Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
954 қаралым

Мен және менің таңдаған мамандығым  

0

Абитжанова Жанар Аманжоловна

№ 11 орта мектеп психологы, Тараз қаласы Жамбыл облысы

Сабақтың мақсаты:

а) оқушыларға болашақ мамандығын айқын да сенімді таңдауына бағыт көрсету;

ә) нарық талабына байланысты еңбек нарығында ұдайы өзгеріп отыратын кәсіби талаптарды ескере отырып, қызыққан мамандықтарына бағыт беру арқылы саналы таңдауға баулу;

б) дұрыс мамандық таңдай білуге бағыт-бағдар беру.

Сабақтың түрі: кіріктірілген тренинг сабағы.

Сабақтың әдісі: тренинг, пікірталас, проблемалық ситуациялар, сұрақ-жауап.

Көрнекіліктер: Интерактивті тақта, слайдтар («Бәрінен күшті адам – өзіне-өзі сенетін адам», «Білім-бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ әлдекімнің азығы» (М.Әуезов)).

Мамандықтар туралы ұлағатты сөздер. Мамандықтар туралы анықтамалық кітап.

Сабақтың жоспары:

1.   Ұйымдастыру.

2.   Тренинг «Таныстыру сәті»

3.   Кіріспе сөз.

4.   «Мамандық таңдау көріністері» ситуациялық жағдаяттар.

5.   «Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан», оқушылардың мамандық туралы ойлары.

6. Қиындықты жеңе білу тренингі.

7. Мамандық туралы жаңа сөздер.

8. Қорытынды.

Сабақтың барысы:

2. Таныстыру тренинг формасында өтеді, тренингтің негізгі мақсаты: алғашқы қорқынышты басу.

Оқушы өзін таныстырып, өзі жайлы жайлы бір-екі сөз айтқаннан кейін оң жақтағы көршінің солай жасауын өтінеді. Мысалы: «Мен Айыммын, адамгершілігім мол», «Мен Ерланмын-қашанда көңілді жүргенді ұнатамын», «Менің атым Динара, сенімен қарым-қатынас жасауға қуаныштымын» т. б.

«Жақсы сөз жан семіртеді» демекші, күнделікті өмірде осындай жақсы сөздер мен жылы лебіздерді көп айтайық..

3. Кіріспе. Мұғалімнің сөзі.

Еліміздің дамуы мен қалыптасуында ұлы мақсаттар айқындалып отыр. Оның ең бастысы- еліміздің тұғырын берік етіп ұстап тұра алатын, оны одан әрі дамытып, көркейтетін ұрпақ даярлау. Қоғамда дамытушы күш жастар болғаннан кейін, оның бойында ұлы істі жүзеге асыра алатындай күш, қабілет болуы керек. Ол күш-білімде, тәрбиеде, тәжірибеде. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім»,- деген белгілі жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов. (слайд).

Бүгінгі сабақ өз арман- ниеттеріңді дұрыс бағалауға, қалаған кәсіптерің мен болашақ мамандықтарыңды жаңылыспай таңдауға, өз орныңды, бәлкім алғашқы кәсіби қызметіңе «кетігін тауып барып қалануларыңа» көмектеседі деген үміттеміз.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар делінген. (слайд). Қазіргі таңда әлеуметтену, бәсекеге қабілетті азамат болу сіздердің басты мақсаттарыңыз. Мамандық таңдауда сендер жаңылыс жіберген жоқсыңдар ма? Осы сұрақтар жөнінде мына екі мысал жағдайдан кейін өз ойымызды өрбітейік.

4. Мамандық таңдау көріністері.

І-көрініс:

Екі оқушы мамандық таңдау тақырыбында әңгімелесіп келеді.

— Асан сен мектепті бітірген соң кім болғың келеді?

— Мен кім болатынымды дәл айта алмаймын, мұғалім болмаймын, себебі жүйкемді тоздырады, химия өндірісіне бармаймын, себебі онда улы заттар болады, денсаулығыма зиян келеді. Фабрикаға бармаймын, себебі бірсарынды жұмыстан роботқа айналып кетемін. Менің таңдаған мамандығым денсаулығыма зиян келмейтіндей және қызық болуы керек. Мамандығым жан-жануарлармен байланысты, жолда көп жүретін болса екен деп ойлаймын.

— Онда сен циркте істеуің керек қой. Ал маған қандай жұмыс болса да бәрібір, тек ақысы көп болса болды.

Оқушы ойланып қалды. Циркте істей алатын талантым бар ма? Ол дұрыс айтады, қабілетің болмаса, еңбек ақы көлемін ойлап қойған дұрыс шығар.

ІІ-көрініс:

— Мен балалар дәрігері боламын. Балаларға дәріні байқап беру керек.Сәл қателессең баланы уландырып аласың. Дәрінің аттарын атай бастайды : аспирин, тетрациклин, эуфилин, колдрекс, ампицилин, валидол…

— Ой, Анар, қойшы, сенімен сөйлесу қиын екен. Кілең латынша сөйлейсің.

— Ол менің болашақтағы арманым, жұмысым ғой

— Ал, сен неге тіс дәрігері мамандығын таңдадың?

— Менің досым Ұлжан таңдаған соң мен де… Бірақ керек емес пәндерді көп оқытады дейді, ағылшынның, математиканың тіс дәрігеріне керегі не?

Пікірталас.

Мамандық таңдаудағы екі көзқарасты салыстырайық.

— Оқушылар мамандықты немен бағалап тұр?

— Сен мамандықты қалай таңдадың және өзіңді шығармашылықпен қалай жетілдірер едің? Сендердің пікірлерің қандай?

