Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
76 қаралым

Мен және менің мамандығым

0

Фото: Жүнісқанова Г.

Жүнісқанова Гүлназ Нұрқанқызы, 
«Айгөлек» балабақшасы екінші санатты педагог-психолог, Әулиекөл селосы, Әулиекөл ауданы, Қостанай облысы

«Адамдарға жеке тұлға болуына көмектесу –

бұл оларға математик немесе француз тілінің

білгірі болуына көмек беруден де маңыздырақ …»

К. Роджерс

Дүниеде алуан түрлі мамандықтар бар: сатушы, дәрігер, ұстаз, есепші, аспаз және т.б. Ал мен өзім үшін «психолог» мамандығын таңдадым. Ежелгі грек тілінен аударғанда «психология» ұғымы «жан тану» мағынасын білдіреді. Аты айтып тұрғандай бұл мамандық иесі адамның сырласы, адам жанының елшісі болуы тиіс. Менің жұмыс өтілім – 4 жыл. Осы 4 жылдың ішінде өз мамандығымның балалар үшін қазіргі қоғам ағымы үшін зор маңыздылығын ұғындым.

Қазіргі уақытта заман дамып, өмірімізге еніп, күн сайын қарқынды дамып жатқан технологиялардың көшіне ілесіп келе жатқанда жаһаңдану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр. Мен күнделікті жұмысым арқылы балалардың психологиясын зерттей отырып, олардың жат қылықтар жетегіне ермес үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземін.

Мен – психологпын. Ол дегеніміз – санқырлы, барлық бояуларға қанық өмір. Біздің мамандығымыз өте қызықты да, терең де және күрделі болып келеді. Әрдайым өзіндік даму, қызықты сабақтар ұйымдастырып, педагогика, бала психологиясы және тәрбиесі, диагностикалық және түзетуші әдістемелер салаларында білімпаздық танытып, біліміңді одан әрі жетілдіруді қажетсінеді. Балабақшаның барлық өміріне араласып, педагогтармен, ата-аналармен, балалармен, әкімшілікпен ұдайы қарым-қатынаста болу. Үнемі шығармашылық ізденісте болу, әрдайым іс-әрекет талдауын жасау. Қашан да қозғалыста болу…

Сонымен қатар бұл мамандық иесіне жүктелетін жауапкершілігі де мол: әр адамның жан-дүниесін зерттеп, ұғынып, оған дер кезінде көмек көрсетілуі тиіс. Алайда адамдар саған сенім артқан кезде бар күшіңді салып тырысасың.
Бүгінгі таңда қоғамның құндылық бағдарлары терең өзгерістерге ұшырап отырған заманда баланың даму кезеңдерінің маңыздылығын ұғыну қажет. Себебі ол жеке тұлға болып қалыптасудың басты кезеңдері, болашақ өмірінің бастауы.

Балабақша мен үшін – өмір мұхиты, мұнда балалармен бірге біз мейірімділікке, тәртіптілікке, жанашырлыққа, кішіпейілділікке үйренеміз. Қазақстанның болашағы – жас ұрпақ десек, олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін менің де педагог-психолог маман ретіндегі өз қолтаңбам қалса деймін.
Менің балабақшадағы жұмысым бірнеше бағытта жүзеге асады: психодиагностикалық, психопрофилактикалық және психокоррекциялық жұмыс. Мектепке дейінгі жастағы балаларды диагностикалау олардың психикалық даму деңгейін анықтау мақсатымен жүргізіліп, соның негізінде ата-аналар мен тәрбиешілерге ұсыныстар жасалады. Психопрофилактикалық жұмыс бағытына ата-аналарға кеңес, педагогикалық ұжымды психологиялық-педагогикалық ағарту, балалармен тренингтік ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін жүргізу және т.б. Психокоррекциялық жұмыс бағыты жеке және кішкене топтармен (5-6 бала) жүзеге асады. Ол терең зерттеуді және психикалық процесстерін жетілдіре түсуді қажетсінетін балалар үшін ұйымдастырылады.

«Балаларға оқу-білім берілсін. Сонымен қатар сұлу мінез, әртүрлі өнермен өрілсін» — деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай мен балалармен жұмыс жасауда арт-терапия элементтерін көбірек қолдануға тырысамын. «Арт-терапия» ұғымы «өнермен емдеу» мағынасын білдіреді. Бұл балаларға күшті психотерапиялық әсер ететін әдістердің бірі. Арт-терапиялық сабақтарда балалар өздерін еркін ұстап, бояуларды аса қызығушылықпен араластырып, белсенділік танытады.
Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Менің бүгінгі таңда атқарып отырған психолог мамандығыма қызығушылығым зор. Қазіргі кездегі мақсатым – тұлғаның жеке ерекшеліктерін ескере отырып, психология принциптерін, заңдылықтарын қолдау негізінде өзін-өзі анықтауға тиімді дайындық жүргізу және тұлғаның жан-жақты қыр-сырын ашу үшін көптеген әдістемелер, тесттер, сауалнамалар, қызықты сабақтар жүргізу арқылы балалар өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, алдарында бір ғажап жұмбақтың шешімін табатындарына және алда ашық, жарқын күндер күтетініне сенсе екен деймін.

Share.

Leave A Reply