Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
414 қаралым

Девиантты мінез-құлықты оқушыларды анықтау мен зерделеу, проблемаларын шешу жолдары

0

Әндір Айдана Бозжігітқызы, 

С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің психологы

 

Қоғамдық жаңарту кезеңінде, Қазақстандағы әлеуметтік саяси, экономикалық қатынастардың сипатының өзгеруі өз кезегінде қоғамдық білім, тәрбие институттарының да жұмыс бағыты мен мазмұнына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл дегеніміз – қоғамдағы мектеп, отбасы орны, оның басты міндеті – бала тәрбиесінде болған көзқарасты өзгертіп жаңа тұрғыдан тану мәселесін туындатты.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан бастап мемлекеттік саясатта келер ұрпақтың денсаулығы, тәрбиесі басты назарда болып келеді. Қазақстан Республикасы Ата заңының 27-бап, 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау жане оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінсе, «Қазақстан – 2030» бағдарламасында, «Әкелер мен аналар, аталар мен әжелердің өз балалары  мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауы» туралы ескертілген. Бұдан әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, отанының сүйікті жане кішіпейіл азаматы болып жетілуіне қоғам алдында өз жауаптылығын түсінуі керек. Яғни, қоғамның басты мақсаты – психологиялық, физиологиялық денсаулығын қалыптастыру болу керек.

Өкінішке орай, қазіргі таңда болып жатқан қылмыс, бұзақылық, ұрлық, зорлық-зомбылық, жеткіншектер арасындағы суицидтің көбеюі, үйден кету, қыздардың жеңіл жүрістері, бастауыш сыныптағы балалардан ақша алу тағы басқа болып жатқан қылмыс  айыптыларының басым көпшілігі 11-18 жас аралығындағы жеткіншектер екенін көрсетіп отыр.

Қоғамда қалыптасқан мінез-құлқы ауытқыған «қиын» немесе «тәрбиесі қиын» балалардың әрекеті девиация деп аталады.

Жеткіншектің мінез-құлқындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар физиологиялық ауытқулардан емес, отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Осы аталып көрсетілген ауытқу девиантты мінез-құлық деп аталады.

Бала мінезін тәрбиелеудің сан қырлы жолдары бар. Мектеп мұғалімдері «қиын» балаларға теріс көзбен қарайды. Олардың мұндай балалармен жұмысы келеңсіз, стимуляция әдісімен бүкіл сынып алдында жүйке жұқартатын әңгіме, жазалау т.б. түрінде жүзеге асады. Әдетте, бұл әрекеттің барлығы оң нәтиже бермейді, керісінше қиын жеткіншектердің мұғалімге, мектепке кектенуі күшейе түседі және қарсы келуіне әкеліп соқтырады.

Отбасы – Бала – Мектеп. Бұлар – бір-бірінен ажырамас үштік одақ болып табылады. Ата-ана тарапынан, мекпеп қабырғасынан жылылық сезінбеген жасөспірімдер өмірде өзін ешкімге қажетсізбін деп есептеп, уайымға шалдығады.

Бала үшін ата-анасынан артық адам жоқ. Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Ендеше, әрбір ата-ана өз перзентін мәдениетті, адамгершілігі мол, білімді, ата-салтын, ана тілін қастерлейтін ұлтжанды адам етіп тәрбиелеу ата-аналық міндеті деп түсінуі керек.

Дана халқымыз “Аурудың алдын ал” демекші кез-келген мәселені пайда болмай тұрып жойған жөн. Дегенмен, қиын оқушының өзі де бұзылған бала емес екендігін сезінуі керек.

Жеткіншектік жаста адамның мінез-құлқы және басқа да жеке басының негіздері қалыптасады. Міне, осы кезеңде жеткіншектермен жасалатын тәрбие жұмысында кемшіліктер айқын көріне бастайды. Соңғы кездері жеткіншектер тәртібінің төмендегенін байқауға болады:

— ата-анамен келіспеушілік жағдайда болу;

— мектептегі қиындық пен сәтсіздік;

— тәртібі қиын құрбы-достарымен байланыс орнату.

Демек, жас баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер етеді, солай болғандықтан оның көп қырлы, жан-жақты болуы отбасына байланысты. Ал педагогикалық әлеуметтік жағынан жіберілетін әлсіздік оқу жүйесіндегі сәтсіздік, аномалды мінез-құлықтың қайнар көзі болып табылады.

Менің ойымша, мұндай қиын өтпелі кезеңде ата-ана тарапынан жеткіншекке дұрыс қарым-қатынас жасай білуі керек. Дұрыс қарым-қатынас дегеніміз – дұрыс сөйлей білу. Яғни, “Мен саған сенемін”, “Мен сені жақсы көремін”, “Мен әрқашан сенімен біргемін”, “Сенің жетістігіңе мен сенемін” т.б.

Өзімнің 7 ай көлеміндегі педагогикалық-психологиялық қызметімде кездескен қиыншылықпен бөлісер болсам, мектепте мінез-құлқы ауыр бір оқушы бар. Ол оқушы толық емес отбасынан. Яғни, анасы әкесімен 3 жасында ажырасып кеткен. Анасының әкесімен ажырасып кеткеніне үнемі анасын кінәлап, өмірге жағымсыз көзқараспен қарайтын. Сол оқушымен коррекциялық, яғни мінез-құлқын түзету барысында жұмыстар жүргіздім. Атап айтсам, жеке тұлғаны зерттеу мақсатындағы М.З.Друзкевичтің «Әлемде жоқ жануар», А.Ассингердің «Қарым-қатынастағы агрессивтілікті бағалау», Басс -Даркидің «Девиантты күйін анықтау» әдістемелерін пайдалана отырып, «Міне менімен не болып жатыр?», «Біз нені жақсы көреміз?», «Шеңбер бойынша фраза», «Танысыңыз, шетелдік!» және т.б. тренингтерін жүргіздім. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Анама алғыс» тақырыбында эссе жазып келуін сұрадым. Бұл эссе қазір «Қазалы» газетінің бетіне жарыққа шықты. Және де қоғамдық іс-шараларға қатыстырып, мешіт имамдарымен бірлескен жиналыс өткіздім. Солай оқушының анасына деген көзқарасының өзгеруіне ықпал жасадым. Осылай оқушының жүрегіне жетер жол тауып, жұмыла жұмыс жасасақ біз алмайтын асу жоқ деп ойлаймын.

Алдағы уақытта жұмысым одан әрі нәтижелі болуы үшін, оқушылардың нақты жағдайын анықтап, диагностика жасау арқылы, талдау нәтижесі бойынша психологиялық сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі жасап отырамын.

Қорыта айтқанда, мынау – мектептің жұмысы, анау – ата-ананың міндеті етіп бөліп жармай-ақ, жас ұрпақты келешек өмір, елдігіміз үшін бірігіп тәрбиелегенге не жетсін.

Фото: firestock.ru

Share.

Leave A Reply