Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

«Жетістікке жету — өз қолыңда!» кездесуі

0

Мақсаты: Мамандық таңдау кезінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу. Оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу және адам өмірінде мамандықтың алатын орны, маңызы туралы түсінік қалыптастыру.
Әдіс — тәсілі: кездесу, әңгімелесу, психологиялық жаттығу, сұрақ — жауап.
Кездесу бағдарламасы:
1. Кіріспе сөз
2. Қонақтарды таныстыру
3. Сұрақ бізден – жауап сізден (қонақтармен пікірлесу)
4. Презентация
5. «Менің таңбам» (психологиялық тренинг)
6. «Жағдаяттық сұрақтар»
7. «Ең жақсы мамандық» ойыны
8 . Жетістікке жетудің 7 қадамы
9. Шеберлік класы

1. Кіріспе сөз. Құрметті ұстаздар,оқушылар, қонақтар. Баршаңыз да бүгінгі «Жетістікке жету- өз қолыңда» кездесу кешіне қош келдіңіздер! Әдетте мектептен түлеп ұшқалы отырған 11 сынып оқушыларын көбіне қандай мамандықты таңдаймын немесе таңдаған мамандыққа қалай қол жеткіземін деген ойлар мазалайтыны анық. Сондықтан да мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу үшін бүгінгі кешімізге түрлі маман иелері, елге елеулі, халыққа қалаулы, ауылымыздағы бетке ұстар ағаларымыз бен апаларымызды шақырып отырмыз. Бұл қонақтармен кездесіп, ой бөлісу, пікір алысудың маңызы өте зор.

Алдымен мамандық, мамандық таңдау деген не екеніне қысқаша түсінік беріп өткенді жөн көріп отырмыз.
Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді екен. Біреулері үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, ал келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулер үшін – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң.

Әрбір мамандықты таңдау үшін, ең алдымен өзін және өз бейімділігін тану қажет және өз-өзіне «Мен кіммін?», «Болашақта қандай маман иесі боламын?», «Өмірдегі менің орным қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеу қажет деп ойлаймын. Э.Ф. Зеер айтқандай «Мамандықты дұрыс таңдау – ол өмір жолының сәттілігінің негізі» дегендей мамандықты дұрыс таңдай білу алдағы өміріңнің сәттілігі деп түсіну керексің.

Мамандық дегеніміз не?
Оқушылардың пікірлері сұралады
• — Біздің болашағымыз – біздің мамандығымызда;
• — адамның болашаққа апаратын жолы;
• — адамның алдағы уақытқа қойған мақсатының бірі;
• — мамандық бойынша адам жұмыс істейді;
• — оқуды бітіргеннен кейін таңдайтын мамандық;
• — ол белгілі бір кәсіпке ие болу бейіндігі, ұнату, таңдау, арманыңды іске асыру;
• — мамандық сөзі ол жұмыспен сипатталады;
• — келешекке қойған жоспары, мамандығын ойдағыдай бітірсе, игерсе сол
• — адам жаны қалаған қабілеті бар кәсіпкерлік жұмыспен айналысады.

2. Қонақтармен таныстыру.
1. Мектебіміздің түлегі А.Қалыбеков ауыл әкімшілігінің кітапханашысы Мусалин Жайсан апайымыз
2. Мектебіміздің түлегі Стоматолог-техник Шынтілеуов Сәкен ағамыз
3. Стоматолог- дәрігер Омаров Бақыт ағамыз

3. Сұрақ бізден – жауап сізден (қонақтармен пікірлесу)
Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және ағаларымыздың ақыл-кеңестерін тыңдағанда артық етпейді деп ойлаймыз. Олай болса бүгінгі кешіміздің қонақтарынан сұрақтарға байланысты өздерінің ойларын білдіріп отыруларын сұраймыз.
Ендігі кезекте оқушыларымыздың толғандырып, білгісі келіп жүрген сұрақтарына береміз.
Қатысушыларға берілетін сұрақтар:
Білікті маман болу үшін адам ең алдымен немен қарулануы қажет?
— Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек деп ойлайсыз?
— Адам болашақ өз мамандығын таңдаған кезде, нені басшылыққа алу қажет?
— Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
— Жақсы маман болуы үшін адам нені біліп, нені үйренуі қажет?
— Қай уақытта адам өз еңбегінің жемісін көре алады?
— Осы мамандығыңызға жүрек қалауыңызбен бардыңыз ба?
— Әттеген — ай деген шақтарыңыз болды ма?

