Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
464 қаралым

Мектепке дейінгі тәрбиелеу-оқыту үрдісінде құм терапиясының элементтерін қолдану

0

Туганбаева Гульзат Абилдаевна,
№8 «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасының педагог-психологы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы

Қазіргі таңда білім беру саласында едәуір өзгерістер болып жатқаны белгілі. Қоғамның сұраныстары бойынша жаңа ғасырдың адамы жан-жақты, креативті, өз-өзіне сенімді, терең ойлайтын, «Мен-концепциясы» бар тұлға болуы керек. Мұндай бейнені қалыптастыру үшін оқыту мен тәриелеу жүйесіне бірқатар өзгертулер енгізу керек, әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын дәстүрлі әдіс-тәсілдерді өзгерту қажет.
Алғаш рет құм терапиясын К.Г.Юнгтің шәкірті Дора Кальфф 1950 жылдары Sandplay деп атап, әлемге жариялаған еді. Қазақстанда бұл әдіс, салыстырмалы түрде қарасақ,жаңа әдіс болып табылады. Балалардың эмоционалды, ерік-жігерлік аясын дамытуға септігін тигізген бұл әдісті балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу үрдісіне кіріктіруді ұсынып отырмыз.
Балабақша психологының ең басты міндеті – бала дамуының психологиялық сүйемелдеуі. Оның ішіне алғашқы скрининг, диагностика, түзету-дамыту, ағарту-сауықтыру және кеңес беру жұмыстары кіреді. Осы аталған әр бағытта түрлі әдіс-тәсілдердің қолданылуы, көп талап етеді. Бірақ осы бағыттардың бәрін құм терапиясы біріктіре алады. Өйткені құм терапиясының басқа әдістерге қарағанда артықшылығы оны басқа да әдістермен біріктіріп үйлесім баланың шығармашылық әлеуетін, бейнелік-логикалық және сөздік-логикалық ойлауын, қиялын, қолдың ұсақ моторикасын дамытды, баланы адамгершілікке баулиды және эмоционалды кернеуді босатуға үйретеді.
Құмның тағы бір әмбебаптылығы-құмға басқа да кинетикалық әдістерді бейімдеуге болады. Мысалы «Отбасының кинетикалық суреті», «Әлемдегі жоқ жануардың суреті» және т.б. проективті әдістерді бейімдеп көруге болады.
Құм терапиясының басқа әдістерге қарағанда бірқатар ерекшеліктері бар:
1. Психолог жұмыс істеу барысында балаға еш нәрсені үйретпейді, тәрбиелемейді, оның бойында белгілі жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырмайды, ол тек бақылап отырып, арнайы сұрақ қойып, балаға өзімен-өзі болуға, оның өзіндік Мен-концепциясын қалыптастыруға көмектеседі.
2. Көптеген балалар суретті қағазға салған кезде «Мен сурет сала алмаймын» деп қарсылық білдіреді, ал құмда сурет салу үшін арнайы икемділік керек емес, себебі сәтсіз бейнелерді жеңіл өшіріп тастауға болады, ол үшін құмның үстін алақанмен жүргізсе болғаны. Бұл суреттер қозғалмалы функцияға ие, әсіресе, қобалжу деңгейі жоғары балалар үшін ыңғайлы.
3. Баланың эмоциялық ерік-жігерін дамытуда ең қолайлы әдіс болып табылады. Ересектер көп жағдайда баланың танымдық, интеллектуалды бастамаларына назар аударады да, эмоциялық жағдайына көңіл бөлмейді. Ал шын мәнінде, баланың эмоционалды интеллектісінің, ойлауының дамуына алып келеді.
Осы орайда құмтерапиясының элементтерін тек психолог мамандар ғана емес, тәрбиешілер, логопед және басқа да мамандар қолдана алады.Өйткені құм адам психикасы үшін экологиялық материал болып табылады.
Оқу-тәрбие үрдісінде стандартты әдіс-тәсілдерді қолданудан гөрі құм терапиясының элементтерін пайдаланудың артықшылықтарына назар аударып көрейік:
