Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
367 қаралым

Мен және менің мамандығым (эссе)

0

Айнакулова Г.Р.

Алға орта мектебі, Сауытбек ауылы

 

«Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла
/Абай/

Әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.
Қазақта «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Бүгінгі күні тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білу, адамнан тек мамандықты талап етпейді, адамға деген мейірімділік пен ізгіліктен туындайды. Ал, мен болсам психолог мамандығына жаңа пайда болған мамандық деп қызығушылықпен қарадым да, таңдадым.
Біздің мектепте бір психолог жұмыс істейді. Өзім жұмысымды бастаған уақытта көптеген ағартушылық жұмыстар жүргіздім, себебі бәрі мынадай сұрақтарға жауап іздеді: психолог деген кім? Оның жұмысы қандай? Мектептерде психолог не үшін керек? Психолог пен психиатрдың айырмашылығы неде? т.б. Балаларға да, ата-аналарға да «психолог» деген сөз қорқыныш туғызды. Психолог бізге неге керек? Менде ешқандай алаңдататын мәселелер жоқ. Алғашқы кезде оқушылар психологтың міндетін, қандай жұмыс атқаратынын, оның қандай мағына беретінін түсінбеді. Бірақ, келе-келе мектепте психологтың атқаратын жұмысы қыруар екеніне, тіпті мектеп үшін өте қажет екендігін түсінді. Мектептегі психологқа қойылатын талап өте көп және орындау әр психологтың біліктілігіне, шығармашылық ізденісіне байланысты екендігіне көзім жетті. Мектепте психолог қызметін атқарғалы бері балалармен психологиялық сауықтыру, диагностикалық қызмет көрсету, түзету-дамыту сабақтарын өткізіп, кеңес беру нәтижесінде оқушылардың психологияға деген қызығушылықтары арта бастады. Психолог әрқашанда жан алып, жан беріп, білімін де білігін оқушының мінез-құлқын қалыптастыруға жұмылдырады. Бізге, психологтарға, ыстық ықылас, қарапайымдылық керек. Психологтың еңбегі қиын, көп ізденісті талап етеді- бірақ бұл жұмыстың қызығы да мол. Оқушының ішкі жан дүниесінің есігін қағып, кіріп, үңіліп, сезіне білетін, оның ішкі сезімімен санаса білетін ол психолог – маман. Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу- үлкен өнер. Психологиялық жұмыс- адам жанымен жұмыс, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс.
Психолог болу – қызықты да қиындығы мол тамаша мамандық. Қызметтің тәтті де ащы дәмін татып, әрқашанда өз ісімнің шебері болуға ұмтыламын. Өзімнің мамандығым- мақтанышым. Психолог қиын да қызықты, жауапты жұмысты атқарып жүргендіктен, білімнің жан-жақты болуы артық етпейді. Ал психологиялық білім өз жұмысымның жемісті болуына жетелейді. Психолог әр оқушының жан-жақты және үйлесімді дамуына тікелей ықпал ететін маман болғандықтан, мектеп әкімшіліктерімен әсіресе, социологпен, дәрігермен тығыз байланыста болуымыз қажет. Сондай-ақ балаларды тек қана өмірге дайындап қана қоймай, бүгінгі тыныш заманда, бақытты да алаңсыз өмір сүрулеріне көмектесу- бұл басты міндеттің бірі болып саналады. Жас жеткіншектердің психологиялық саулығын дамыту және сақтау да мектеп психологінің ең жауапты жұмысы.
Мектептегі психолог түрлі жастағы балалардың психикалық ерекшеліктерін зерттеп және оқыту мен тәрбиелеудің ықпалы арқылы оның өзгерістерінің заңдылықтарын білумен қаруландырады. Психолог бала жанының күйзелісін зерттеу барысында: психологиялық тренингтер; матрицаларды; түрлі диагностикаларды; тесттерді; түрлі терапияларды (ойын, би терапиялары) қолдану арқылы күйзелістен шығарып алуға ұмтылады. Баланың психологиялық ерекшеліктерін толық білмейінше, оларды оқытып тәрбиелеуге болмайды. Мен мектепте балалардың психологиялық ауытқушылықтарын байқап, мүмкіндігінше дер кезінде көмек көрсетуге тырысамын. Оқушының психологиялық мүмкіндіктерін мейлінше зерттеп, соған сәйкес ұйымдастырса ғана жақсы нәтиже береді. Иә, қарап отырсақ, жас жеткіншекке психологтар жәрдемі ауадай қажет-ақ. Мысалы: біздің мектепте бір оқушының сабаққа салғырт келетіндігін байқап, бірнеше күн зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сөйтсек, бұл оқушыны сыныптастары өздерінің қатарына қоспай шеттетеді екен, оның себебін анықтап, мектеп директоры және анасымен байланыс жасап, шешім жасалды. Қазір ол оқушымыздың көңіл күйі жақсы, сабаққа да ынтасы артты.
Елбасымыздың «Күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады» деген даналық сөзінде терең мән-мағына жатыр десем болады. Педагог-психолог қоғамдағы тұлғаның психологиялық және әлеуметтік дамуына көңіл бөледі. Демек, педагог-психолог маманын адам баласы өмірге келгеннен оң мен солды, ақ пен қараны ажырата алғаннан бастап, келешек толыққанды азамат және тұлға болып, оның әрі қарай жетілуіне әсерін тигізеді.
Қорытындылай келе, нағыз психолог болу үшін өзгенің өміріне өзіңнің өмірің ретінде бойлай отырып, олардың жан дүниесіне кіре білу. Сезгенім- «жан сырын өзі ашсын» деп үстелдің екінші жағында қатып қалған адам психолог «оқушы – ата-ана – мектеп» деп аталатын үш тағанның беріктігіне аса жауапты міндетті ала отырып, баршасының досы, ақылшысы, рухани жетекшісі бола білуі. Әрбір жеке тұлға сенің оқымаған кітабың екен, әр парағын ашқан сайын жаңалық табасың, таңырқайсың, тамсанасың, қызығасың, қынжыласың. Осындай асқан жауапкершілікті жүк еткен психологтың атқарар қызметі мен үшін әлемдегі мамандықтар арасындағы ең біріншісі, алғашқысы, құрметтісі, қадірлісі, сыйлысы, мәртебелісі, қасиеттісі, құдіреттісі, киелісі. Болашақта өз жұмысымды одан әрі жандандырып, ата-аналарыма, әріптестеріме көмегімді тигіземін деп ойлаймын. Сөз соңында айтарым, дәрігер адам жанының арашасы болса, психолог- адам жанының жанашыры. Себебі, алдына келген әр адамның жүрегіне үңіліп, онымен бірге мұңайып, қуанса қуанып, өмірге деген құштарлығын ояту- өзімнің басты міндетім деп білемін.

Share.

Leave A Reply