Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
601 қаралым

Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған саусақ ойын жаттығулары

0

Ідріс Дария Ерланқызы,
Педагог-психолог, «Ғарышкер» балабақшасы, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы

Мақсаты: Балаларға саусақ ойыны арқылы балалардың тілін, қызығушылығын арттыру және эстетикалық тәрбие берудің әдістерін анықтау және оларды үрдісті ұйымдастыру әрекетіне енгізу.
Міндеттері: Балалардың тілін дамыту, сөйлеу мәдениеті мен ой — өрісін, дүниетанымын жетілдіру;
Балаларды адамгершілікке баулу, ойын нақты тапқыр сөйлеуге, ақылды, салмақты ой айтуға баулу;
Баланың қиялын есте сақтауын шығармашылық қабілетін дамыту, ойдан әңгіме, ертегі шығарып айтуға дағдыландыру;
Әр баланың жеке дара әртістік, шығармашылық қасиеттерін ескере отырып, өзін қоршаған ортаға, адамдарға, құрбыларына, өзіне деген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.

Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтанда да баланың жан — жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан — жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуын саусақ ойындар арқылы жетілдіруге болады. Ал, саусақ ойындарды балалар қызықтап ойнайды.
Саусақ ойындар желелі рөлдік ойындардан тек желісі ғана емес, сондай — ақ ойнау іс — әрекетінің сипатымен ерекшеленетіні айқындалған.

Саусақ ойындар ойын – қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор. Баланы ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан — жақты дамыту. Оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген құштарлықты ояту.
Бүлдіршіндер ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Жетілген диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді.

Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады. Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғауларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету-тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Баланың тілі негізінен мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Бұл кезеңде ағзаның барлық бөліктері және жүйелері қарқынды дамып, баланың дене және ой дамуына қажетті қозғалыстағы таным іскерлігі қалыптасады. Мектепке дейінгі кезеңде қолдың ұсақ моторикасы мен қимыл-қозғалыстарын дамыту жұмыстары маңызды болып табылады.

Қол саусақтар жаттығулары есте сақтау және назар аудару қабілетін дамытатындығын психологтар айтып кеткен. Тақпақты саусақтар жаттығулары ырғаққа ілесіп қимылдауына және баланың сөйлеу ырғағының қалыптасуына көмектеседі. Сондықтан баланы ерте жастан бастап шынықтырған жөн. Саусақ ойындары сөйлеу лексикасының, сөздердің өзара байланысының (диалогты дұрыс жүргізуге, түсінік айтуға,т.б.) шыңдалуына себепші. Балалардың тілін дамыту үшін бірнеше саусақ ойындары мен жаттығуларын жасауға болады.

«Салат» саусақ ойыны
Сәбізді алып тазалаймыз (оң қолды жұдырыққа түйіп, сол қолдың алақанына ысқылайды)
Үккішпен үгіп майдалаймыз (екі қолды жұдырыққа түйіп кеудеге ұстап, жоғары-төмен қозғайды).
Қанттан сеуіп дәмдейміз (саусақтардың ұшымен қант себеді)
Міне дайын нәр тағам (екі қолын алдына жайып көрсетеді).
Дәруменге байыған (алақанымен іштерін сипалап, тойғандықтарын көрсетеді).

«Кірпі» жаттығуы
Момақанмын алайда (үш саусақтарын түйістіріп, кірпінің жүрісін салады)
Тікенім көп абайла, (екі қолының саусақтарын айқастырып, кірпінің тікенектері жасайды).
Кіріп кетсе қолыңа,
Өкпелеме жарайма!

