Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
120 қаралым

Ежелгі түркі ғұламаларының психологиялық тағылымдары

0

Қазақ халқының психологиялық ой-пікір мәдениетінің даму тарихы көне ғасырлар қойнауынан басталады.

Халқымыздың жалпы даму тарихына сүйене отырып, біз психологиялық ой-пікірлердің қалыптасуын басты үш кезеңге бөліп қарастырамыз.

Бірінші кезең – психологиялық ой-пікірлердің ілкі бастау, түп-төркіндері, басы VI-VIII ғасырлардан басталатын қазіргі түркі тектес халықтардың бәріне ортақ қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңдері. Бұлар халықтық психология – Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Қорқыт ата, әл-Фараби, Ж.Баласағұни және т.б. ғұламалардың тағылымдары. Екінші кезең – Қазақ хандық дәуірінен басталып (XIX ғасырдың орта тұсы), Қазан төңкерісіне дейінгі психологиялық ой-пікірлердің даму жағдаяты. Үшінші кезең – психологиялық ғылымның Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдарында даму тарихы.

 

Ежелгі түркі жазбалары

VI ғасырда Жетісу, Алтай, Орта Азияны мекен еткен тайпалар бірігіп, Түрік қағанаты деп аталатын үлкен мемлекет құрды. Зерттеушілердің айтуынша, «түрік» деген халықтың аты 542 жылдан белгілі болса керек. Түрік қағанатының қоғамдық-экономикалық, саяси-әлеуметтік өмірінде сол кездері жаугершілік дәстүр маңызды орын алады. Олардың алғашқы көсемдерінің бірі – Бумын қаған айналасындағы көрші елдерді өзіне қаратқан. Қағанаттың орталығы Орхон өзенінің (қазіргі Монғолияда) жағасында болды. Истеми қағанның тұсында елдің аумағы бұрынғыдан да ұлғайып, әскери қуаты арта түсті. Көп ұзамай өзара қырғын соғыстар басталады да, қағанат екіге (бірі – Орталық Азиядағы Шығыс түрік, екіншісі – Жетісу, Шығыс Түркістан, Орта Азиядағы Батыс түрік қағанаты) бөлінеді. Батыс түрік қағанаты (астанасы – Шу өзені алқабындағы Сүяб қаласы) аварларды батысқа ығыстырып, Еділ, Жайық бойын өзіне қаратты. Білге қаған мен оның інісі Күлтегін осы ұлан-ғайыр қағанаттың тәуелсіздігін Таң (Қытай) шабуылынан үнемі қорғап келді. Батыс түрік қағандығын құраған әр түрлі тайпалар кейіннен қазақ халқының құрамына енгені тарихтан белгілі. Осы кездің саіси-қоғамдық, әдеби өмірін баіндайтын жазба ескерткіштер бізге жетіп отыр. Солардың бірі – «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» дастандары.

Құлпытасқа жазылған осы ескерткіштер Орхон-Енисей жазбалары деп те аталады. Бұлардың авторы Иоллығтегін дейтін шежіреші екендігі белгілі болып отыр, бірақ қайда туып, қашан өлгендігі жөнінде еш мағлұмат жоқ. Шамамен VIII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген болуы керек. Жазба ескерткіштердің мазмұнына қарағанда оның өз заманында білімді адамдардың бірі болғаны байқалады. Білге қаған інісі Күлтегін қайтыс болғаннан кейін (731 ж.) оныөмірлік есте қалдыру үшін шет жұрттан шеберлер алдырып, Қожа-Сайдам ойпатына үлкен ескерткіш орнатады да, мұндағы өсиет сөздерді өз ағайыны Иоллығтегінге жаздырады. Кейіннен Білге қаған қайтыс болып, інісінің қасына жерленеді. Осы ескерткіштің мәтінін жазған да Иоллығтегін. «Құлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») ескерткішіне дейін де халық жадында сақталған ежелгі бабаларымыздың ерлік істерін, тұрмыс-салтын жалпы жұртқа паш ететін шежірелер болуы ықтимал. Бірақ ол жөнінде әзірше мәлімет жоқ. Автор түркілер тарихын олардың саяси аренаға шыққан кезі – VI ғасыр ортасынан бастайды, яғни түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз етеді. «Құлтегін» ескерткіші желісі жағынан екі бөлімнен («Кіші Құлтегін», «Үлкен Құлтегін») тұрады. Біріншісі – жазылу мерзімінің кейін тұрғанына қарамай – түркі тарихының кіріспе бөлімі іспеттес те, екіншісі мемлекет тарихының негізгі бөлімі, «ел өсиеті» болып есептеледі.