1. Оқу-тәрбие үрдісін қызықты етеді, бала өз бетімен жұмыс істеп, зерттеудің жаңа аймақтарына қуана ауысады;
2. Әр баланың оқу әрекетіне қатысу мүмкіншілігі бар, яғни сабаққа өз үлесін қосады. Мысалы, құмсалғышқа арнайы кішігірім ойыншықтарды салып, оларды түрлі қимыл-қозғалысқа келтіріп ойнайды;
3. Сабақ барысында топта жағымды психологиялық ахуал туғызады, сабаққа сиқырлы сипат береді;
4. Танымдық процестері (түйсіну, қабылдау, елестету, зейін, есте сақтау қабілеті, ойлау, қиял) қарқынды дамиды, шығармашылық қабілеті артады;
5. Оқыту үрдісінде түзету жұмыстарын жүргізуге болады;
6. Қолдың ұсақ моторикасының дамуымен қатар баланың сөйлеу тілі дамиды. Белгілі педагог В.А. Сухомлинский «Баланың ақыл-ойы оның саусақтарының ұшында» деген болатын. Құммен жұмыс істеу барысында бала құмды ұстап көреді, оның әр түйірін, температурасын, дымқылдығын сезе отырып сенсорлық тәжірибе алады. Мұндай тәжірибе баланың дамуына өз үлесін тигізеді. Мысалы, бала қағаз, целлофанды алып, оның әрқайсысының үстіне қолмен ақырын құм төккенде, түрлі дыбыстарды естиді, бұл баланың фонематикалық есту қабілетін дамытады.
7. Бала көзін жұмып құмның арасынан белгілі ойыншықты сипап сезу арқылы анықтағанда оның тактилді сезгіштігі дамиды.
8. Заттық-ойын әрекетінің дамуының арқасында болашақта сюжеттік-рөлдік ойындарды ойнау және қарым-қатынас жасау дағдылары арта түседі.
Құм терапиясы әр баланың бойындағы жасырын қабілеттерін оятуға, оның бойындағы психологиялық мәселелерді (қорқыныш сезімі, өз-өзіне сенімсіздік, басқа балалармен тіл табыса алмауы агрессивті мінез-құлық, өзіндік бағалауы төмен) шешуге, өз қалауларын түсініп, жүзеге асыруына септігін тигізеді. Тек дұрыс мақсат-міндет қойып, үрдісті дұрыс ұйымдастырса, құммен ойнатылатын ойындар терапиялық, оқыту және тәрбиелік маңызға ие болады.
Мектеп жасына дейінгі балалар өз сезімдерін, эмоцияларын вербалды тұрғыда жеткізе алмайды, сол себептен оларға бойындағы эмоцияларын білдіру үшін арнайы кеңістік қажет. Осыдан құм терапиясының тағы да бір ерекшелігін көре аламыз.
Кіші топ тәрбиеленушілеріне құмсалғышты дұрыс қолдану ережелерін түсіндіру үшін кішігірім ертегі айтып беруге болады. Мысалы, «бұл жай ғана құмсалғыш емес, бұл-сиқырлы Құм перизатының әлемі. Ол келген қонақтарды қуана қарсы алады. Бірақ бұл әлемнің арнайы ережелері бар, оны қатаң сақтау керек. Келген қонақтарға құмды шашуға болмайды, құмды жеуге болмайды, өйткені Құм перизаты өз әлемінің тұрғындарын іздейді, егер таба алмаса, қатты ренжіп, жылайды».
Құм терапиясының элементтерін түрлі сабақтарда пайдалануға болады. Мысалы, математика сабағында геометриялық пішіндерді үйретуге, баланың сан, көлем, кеңістік туралы ұғымын дамытуға ықпалын тигізеді. Ол үшін арнайы ойындарды ұсынамыз. Мысалы «тіктөртбұрышты тап», «Оң жақ жоғарғы бұрышқа үш тас қой» және т.б.
Көркем әдебиет сабағында құм терапиясының элементерін жоғарыда айтылып кеткен ертегі терапиясымен байланыстырып қолдануға болады. Балалар құм кейіпкерлерінің тұратын мекенін тауып, бір-біріне баратын жолды, тау, өзен және де басқа табиғат құбылыстарын бейнелей алады. Ертегідегі сюжеттің өзгеруіне қарай құмдағы композицияны да тез арада өзгертіп отыруға болады.
