Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
821 қаралым

Мен және менің мамандығым

1

Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз
Әл — Фараби

Мамандық таңдау, әр жақсы маманға қарап еліктеу – әр адамның бала кездегі арманы. Мен бала кезімнен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Асанбаев Асамадин ағайыма көп еліктейтінмін. Міне, сол арманым орындалып 1990 жылдан №104 орта мектепте жұмыс жасап келемін.

Психолог болуымның өзі осы мамандықты терең білуге деген қызығушылығымнан туындады. 2003 жылдан мектепте педагог-психолог болып жұмыс жасаймын. Дегенмен таңдау жасауға Жүсіпбек атамыздың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін өзіме бағыт сілтер жол деп алдым. Міне, сол күннен «Жантану» деп аталатын қиын да қызық әлемге апарар жолға түсуге бел будым.

Әрине психолог маманының мектепке келген алғашқы жылдары қиын болды. Себебі, біздің ұлтымыз үшін, сондай-ақ Қазақстан еліндегі барлық халықтар үшін психолог маманы қажет пе деген сауал әрбір жанның көкейінде орын алды. Мектеп оқушылары мен ата-аналарының арасында психологқа тек психикасы бұзылған адам барады деген ұғым қалыптасты.

Психолог мектептегі қоғамдық жұмыстарға жұмсалып, өзіндік жұмыс кабинеттерімен қамтылмады. Қандай қиыншылық туындағанмен мен өз мамандығыма деген құрметімді, қызығушылығымды төмендеткен емеспін. «ХХІ ғасыр – психология ғасыры» деп А. Эйнштейн бекер айтпаған. Бүгінгі таңда егеменді еліміздің алға қойған негізгі мақсат –міндеттерінің бірегейі – білікті, білімді және еңбекке қабілетті тұлға қалыптастыру.

Психологтың жұмысы 1 сынып оқушыларының мектепке дайындығынан бастап, орта буынға бейімделу мәселесі, сондай-ақ оқушының кәсіп таңдауына көмек беру және ҰБТ-да өзін сенімді ұстауға қалыптастырумен аяқталады. «Ұстаз сабақты түсіндірумен емес, шәкіртінің жүрек лүпілін түсіне білуімен есінде мәңгіге қалады» дегендей, әр баланың жан дүниесін түсініп, яғни оның жаны мен тәніне қауіпті нәрселерден сақтандырып, жүрегіне ізгілікті ұялату басты міндетім деп қабылдаймын. Жұмыс барысында мен жабырқаған көңілге қуаныш сыйлаймын, мазасызданып, қорқынышқа тап болса, болашағына сеніммен қарауға үйретемін.

Күнделікті жұмыста түрлі оқиғалар болады, оның шешімін тауып, әр баламен, мұғаліммен, ата-анамен жеке, топтық жұмыс жасау арқылы нәтижеге жетіп отырамын. Мектептегі жұмыстың нәтижелі болуы ең бірінші ұстаздардың бір-бірімен қарым-қатынасының шынайы дұрыс болуы деп ойлаймын. Осы мақсатта әрбір сыныпта жүргізілген тест, сауалнама жұмыстарының нәтижесімен пән мұғалімдерін, сынып жетекшілерді таныстырып отырамын. Ұжымға келген әр жас маманды жеке топтық жұмыстар арқылы ортаға бейімдеймін.

Жеке кеңеске келген оқушылармен жасаған жұмысымда оқушылардың қиындықты жеңгенінің куәсі болдым. Әр мамандық үнемі жетілдіруді, ізденуді қажет етеді. Мен 12 жылдан бері «Мектептегі психология» журналына үздіксіз жазылып келемін. Журналда жарияланған сабақтар мен кеңестерді өз жұмысымда пайдаланамын. Сонымен бірге Ф. Бизақованың «Психологиялық түзету – дамыту жұмыс атты кітабындағы түрлі ойындарды күнделікті сабағымда қолданамын.

Қандай еңбек жолы болмасын қиындықсыз болмайтыны анық, соның ішінде психолог мамандығы үлкен жауапкершілікті, сүйіспеншілік пен мейірімділікті талап етеді. Абай атамыз «Адамдағы білім, ақыл және жігер жақсылыққа, ізгілікті істерге, адамдарға деген сүйіспеншілікке бағытталуы тиіс» деп дұрыс айтқан. Әр адамға сүйіспеншілікпен қарап қиындығын жеңе білуге бар мейірімділікпен көмектесу басты мінетім деп білемін.

Әр күн сайын жұмысыма барып, күнделікті жоспарым бойынша жұмыс жасауда түрлі жағдайлар кездеседі. Кейде өзімнің тек қана психолог маманы емес, сонымен қатар қарапайым өмірлік проблемалары бар адам екендігім есіме түседі. Сол кезде мына аталы сөздерді есіме түседі «Сабыр түбі сары алтын» ашуға бой алдырма, шыдамды бол. «Бар» деп тасыма, «жоқ» деп жасыма. Әр баланың дұрыс жолды таңдап жақсы тұлға болып қалыптасуы мен үшін қуаныш.

Орақбай Бақыткүл Мырзақоянқызы

№ 104 орта мектебінің педагог-психологы,

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Өркендеу ауылы

Share.

1 комментарий

  1. Редакция on

    Құрметті оқырман! Материал мазмұны ұнаса, тақырып ашылды деп есептесеңіз, дауыс беріңіз.
    Дауыс беру 10 балдық жүйемен жүргізіледі.

Leave A Reply