Құлтегін – ежелгі түркілердің тамаша ерлік сипаттарын бойына жан-жақты дарытқан жаужүрек батыр, ұлан-ғайыр кең даланы еркін билеген дала халқының қайсар жауынгері. Ал Тоныкөк болса талай қанды жорықтардың куәгері, үлкен өнер иесі, ойшыл, философ, халық дипломатиясының білгірі. Тас жазуларда ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік, тәлім-тәрбие, тұрмыс-салт мәселелері әсем айшыа өрнектермен, жанды бейнелерге толы сезім толғаныс-тебіреністерімен баяндалады.

Мәселен, «Бізге жеңіс әперген жер-суымыз – Отанымыз деп білу керек… Қандай Қағанат болмасын, оның халғының арасында пәтуасыз (жалқау, оңбаған) табылса, онда сол халықтың қанша соры бар десеңізші. Құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойлап толғаныңыздар… Су ағысы тартылса, жас жапырақ қурайды, адамдардан күш кетсе – жат кісіге бақ кетеді… «Менің ағам мені адам етті… Аштықта тоқтықты түсінбейсің… «Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған сыйдың немкеттісін алады» деп келетін сөз тіркестерінің психологиялық мәні зор. Құлпытастарда осы іспеттес жас жеткіншектерді елін, халқын сүюге, жақсы, ұнамды әдет-ғұрыптарға баулу, үлкенді сыйлау, зеректік пен ойшылдыққа, батылдық пен тапқырлыққа үйретіп, тәрбиелеу жайындағы мәселелер сөз болады. Бұлардың қазіргі жастарымыз үшін тәлімдік мәнін жоймайтыны хақ.

Орхон – Енисей жазба ескерткіштері

(Үзінді)

Аштықта тоқтықты түсінбейсің. Бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп аздарды (тайпа ат. – Қ.Ж.) халық етіп құрап, оларға Төре бек болды… Әкеміз, ағамыз құрған халықтың аты, даңқы өшпесін деп түркі халқыүшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым… Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт қылдым… «Ұландарым, бектерімнің, халқымның қасы-көзі әз болар деп қайғырдым… Жұқаны бүктеу оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалыңдаса, оны тек алып бүктейді. Жіңішке жуандаса, оны тек алып үзеді… Бүкіл түркі халқына жау келтірмедім… қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз (жалқау, оңбаған) табылса, онда ол халықтың қанша соры бар десеңізші… Өлімнен ұят күшті… Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған сыйдың «немкеттісін» алады… Су ағысы тартылса – жас жапырақ қурайды, адамдардан күш кетсе – жат кісіге бағынады… Тағдырды тәңірі жасар. Адам баласы өлу үшін туады… Егер сен, түркі халқы, өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіңнің от басыңда еш нәрседен мұқтаждық көрмейсің… Ержүрек халық – күшті халық… Бізге жеңіс әперген жер-суымыз – Отанымыз деп білу керек.

Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жыр

Өмір дегенің – керуен, бір жерге қонса, ертеңіне көшіп кетеді. Оларды ажал ұрлап, жер астына тықты. Дүние дегеннің баяны жоқ. Басыңа қарап түнек ажал келсе, оның қарызын төлейсің.

Алла сенің деніңді сау қылып, бақ-дәулетіңді арттыра берсін. Әруағын қозғап. Жырға тиек еткен сол ерлерге көктегі Алланың өзі жар болсын. Хан ием, саған айтар тілегім – мынау туып-өскен жеріңдегі Қаратауларың күйремесін. Зәулім болып өскен көлеңкелі дарағыңды ешкім кеспесін. Күркіреп аққан өзендерің, мінген бурыл атың қанша шапса да, шаршамасын. Қолыңа ұстаған болат қылышың мұқалмасын. Жауға атқан садағың өткір болсын. Ақ шашты анаңның барған жайы жұмақ болсын. Сақалы қудай әкеңнің тұрағы самаладай тау болсын. О, хан ием, Алланың өзі жаққан шырағың өшпесін. Алла Тағала сізді қара ниет адамдарға душар ете көрмесін».