Тіл дамыту сабағында қойылған ертегі сюжеті бойынша балаларға еркін әңгімелесуге немесе мазмұнын өз сөзімен айтуға мүмкіншілік беріледі, құмсалғышта тұрған бейнелер ойыншықтар балаға болған оқиғаны қайта есіне түсіруіне көмектеседі. Баланың ұсақ моторикасының дамуымен қатар оның тілі де дамитынын ұмытпауымыз керек. Мұндай сабақта перцептивті дамыту тапсырмаларды орындауға болады.
— Құмсалғыштың ішінен ұсақ-түйек заттарды табу (бастапқыда заттар біраз ірілеу болуы мүмкін, кейін оларды ұсақтатуға болады);
— Белгілі затты ғана іздеп табу;
— Баланың көзінше түрлі-түсті пішіндерді көміп тастап, одан кейін қай пішін қай жерде орналасқанын сұрау;
— Белгілі жерде орналасқан затты сипаттау. Мысалы, төменгі сол жақ бұрышта жатқан заттарды тауып, сипатау.
Сауат ашу сабағында балалар саусақтарымен құм бетіне әріптерді, буындарды жазып, қалағанынша оңай өшіріп, өзгертіп, қайта жаза алады. Мысалы екі әріптен тұратын буындарды жазғанда, бірінші әрпін қалдырып, екіншісін ауыстырып отыруға болады: та, то.
Жапсыру сабағында құмға көбірек су құйып, одан түрлі пішіндерді жасауға болады. Және құмсалғыштың түбі туралы да айта кету керек. Бала оның түбін ашқан сайын өзінің бейсаналық бөлімімен түйіседі, бұдан баланың эмоционалды көріністерін байқай аламыз.
Ағылшын, қазақ тілдерін үйрету барысында да құм терапиясының элементтерін қолдануға болады. Мысалы, қазақ тілін жетік меңгермеген балаларға қазақ тілінде ертегі айтып беріп қана қоймай, кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарына дейін көрсетуге болады. Бала тілді түсінбегенімен, кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарын түсінеді.
Сонымен қатар құм терапиясының элементтерін кіріктірілген оқыту үрдісінде қолдану қолайлы. Мысалы, математика сабағында қолданылған ұғымдарды құмға салып, ары қарай басқа пәнде де пайдалануға болады. Егерде көрнекіліктерде статикалық бейнелер болса, құмсалғыштың ішінде олардың бәрін қозғалмалы етуге болады және де алдыңғы сабақтан алған композициясы бар жәшік балалардың ойына өткен тақырыпты салып тұрады.
Басқа пәндерде де құмда балаға белгілі тақырып бойынша («Менің арманым», «Балабақша», «Достарым», «Демалысты қалай өткіздім» және т.б) құм композициясын жасауды ұсынуға болады.
Әрі қарай композициялар келесі 6 қадам бойынша интерпретацияланады:
1. Баланың эмоциялық қатынасы (құм композициясы ұнайды ма, ұнамайды ма? Композицияда не болып жатыр? Қалай аталады?);
2. Баланың бейнелерге деген эмоциялық қатынасы (Басты кейіпкер кім? қай ойыншықты бірінші қойды?);
3. Композициядағы бейнелердің, фигуралардың сапалық қасиеттері (мына үй немесе адам, ағаш, жануар) қандай? Оларды сын есім арқылы сипаттау);
4. Ол қасиеттерді сюжетті және жағдайды өмірмен немесе адамдармен байланыстыру. (Осы сезім кімге бағытталған еді? Кейіпкерлердің сезімдерін сезініп көрдің бе?)
5. Құмдағы композицияны баланың өз бетімен түсіндіруі (әңгімелеп беру, ертегі құрастыру, кейіпкерлерге кеңес беру);
6. Егер де бала ешқандай түсініктеме бере алмаса, әңгімені келесі түрде жалғастыруға болады «Қалай ойлайсың…)
Осылайша құм терапиясының элементтерін тәрбиелеу-оқыту үрдісінде қолдану арқылы баланың жан-дүниесін түсінуге, жасырын әлеуетін дамытуға, оның әлемге, басқа адамдарға және сенімін жоғалтпауға жағдай жасауға, баланы тұтас тұлға ретінде қабылдап, үйлесімді дамуына әсер етуге болады.

Фото: Туганбаева Г.

Share.

Leave A Reply