Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
100 қаралым

Мектеп жасына дейінгі балалардың заттың тарихы туралы түсінігін қалыптастыру

0

Түйін сөздер: мектеп жасына дейінгі балалар, зат, тарих, өзін-өзі тану, мәдени құндылық, психологиялық-педагогикалық зерттеулер

Жалпыға міндетті білім беру стандартында мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту (2012) «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі ретінде қазіргі тұрақты өзгеріп тұрған әлемде табысты бейімделуге қабілетті бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үшін жағдайлар жасайды. Жетекші ғалымдар мен практиктер жүргізген көптеген психологиялық-педагогикалық зерттеулер нақты мектепке дейінгі жастың зияткерлік, тұлғалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын анықтайтын шарт екендігін дәлелдеді» – делінген[1]. Демек балаларға өздерін қоршаған заттардың тарихын білу мектеп жасына дейінгі кезеңнен басталуы тиіс деп ойлаймын. Себебі дәл осы кезеңде балада білуге деген қызығушылық өте жоғары болатыны белгілі. Адамда танымдық қызығушылық белсенділік пен өзін-өзі жетілдіру барысында ғана қалыптасады.
Қоршаған заттарға перспективті көзқарасты дамытудың тарихын білудің қажеттілігін сонау Аристотель айтып кеткен болатын, ол «Өткенді түсінбей, бүгінімізді түсіну мүмкін емес»- деген қағиданы алға тартты. Дүниеде дамымайтын заттар мен құбылыс болмағандықтан, оның ерекшеліктеріне қарамастан, тарих барлық танымның бастамасы болып табылады. Қоғамдық-тарихи тәжірибе адамзат өмірінде баланың бүгінгі күнге дейін қоршаған әлемін қалыптастырады. Ресей ғалымдарының психологиялық-педагогикалық зерттеулері (Б.Г.Ананьев, Л.И.Божович, Л.С.Выготский, Л.А.Венгер, А.В.Запорожец, Т.А.Куликова) көрсеткендей, мектеп жасына дейінгі балалар өзін қоршаған заттарды және оның қыр-сырын танып, меңгергісі келетіні белгілі. Алайда барлық нәрселер баланың қызығушылығын оятады деп айта алмаймыз. Ғалымдардың зерттеулері бойынша (Ю.К.Бабанский, А.Н.Поддьяков, Ф.К.Савина, Г.И.Щукина) «танымдық қызығушылық бағытталған объектіге кеңінен, тереңірек, түсініктірек үңілуіне байланысты пайда болады»- деген түсінікті көре аламыз. Ең бастысы балаға жаңа және күрделі ақпараттың, сонымен қатар қарама-қайшылықтың болуы маңызды. Міне дәл осындай мінездемеде заттардың тарихи ақпараты ерекшеленетінін байқаймыз.
Тарихи танымдық әрекетте бала заттар әлемін таниды, дамудың диалектикасын ұғынады, табиғатты қайта өңдейді, белсенді, жасампаздық көрсете алады. Осындай құндылықтармен толықтыра отырып, баланың заттар жөнінде тарихи ақпаратты меңгеруі баланың жан-жақты жеке тұлға болып қалыптасуына (эмоциялық-сезімталдық, қажеттілігін қанағаттандыратын түрткі) ықпал етіп, оны шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Г.Н. Бавыкина, В.И.Логинова, Л.А.Мишарина, т.б. зерттеулерінде қоршаған заттарға тұтастай қатынасын тәрбиелеу – жүйелі елестету негізінде қалыптасады. Олар балаға заттың қасиетін ашу, оның анықтамасын, неден жасалғанын, ерекшелігін көрсету маңызды болып табылады деп санады [3].
С.А.Козлова, О.В.Дыбина жоғарыдағы авторлардың зерттеулеріне сүйене отырып, заттарды тұтастай етіп қарау, яғни пішінімен, көлемімен, түсімен, материалымен, құрылысымен, қызметімен, анықтамасымен, олардың жасалуымен және қайта құруымен сипатталады деп пайымдады [4, 53 б]. Сонымен қатар О.В.Дыбинаның зерттеулерінде баланы қоршаған заттар шығармашылықты қалыптастырудың құралы ретінде, мектеп жасына дейінгі ересек топтағы балалардың заттар мен құбылыстарға болжамды көзқараспен қарау қарастырылған. Осындай мақсатпен ғалым мектеп жасына дейінгі балаларда заттармен құбылыстардың өткені туралы елестетіп, қоршаған орта заттарының қимылын, өзгерістері мен дамуын байқау қабілетін дамытуды көздейді. Қазіргі зерттеулерді қарасақ мектеп жасына дейінгі балаларды заттардың тарихымен таныстыру тек мұражай педагогикасы аясында ғана жүзеге асырылады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары А.В.Бакушинский, С.Т.Шатский, В.И.Шмит, т.б. сәби жастағы балаларды мұражай мәдениетіне араластырудың қажеттілігін дәлелдеген. Кейінгі зерттеулерде (Е.Н.Конухова, Н.Л.Кульчинская, Н.Д.Раева, Т.В.Чумакова және басқалары) сәби шақтағы балаларды мұражай қорларымен таныстырудың маңызын көрсетті. Алайда мұндай жұмыстар кіші мектеп жасындағы балаларға лайықты болған еді.
90-шы жылдардың басынада (А.П.Михеева, Л.В.Пантелеева т.б.) мектеп жасына дейінгі ересек топтарындағы мұражайлық қойылым негізінде рухани және материалдық мұрағатқа бағытталған жұмыстар жүргізілді.Осы жастағы балалармен әдеби, көркем, мемориалды, өлкетанушы мұражайларда педагогикалық құндылық зерттелген [5].
Мұражай қызметін мойындай отырып, балаға адамдар заттарды қалай өзгерткені, оларды өздеріне қажетті және ыңғайлы, әрі әдемі және пайдалы етіп жасағаны туралы түсіндіру – балаға болашаққа жол көрсету болып табылады. Бұл балаларды заттарға шығармашылық және жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Ата-бабаларымыздың мәдени құндылықтарға бай қоғамы, балалардың алдында өзіндік түсінігін береді. Балалар заттарды өздерінің байлығына айналдыра отырып, затсыздандырады (Л.Н.Коган) [6]. Бұл тек адамның арманы ғана емес, қажеттілігі. Осы процесті меңгеру барысында балада мәдени құндылығы артып, шығармашылық күші мен қабілеті қалыптаса бастайды. Осы процесстің диалектикасы көптеген жағдайлардың байланысын: мәдениет пен адамның қызметі, сонымен қатар мәдени құндылықтарды жасаушы, адамның даму процесінен тұрады. Адам – бір уақытта мәдени дамудың субъектісі және мәдени әрекеттің объектісі болып табылады. Тарихи білімнің пәні – нақтылық пен қайталанбасында, адамдардың өткені мен қоғамдық және табиғи дамудың (адам – табиғат – қоғам) мәдениетінде. Мектеп жасына дейінгі балаларға заттардың тарихын меңгерту баланың даму процесінде заттардың шығу тарихын білу, болашағын болжауға ықпал етеді. Сонымен қатар өткенге оралу – өзін-өзі танудың құралы және әлемдегі өз орнын, құнды бағдарын анықтау болып табылады [7]. Қазіргі талабы жоғары, технологиялық қоғамда, бала қызмет етіп, өмір сүруі үшін, балаларды заттардың тарихымен таныстырудың маңызын ерекше атап өтуге болады. Бірақ мектеп жасына дейінгі балаларға заттардың тарихымен таныстыру жолдарын, әдіс-тәсілдерін ұйымдастыру әлі де талай зерттеулерді қажет етеді.