4. «Презентация»
Жүргізуші: рахмет, өте жақсы. Қараңыздаршы, біздің алдымызда 3 білімді адам тұр:
Олар ақылды, белсенді, тәуелсіз, тәрбиелі, ғылым мен білімді меңгерген патриоттар. Біз өзімізді толық білімді адамбыз деп әлі елестете алмаймыз деп ойлаймын, біз тек сондай болуға ұмтылыс үстіндеміз, сол идеалға жету жолындамыз.

«Идеалдан қашықтық» жаттығуы
Қазір орнымыздан тұрып, әрқайсысымыз өзіңізді идеалдан қандай қашықтықтамын деп есептейсіз, сол жерге барып тұрасыз. Дәл қазіргі кезде білімді адамнан әр түрлі қашықтықта тұрмыз. Ал енді біз қазір бәріміз бірігіп осы қашықтықта тұрмыз. Енді менің қасыма келіп бір кірпіштен аласыз (қызыл түсті қағаздан жасалған). Осы кірпіштерден біз идеалымызға дейін жол саламыз.

«Жол салу» жаттығуы
Енді әрқайсысымыз «қасиет» жазылған кірпішімізді дауыстап айтып жерге қойып білімді адамға жол саламыз. Бүкіл кірпіштер салынып болғанда оқушылар дәл тақтаның алдына жетеді. Сонымен бізге білімді адамға жету үшін: мақсат, ниет, ынта, еңбекқорлық, табандылық, оптимизм, жігер, батылдық, шыдамдылық, ақылдылық, жүйелілік, алға ұмтылушылық, қызығушылық, білуге ұмтылу, қайрат, төзімділік, намыс қасиеттер қажет екен. Сонымен біз жеттік, жолымыз ауыр болды-ау.
Иә, білімді адам болу оңай жұмыс емес екендігіне көзіміз жетті.

5. «Менің таңбам» (психологиялық тренинг)
Мен жақсы істей аламын
Өзімді жақсы сезінетін орта
Ең үлкен жетістігім
Мен сенетін үш адам
Өзім туралы естігім келетін үш сөз – деген сөздер жазылған парақшалар қонақтарға таратылып, толтырып, талданады.
Қазіргі заманғы жоғары білімі бар маманға қандай талаптар қойылады? Слайдпен көрсету.
– Компьютерді білу;
– Бірнеше тілді, ағылшын тілін білу.
– Адамдармен қарым – қатынас жасай білу.
– Өз тауарын, қызметін өткізе білу.
– Тез шешім қабылдап, бастамашылық жасау.
– Үнемі білім алуға, қайта оқуға бейімділік.

6. «Жағдаяттық сұрақтар».
1. Сен өзіңе ұнаған мамандықты таңдадың, бірақ ол мамандыққа ата-анаң қарсы. Сен ол кезде не істер едің?
2. Ата-анаң саған бір мамандықты таңдап берді, бірақ ол мамандық саған ұнамады. сен ата-анаңның шешіміне қарсы боласың ба?
3. Өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз, ойландыратын жағдай болды ма? Болса не істер едіңіз?

7. «Ең жақсы мамандық» ойыны. Қатысушыларға мынадай сұрақ береді, Қатысушыларға келесі мамандық мінездемелері ұсынылады:
Ең ақшасы көп мамандық
Ең жасыл мамандық
Ең тәтті мамандық
Ең жауапты мамандық
Ең салмақты мамандық
Ең қарым-қатынасы күшті мамандық

