазмұны: Балалар сипап-сезу арқылы заттың ұзын — қысқалығын анықтау. Ұзындығы әртүрлі қарындаштар алынады. Жүргізуші бір баланы шақырып, оған «көзіңді жұм да, қарындаштың ұзын-қысқалығын анықта» деген тапсырма береді.

«Мейірімділік алаңы» жаттығуы

Мақсаты: Өз бойындағы жаман, жақсы қасиеттерін жазу. Іштегі жағымсыз жайттарды сыртқа шығарту. Әр адам сиқырлы жасыл айнасыз-ақ өзіңің жақсы-жаман қасиеттерін біледі. Қатысушылар түрлі түсті қағаздан жасалған гүлге жақсы (плюстарын +) жақтарын жазады да тақтада ілінген табиғаттың суреті жасалған плакатқа әр бала жапсырады. Ал жаман қасиеттерін (минус -) шоғайнаға арам шөпке жазады да ортада тұрған қоқыс жәшігіне умаждап лақтырып тастайды.

«Саңырау телефон»

Барлық балалар шеңбер бойында отырады. Бірінші отырған оқушыға құлағына сыбырлап әр түрлі сөздер айтамын. Ол оқушы әрі қарай келесі оқушыға естігенін  айтады, ең соңғы қалған оқушы естігенін дауыстап айтады. Мысалы, «Мен өмірге келгеніме қуанамын», «Мен болашақта мықты маман боламын», «Ата-анамның борышын ақтаймын» т.б және өз пікірлерін ортаға салады.

«Күн шуағы»

Балалар «Мен ғажаппын» деп отырып өмірге деген құлшыныстарыңды біздің мектеп оқушыларына үндеу жолдайық. Әр қайсымыз өз ойларымызды мына күннің тұсына ілейік.

Күн – денсаулықтың, қуаныштың, жылылықтың символы. Ал сендер мемлекетіміздің болашағысыңдар. Республикамыздың ертеңгі жағдайы сендердің қандай азамат болып өскендеріңе байланысты. Бұл сөз жоғары пафоспен айтылса да, шындығын да мемлекетті құрайтын адам, ал ертеңгі күні сендер әрқайсың әр мамандықтың иесі боласыңдар, белгілі бір қызмет атқарасыңдар.

Қорытынды: Құрметті оқушылар ! Өмірде ақ пен қараның қатар жүретіні бәрімізге мәлім. Менің мақсатым осы шағын көрініс арқылы адалдықтың, ақтық пен пәктіктің әрқашан да жеңіп шығатынын сіздерге жеткізу.

Ақ пен қара бейнесін көрсету шағын көрініс. Соңында Ақ киінген оқушы қараларды жеңіп шығып отырған оқушыларға, мұғалімдерге тыңдаушыларға жылулық, бақыт, денсаулық мейірім, күлкі т.б сыйлайды.

Share.

Leave A Reply