Әдебиеттер
Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті білім беру стандарты. -Астана, 1.001-2012.
Аймағанбетова. Қ.А. Мен және бәрі, бәрі, бәрі… Қоршаған ортамен таныстыру /Қ.Аймағамбетова.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2006.
Логинова В.И. Формирование познавательной деятельности в процессе системы знаний и умений у детей дошкольного возраста. –М., 1987.
Дыбина О.В. Предметный мир как средство формирования творчества у детей. –М.: Педагогическое общество России, 2002. 160 с.
Тихонова А.Г. Дошкольнику о музейной культуре: Методическое пособие для воспитателей, педагогов ДОУ и родителей /А.Г.Тихонова –М.: АРКТИ, 2006. 80 с.
Меңжанова А.К. Мектепке дейінгі педагогика: Алматы, Рауан, 1992.
Аралбаева Р.К. Дошкольная педагогика. Учебное пособие. Талдыкорган, 2011.

Түйіндеме
Мақалада мектеп жасына дейінгі балаларды заттардың тарихымен таныстыру жолдары, әдіс-тәсілдерін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған.

Резюме
В статье рассматриваются проблемы организации способов, методов и путей ознакомления с историей предметов детям дошкольного возраста.

Утелова М.Б.
Педагогика және психология кафедрасының оқытушысы
Есік гуманитарлық – экономикалық колледжі

Жүктеп алу

Share.

Leave A Reply