 

Қазан-Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр

«… Жалған дүние кімге опа қылған? Жер бетіндегі өмір мәңгі емес. Адам келеді, оның түбі қайыр емес, — депті. О, хан ием, сізге де мен жақсы тілек айтқым келеді. Сенің мына қарлы заңғар тауларың күйремесін. Басыңа көлеңке болған биік дарағыңа балта тимесін. Мәңгі гүрілдеп аққан сұлу өзендерің шөлге айналмасын. Құдай сені ниеті қара адамдарға душар қылмасын. Астына мінген ақбоз атың шабысынан танбасын. Қолыңа ұстаған қара болатың өткір найзаңның ұшы қайырылмасын. Ақсақалды әкеңнің барған жері жұмақ болсын. Шашы қудай анаңның жүрген жері кең алқалы тау болсын. Оларды Алла мақшардың күніне дейін таза діннен айырмасын. Ол дүниеде құдайдың дидарын көретін болсын. Соған аумин айтамын. Иманды нұрлы жүзіңді көріп, бес түрлі сөзбен дұға оқыдым. Дұғам қабыл болсын! Құдайдың өзі берген бағың өшпесін, үмітің өлмесін. Соған берік бол. Дін иесі Мұхаммед пайғамбардың құрметі үшін құдай күнәларыңды кешірсін, хан ием!»

Тоқа баласы ержүрек Домрул туралы жыр

«…О, сүйген жарым, менің басыма қандай күн туғанын білдің бе? Аспаннан қызыл қанат Әзірейіл келіп, кеудеме мінді, жаныңды аламын деп қылғындырды. Жан тәтті екен. Жаныңды бер деп әкеме барып едім, ол жанын бермеді. Шешеме барсам, о да жаным өзіме керек деді. Екеуі де баладан жан тәтті десті. Енді өзіңмен қоштасқалы келіп отырмын. Артымда қалған биік тауларым саған жайлау болсын. Мұздай құдықтарымынң суы саған сусын болсын. Артымда қалған үйірлі жылқым келеді. Түйем, ақтылы қойым сенікі болсын, өзің кімді ұнатсаң – соған тиіп ал, бірақ артымда қалған екі балам жетімдік көрмесін», — деді Домрул. Сонда әйелі оған: «Батыр туған жарым! Не айтып тұрсың өзің? Көзімді ашқалы өзіңнен басқаны көргенім жоқ еді, жүрегімнің сүйгені бір ғана өзің едің. Тәтті ерніңнің балы тілімнен кетпейді. Тар төсекте бас қостық. Сенен қалған соң, маған биік таулардан не пайда? Сол тауларды жайлау етер болсам, ол менің көрім болсын! Құдықтарыңның мұздай суы менің бойымды сутықан қаным болсын. Сенен қалған алтын-күмісті жаратар болсам, ол маған кебін болсын. Сенен қалған жүйрік аттың үсті маған көр болсын. Сенен соң біреуге тиер болсам, ол мені сары жылан болып шақсын. Анаң мен әкең ақылсыз екен, олар саған жанын неге бермейді? Құдайдың жарық күні, алтын тағы куә болсын, менің жаным сенің садағаң болсын, беремін жанымды сен үшін!» — деді әйелі. Осыны айтып, ол жан беруге әзір болады. Әзірейіл жан алуға келді. Бірақ батыр әйелін өлімге қимады. Құдайға жалбарынып, мұңын шақты. Тыңдалық, ол не айтты екен: «О, құдай, сен биіктердің биігісің. Сені ешкім көріп білген емес. Көптеген ақымақ сені көктен іздейдід сен әрбір сенуші адамның жүрегіндесің. Сен мәңгі жасайтын билеушімсің! Сен үшін мен ұзын жолдардың бойынан құттыхана үйлер саламын. Сенің құрметің үшін ашқа тамақ, жалаңашқа киім боламын. Жанға зәру болсаң – әйелім екеуіміздің жанымызды бірдей ал. О, мейірман, рақымды құдай, қалдырар болсаң – екеуіміздің жанымызды бірдей қалдыр», — деп тілек етті. Бұл тілек құдайға барып жетті. Ол әзірейілге: «Домрулдың әкесі мен шешесінің жанын ал, ерлі-зайыпты мынау екеуіне 140 жылдан өмір беремін», — депті. Әзірейіл Домрулдың әкесі мен шешесінің тынысын тарылтып, жанын алыпты. Домрул өзінің жұбайымен 140 жыл өмір сүріпті.

Әдебиет

Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Қазақтың психологиялық ой-пікірлері. 10-том/Жетекшіс – акад. Ә.Н.Нысанбаев. – Алматы: «Баспалар Үйі», 2006. – 480 б.

Share.

Leave A Reply