«Достық» жаттығуы
Біздің топта ұлдар мен қыздар өзара дос (қолдың саусақтары өзара бірігеді)
Кішкентай саусақтар біз сенімен достасамыз (екі қолдың саусақтарын бір-біріне тигізу)
Бір, екі, үш, төрт, бес… (шынашақтан бастап, саусақтарды кезекпен бір-біріне тигізу)
Қайтадан санауды бастаймыз.
Бір, екі, үш, төрт, бес..
Енді санауды аяқтадық (қолды төмен түсіреміз, демалтамыз).
Сергіту:
Санайық жаңаша
Бір, екі, үш!
Желбіре жалауша,
Достықта біздің күш.
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Оларды атап шақырар,
Әрқайсысының аты бар.
Бас бармақ,
Балаң үйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене бөбек.

Қолдың саусақтарын дамытуға арналған жаттығу.
Мақсаты: қол саусақтарының күрделі үйлесімді қимылдарын дамыту.
А) Алақанды үстелдің үстіне қоямыз. Балалар бірінші оң, содан кейін сол қолдың саусақтарын бір-бірден көтереді. Осы жаттығуды кері жасап, қайталайды.
Б) Алақандар үстелдің үстінде, балалар кезекпен екі қолдың саусақтарын шынашақтан бастап көтереді.
В) Балалар сұқ және ортаңғы саусақтарымен қаламды немесе қарындашты ұстайды. Осы саусақтарын бүгіп, қайтадан қалпына келтіреді, бұл жерде қаламды үлкен саусақтан төмен түсіп кетпеуін қадағалау керек.
Г) Үстелдің үстінде 10-15 қарындаш немесе есептік таяқшалар жатыр. Оларды бір-бірден алып қолға жинау керек. Содан кейін тура солай қайтадан үстелге қою керек. Екінші қолмен көмектесуге болмайды.

«Фигураларды құрастыр» жаттығуы
Мақсаты: қол қимылдарының икемділігін, дәлдігін, көз мөлшерін дамыту.
Жаттығу барысы: жүргізуші балаларға есептік таяқшаларды таратып береді. Балалар солардан геометриялық фигураларды жасап шығару керек.
Төмендегідей тапсырмалар беріледі:
1. Төрт таяқшадан шаршы құрастыру;
2. Үш таяқшадан үшбұрыш құрастыру;
3. Үй құрастыру;
4. Жалауша құрастыру;
5. Жұлдызша құрастыру.

«Санамақ» ойыны
Мақсаты: кіші моториканы және сөйлеу ырғағын дамыту.
Бір, екі, үш, төрт, бес,
Анаммен сурет саламын, (алақанды жұмып ашады)
Міне басы, міне іші (қолды шеңбер жасап айналдырады)
Аяқтары, қолдары, көздері (қолымен кішкентай және үлкен шеңбер салу)
Аузы, сақинадан жасалған (ауада сақинаны салу)
Әдемі шашы да бар (қолдарын екі жаққа ашады)
Оң қолымда бес саусақ (оң қолының саусақтарын көрсету)
Сол қолымда бес саусақ (сол қолдың саусақтарын көрсету)
Бәрін қоссақ – он саусақ (екі қолының саусақтарын қосу)
Оң аяқпен секіремін (екі аяқпен кезек секіру)
Сол аяқпен секіремін (орында жүру)

Саусақ ойындарының нәтижесінде:
— Баланың тілі жетіледі;
— Қимыл — қозғалысы артады;
— Икемділігі артады;
— Қисынды ойлауы дамиды;
— Танымдық деңгейі артады.

Балалардың сөйлеу құзыреттілігі дұрыс және сөздік қоры бай болса, оларға өз ойын жеткізу оңайға түседі, қоршаған ортаны танудағы мүмкіндіктері кеңейеді, психологиялық дамуында белсеніс күшейеді. Сондықтан баланың сөйлеу құзыреттілігін қалыптастыруды уақытылы қолға ала отырып, анық әрі дұрыс сөйлеуін қадағалау керек. Балалардың сөйлеу құзыреттілігінің дұрыс өз деңгейінде жетілуі, оның ата-аналарын да, тәрбиешілерін де толғандыру қажет. Балалардың сөйлеу құзыреттілігі жоғары деңгейде қалыптасуы ұсақ моторика тәсілдері мен құрылымына байланысты.

Share.

Leave A Reply