Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
84 қаралым

Жантанушы және мен

0

Мен өзімнің өмірімнің кітабын ақтарып, өмір жолым туралы ойлансам, өмірдегі жетістіктеріммен ешкімге мақтана алмаймын, тәжірибеммен ешкіммен бөлісе алмаймын. Себебі, менің өмірімнің белесі әлі алда деп ойлаймын.
Мен неге психология мамандығын таңдадым?

Психология адам өмірінде әрқашан да маңызды деп ойлаймын: әр адамға қиналған сәтінде психологиялық қолдау керек. Сонымен қатар психология кез-келген мамандықтың қайнар көзі болып табылады, мысалы, дәрігер емделушісін емдеп жазуы үшін, оған психологиялық қолдау жасайды, шаштараз клиенттерін жоғалтпау үшін жағымды қарым-қатынас орнатуға тырысады және де әр мәселенің оң шешімін табу үшін де психологияның маңызы зор.

Жалпы әр адам жасына, әлеуметтік ахуалына, қызметіне қарамай, психологияны меңгеруі керек. Психология адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауына ықпал етеді, адамдардың бақытты өмір сүру үшін оның маңызы зор.
Мектептегі психологтың міндеті сан алуан. Мен мектептің табалдырығын алғаш рет аттап, қобалжулық сезімде жүрген балалармен тіл табысып, олардың жақсы бейімделуіне ықпал жасап, жандарынан табылуға тырысамын. Сонымен қатар, бастауыш сыныппен қоштасып, орта буынға жол тартқан оқушылармен де түрлі жұмыстар жасап, тренингтер жүргізіп отыруды да өзімнің міндетім деп санаймын.

Оқушылар мен ұстаздар арасындағы келіспеушілікті жою үшін де психолог арнайы жұмыстар жасауы керек. Психолог ең алдымен шыдамдылыққа, кішіпейілділікке, төзімділікке бай болуы керек. Сонда ғана ол еңбегінің жемісін көре алады.
Қазіргі қиын қыстау заманда жас жеткіншектеріміздің бойына адамгершілік, рухани тәрбие құндылықтарын бойларына сіңіре отырып тәрбиелеуді жас бүлдіршіннің мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастаған жөн. Себебі осы кезден бастап, баланың тұлға ретінде дамуының жауапты, әрі маңызды кезеңі басталады. Мұнда әрине психолог ең маңызды рөл атқарады.

Өзіңді танымай, өзгелерді түсінуге тырысу – бос әурешілік. Ал өзіңді тану өмірдегі ең қиын мәселе болып табылады. Маған әрқашан да адамдармен жақын қарым-қатынаста болып, олардың проблемаларын түсінуге тырысып, шешімін табу қызықты болып көрінетін.

Адамдармен пікірлесе отырып, аңғарғаным, адам өміріндегі қиыншылықтардың барлығы балалық шақтың «қалдығы» болады екен. Сонда ғана мен психологтың дәрігер мамандығымен тетелес екендігін сезіндім. Ең басты қағида – Гиппократтың «Зиян келтірме» анты. Зиян келтірмеу үшін психолог әрқашан да өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, шыдамдылыққа, төзімділікке үйреніп, ең бастысы – жақсы көріп, түсініп және кешірімді бола білуі керек. Сол кезде ғана сен бақытты боласың. Ал балаға қуаныш сыйлап, оның толыққанды өмір сүруіне және әр күні үшін Құдайға алғыс білдіріп, бақытты өмір сүруі үшін қандай көмек көрсету керек? Ол үшін баланың айналасындағы адамдардың бақытты болғаны жөн. Себебі біздің әрқайсымыз, «іштей баламыз».

Үлкендерге олардың бала кезінен бастап «қалып қойған» проблемаларын шешуге көмектесу керек. Қоғамның психологиялық сауаттылығын арттырып, әр адамның жүрегіне махаббат, сенім, үміт ұялату психологтың басты міндеті.

Міне, психологтың мойнына күн сайын осындай қиын мәселелерді шешу жүгі артылады. Алайда, ол үшін сізді ең басты марапат күтіп тұр – ол жас бүлдіршіннің саған жақындап, жарқыраған бақытты көзімен «Мен сізді жақсы көремін!» деген сөзі. Осы үшін де өмір сүріп, жұмыс істеуге болады, яғни менің мамандығым өмірдегі ең ғажайып мамандық. Мен жантанушы ретінде толық адамға айналар тұлғаға жол көрсетер жан болғаныма қуанамын. Сондықтан мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көрем және жақсы психолог болу үшін барлық ерік –жігерімді сарп етуге әзірмін.

Мағауова Салтанат Абайқызы

Share.

Leave A Reply