8. Жетістікке жетудің 7 қадамы
Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең жауапты кезең. Талапкер үшін мамандық таңдаудың жеті басты қадамын ұсынуды жөн көрдік.
Бірінші қадам:
Байыппен бағдарлай біліңіз
Жас адамның бір тоқтамға келуіне қиялдың да әсері бар. Біреуді кинодағыдай романтикалық мамандықтар қызықтыруы мүмкін. Біреулер туғаннан маңдайына жазылған ата-анасының жолын таңдайды. Біреулер ЖОО — ға жақын досына немесе құрбысына серік болып барады, ал енді біреулер үйіне жақын оқу орнына құжат тапсыруға асығады.
Мамандық таңдау адам тағдырында көп нәрсені шешетіндіктен, оған атүсті қарау – жеңіл ойлылықтың белгісі. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін мүмкіндігінше аса мән беріп, байыппен қабылдаңыз.
Екінші қадам:
Дұрыс шешім өз қолыңызда
Ең бірінші бұл таңдауды өз бетіңізше жасау керектігін саналы түрде ұғыныңыз. Ата-аналардың, достарыңыздың ықпалынан шыға алмай қалмаңыз. Олар не айтса да, бұл – сіздің тағдырыңыз.
Үшінші қадам:
Бейімділігіңізді ескеріңіз
Бастапқыда өз қызығушылығыңызға назар аударыңыз. Немен айналысқанды қалар едіңіз? Қандай пәндер ұнайды? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Адамдармен, әсіресе, бөгде кісілермен оңай тіл табыса аласыз ба? Көп нәрсе сіздің бейімділігіңізге байланысты.
Төртінші қадам:
Өзіңізді сынақтан өткізіңіз
Бәрінен бұрын өзіңізді ой елегінен өткізіп көріңіз: өзімнен және өзімнің жұмысымнан нені қалаймын? Бес жылдан кейін өзімді қалай елестетемін? Барлық ақпараттарды пайдалана отырып, болашақ мамандығыңыз туралы көп мәлімет алуға тырысыңыз. Өзіңіз таңдаған мамандық иелерінің іс барысын көзіңізбен көру үшін сол кәсіпорын, мекемелермен танысуға шығыңыз.
Программист болғыңыз келсе, компьютерлік ойындарды ғана тұтпай. Ең болмаса қарапайым бағдарлама жасап көріңіз. Дайындық курстарында жазылсаңыз, тіпті жақсы. Ең дұрыс тәсіл – жазғы демалыс кезеңде өзіңізді қызықтыратын саланың ең кіші қызметкері болып жұмысқа тұрсаңыз, таңдауыңыздың дұрыс бұрыстығына көзіңіз анық жетер еді.
Бесінші қадам:
Сұранысты да назар ұстаңыз
Болашақ мамандығыңызды еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, интернеттің еңбекке орналастыру сайтында қандай мамандарға сұраныс бар екендігін қараңыз. Арнайы агенттіктер жүргізген болжамдардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңызға қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтаңыз.
Алтыншы қадам:
Мамандар не дейді?
Егер күдік — күмәннан арыла алмасаңыз, онда мамандардың көмегін пайдаланыңыз. Мұндай кезде психолог кеңесші мамандар жәрдемдесе алады. Сондай — ақ, қабілетіңіз бен бейімділігіңізді анықтауға көмектесетін арнайы психологиялықтестілер бар.
Жетінші қадам:
Қорытынды шешім
Мәліметтерді жинастыра келіп, өзіңізге ұнаған негізгі 5 — 10 позицияның тізімін жасаңыз. Одан кейін парағыңызды екіге бөліп, оң және кері жақтарын тізіп, сынақ тәсілін жүргізіңіз. Көңіліңізге қонбайтын сызып тастаңыз. Тізімде үш пункт қалған кезде тағы да қосымша ой елегінен өткізіп, ең соңғы шешім қабылдаңыз.

9. Шеберлік сыныбы.
Ендігі кезекте бүгінгі қонақтарымыз,өз істерінің шеберлері өз кәсіптерінің қыр-сырын айтып, оқушыларымызға осы мамандықтар жайлы толық мағлұмат беруін сұраймыз.
Кері байланыс:
Мамандықты дұрыс таңдауда қандай қателер жіберілуі мүмкін?
Еркін түрде қатысушылар бүгінгі кештен алған әсерлері туралы пікір бөліседі.
— Осы күннен не алдыңыз?
— Өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз, ойландыратын жағдай болды ма?
Қорытынды: Бүгінгі кешімізді мына өлең жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіздер:
Еңбек етсем, ертеңгі — бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер — уақытыма сенемін.
Достық іспен қасты да — жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана білім мен — өнеріме сенемін.
Арым — таза, ақ көңіл — адалдыққа сенемін,
Абыройлы, ақ ниет — адамдыққа сенемін!- дегендей ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі боламын десеңіздер бүгінгі кездесуде апайларымыз бен ағаларымыз айтқан ақыл кеңестерді жадыңызда ұстап ілім — білім алуға барлық күш жігерлеріңді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңі — болашақ маман иелері болуларыңызға тілектестігімді білдіремін.

Мусаева Элмира Алмасхановна

педагог-психолог,

№15 Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектебі

Share.

Leave A Reply