1-оқушы: Екі көзқарасты салыстыратын болсақ, Анар өз мамандығын сүйіп таңдаған, өзі таңдаған мамандығының қыр-сырын толық біледі. Ұлжан мамандық таңдауда қателескен сияқты. Егер мамандық сенің досыңа ұнаса, саған да ұнайды деген қорытынды жасауға болмайды. Қазіргі таңда жан-жақты болуымыз керек. Ағылшын тілін, компьютерді білу — бүгінгі өмір талабы.

2-оқушы: Дұрыс таңдау жасау үшін өзің, өзіңнің қабілеттерің, қызығушылықтарың мен бейімің туралы нақты білуің керек және сол мамандыққа қатысты пәндерді терең меңгеру керек деп ойлаймын.

3-оқушы: Өзіңнің таңдаған мамандығыңның мазмұны, қызықты қырлары, жұмыс тәртібі мен жағдайы, кәсіби мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере алғанда ғана сенің мамандық таңдаудағы ой-ниетің салмақтана түседі деп білемін.

Оқушыларға сұрақ

— Өзіңнің таңдаған мамандығыңның мазмұны, қызықты қырлары, кәсіби мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере аласың ба?

4-оқушы: Мен қолдан келетін істі мамандық етіп таңдаған пайдалы деп түсінемін. Әркім өз мамандығын сүйіп таңдаса ғана үлкен жетістіктерге жетіп, еңбектің биік шыңынан көріне алады деп ойлаймын.

5-оқушы: Сән қуып мамандық таңдаудың қажеті жоқ, себебі сен оқуды бітіргенше ол мамандық сәннен шығып қалуы мүмкін. Сондықтан сапалы, қазіргі заманға сай мамандық таңдау қажет.

6-оқушы: «Біліп қана қою аз, сол білгеніңді істе қолдана білуің керек»,- деген сөз бар, бұрынғы бабаларымыз «Білімдіге – дүние жарық, білімсіздің – күні қаріп» деп сөз қалдырған. Олай болса, бізге бүгін оқып қана қою аз, білімімізді жан-жақты дамытып, әлемдік даму, ғылым, технология адамның ауыр еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, ұшқыр ойлы, терең білімді болуымызды талап етеді.

Мұғалім сөзі:

Дұрыс айтасыңдар, мамандық таңдай отырып алдымен әркім өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына қарау керек, содан кейін барып жанұялық салтпен санасу керек сияқты. Сонда ғана сен болашақта атқаратын жұмысың мен қызметіңде жоғары нәтижеге ие боласың және сонда ғана шығармашылықпен жұмыс істейсің.

6. Тренинг. Қиындықты жеңе білуге үйрету мақсатында мектеп психологтары.

1. «Аялы алақан» тренингін жүргізеді.

2. «Кедергі қиындықтарды жеңе білу»

1) Егер сенің таңдаған оқуыңа түсуіңе ата-анаң келіспесе не істейсің?

2) Егер сен таңдаған мамандығың бойынша оқуға барып, бірақ қажетті балл жинай алмай, оқуға түсе алмай қалсаң не істейсің?

3) Оқуға түскен соң оқуың ұнамай қалса не істейсің?

Оқушылардың пікірі.

Мұғалімнің сөзі.

Мемлекетімізде болып жатқан өзгерістердің еңбек нарығына да әсері зор. Жаңа мамандықтар пайда болып, бұрыннан бар кәсіптер соңғы сипатпен, ақпаратпен байып, толығып, компьютердің енуі арқылы жоғарғы тиімділігімен жаңа атауларға ие болуда.

 

мамандықтар

Осыған орай жаңадан пайда болған мамандықтарға тоқталып кетейік: (слайд)

Брокер – делдал, яғни тауар өндіруші мен тұтынушы арасында келісімге келтіруші.

Дилер – саудалық келісімді өз есебі, қаражаты арқылы үйлестіруші.

Маркетинг – өнімді өткізу проблемаларын мақсатты шешу барысындағы өнім мен

қызмет етудегі сұраныстарды қалыптастырушы.

Маркетолог – маркетинг проблемаларымен кәсіби айналысатын маман.

Менеджмент – кәсіпорынды басқару жүйесі; өндірістік қызмет процесінде адам қатынастары теориясы мен практикасын зерттейтін экономикалық ғылым.

Менеджер – басқа қызметкерлерге басшылық жасайтын адам.

7. Ойын. «Ең жақсы»

Оқушыларға  мынадай нұсқау беріледі, оқушылар берілген мінездеме қай мамандыққа сай екендігін айтулары керек. Қатысушыларға келесі мамандық мінездемелері ұсынылады:

Ең ақшасы көп – бухгалтер, экономист;

Ең жасыл – эколог, географ, бақташы, гүл өсіруші;

Ең тәтті – аспазшы, кондитер;

Ең қауіпті – әскери қызметкер, теңіз қызметкері;

Ең жауапты – сот, бухгалтер;

Ең салмақты – мұғалім, заңгер;

Ең қарым-қатынасы күшті – бизнесмен;

Ең таза – аспаз, дәрігер;

Ең ақылды – мұғалім, программист …

Мұғалім сөзі:

Өз мамандығымызға дұрыс таңдау жасасақ, әрбір істеген ісімізде сапа болмақ. Сондықтан сендерге қойылатын нақты талаптар:

— белсенділік

— әлеуметтік жауапкершілік

— жоғарғы ой-өріс

— терең білімділік

— кәсіби сауаттылық (слайд)

Қорытынды:

«Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» (слайд) — деп, Елбасымыздың алға қойған үлкен мақсаты «Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу» үшін біз заман талабына сай болуға тырысатын жастарға сенім білдіре отырып, бүгінгі сабағымыз сіздердің өз мамандықтарыңызды таңдауға, оң шешім қабылдауға көмектеседі деп сенеміз.

 

Share.

Leave A Reply