Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
7 қаралым

«Мен және менің мамандығым» (эссе)

0

Оразбаева Ж.А.
БҚО, Ақсай қаласы Бөрлі ауданы №7 МДБҰ психологы

Бала жүрегі – кішкентай күйсандық,

ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады, 

мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек.
М.Шаханов

Психолог болу – қызықты да қиындығы мол мамандық. Мен өз мамандығымның адамдарға қажет екенін сезгенде, бұл мамандықты өз жүрегіммен қалап, таңдағанымды мақтан етемін. Әрбір бала кішкентайынан өз қиялынан немесе біреуге ұқсап еліктеуден, кім боласың десең, өскенде мен ғарышкер, дәрігер т.б. түрлі мамандық атауларын айтады. Ой санасы жетіліп, болашаққа қадам баса бастаған кезден тұрақты өз қабілетіне сай, жан дүниесіне жақын мамандық таңдап, сол бағытқа дайындық жүргізе бастайды. Мен де, сол кішкентайымнан бауырларыммен, содан соң достарыммен мұғалім болып ойнап, сабақ беріп, қадірлі мамандықты, яғни ұлы ұстаз болуды әлден-ақ бар бойыммен болмысыма сіңіріп, мақсат еттім. Ал ақыл есім жетіліп, ер жете бастап, 9- сыныпқа көше бастағанда ауыл мектебіне ең бірінші рет қаладан психолог келіп, біздің сыныппен психологиялық тренингтік шара өткізді. Cол тренингтік шарадан кейін маған психолог боламын деген ой келді. Себебі әрқашан күлімсіреп, бір мұңайғанын көрсетпей, адам жанын түсініп, ол кісімен сөйлескеннен кейін бір рахаттанып қалатынымды сездім. Содан кейін менде сол мамандыққа деген қызығушылық оянып, сол мамандық жайында ақпараттар іздей бастадым, алдыма бүкіл өмірімді өзгертетін мақсат қойдым. Мектепті бітіріп, психолог мамандығына оқуға түсіп, енді міне №7 Мектепке дейінгі балалар ұйымына психолог қызметіне орналасып, өз қызметімді жалғастырып келемін. Ат жалын тартып мінер жастық шақта бар күш-жігерімді салып, халқыма, елімнің игілігіне өз үлесімді және пайдамды тигізуге тырысып жүрмін. Әр баланың тәтті қылығы мен сыңғырлаған күлкісі жүрегіме алау отын жағып, өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Баланың психологиясын зерттей отырып, олардың жат қылықтардың жетегіне ермес үшін, олардың жүрек түкпірінде жатқан бүкпесіз сырларын тыңдап, болашағына сеніммен қарауға ықпал жасауым керек деп өзіме ой түйемін де, сол бағытта жұмыстар атқарып келемін. Сара Алпысқызы айтқандай: «Баланы мейірім мен жан жылуы шаттыққа бөлейді, әрі емдейді». Бала дегенің – өзінше бір әлем. Ол әрқашан қолдап-қуаттауды, жылулықты, мейірім мен шапағатты қажет етеді. Сондықтан психолог жанашыр, үлгі-өнеге болар тұлға, сезімтал, төзімді, байыппен тыңдай білетін жан, сонымен бірге болашағына сеніп, мүмкіндігін арттырудың жолын білетін қолдаушы десем қателеспеген болар едім. Психолог ол ұжым ұйтқысы деп те танимын. Сол себептен өз ұжымымен де бір отбасы мүшесіндей ынтымақта, бірлікте жұмыс атқарудамын. Қашанда тәжірибесі мол педагогтардан дәріс алып, үйреніп, әріптестеріммен тығыз байланыста болып, әрдайым ізденісте жүріп, тәжірибе алмасуға даяр тұрамын, себебі, нағыз еңбек арқасында арманымдағы асуларға қол жеткізерім сөзсіз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас буынның болашағы- ұстаздардың қолында»,- дегені бәрімізге белгілі. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – өз ісінің білгір де, білімді маман иесінің еңбегі деп білемін.

Share.

Leave A Reply