Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

467 қаралым

«Бір-бірімізге жақсы көңіл күй сыйлай білейік» тренингі

0

Мақсаты: Оқушыларды өз көңіл-күйін игере білуге және басқаруға, қадағалауға, дұрыс бағалай білуге тәрбиелеу.
Қажетті құралдар: А4, маркерлер, тренинг ережесі.

Тренинг барысы:
Психолог: Сәлеметсіздер ме, балалар, қадірлі қонақтар! Қош келіпсіздер! Олай болса бүгінгі тренингімізді көңіл-күйімізді көтеруге арнайық. Адамның қарым-қатынасы оның көңіл-күйіне байланысты. Көңіл-күй – адамның ішкі дүниесінің құбылысы, көңіл-күй – адамның айнасы. Адамдармен қарым-қатынас жасау шеберлігі адамның ішкі мәдениетіне, біліміне, тәрбиесіне байланысты болады.
Ендеше қарым-қатынасқа түсу үшін шеңбер жасайық.
«Бір күнгі танысына, қырық күн сәлем» дегендей, біз бүгін бір-бірімізбен дәстүрден тыс амандасудың түрлерін көрсетейік.
Бір-біріне күлімсірей қарап алақанның ішін және сыртын тигізіп сәлемдесу.
Оң жақ, сол жақ тізелерін түйістіріп амандасу.
Оң жақ, сол жақ иықтарын тигізіп сәлемдесу.
Бастарын бір-біріне тигізіп сәлемдесу.
Енді бүгінгі мақсатымыз жүзеге асу үшін бірнеше ереже қабылдауымыз керек.
Ереже. Сөйлегіңіз келсе, қолыңызды көтеріңіз.
Ереже. Өзгелер сөйлегенде, тыңдаңыз.
Ереже. Белсенді болу.
Ереже. Құпиялылық.

«Мен сенімен қарым-қатынас жасауға қуаныштымын» атты жаттығуы.
Психолог: Қазір мынадай тапсырманы орындайсыздар. Жаныңда тұрған оқушыға «Мен сенімен қарым-қатынас жасауға қуаныштымын», «Ал сіз?» деп қолын созған оқушы әрі қарай осы сөзді айтып, келесі оқушыға қолын созады. Осылай тізу арқылы бір-бірінің қолынан ұстайды.
Қызығушылықты ояту. (ойлану, топта талқылау)
«Жақсы көңіл-күй сыйлау», «Жақсы қарым-қатынаста болу» дегенді қалай түсінесің?
(Оқушылардан ойларын сұрап шығады)

«Менің көңіл-күйім» жаттығуы.
Енді барлығымыз алдымыздағы ақ қағазға көңіл-күйімізді түсіріп көрейік. Адам мен табиғат ұқсас, егіз ұғымдар. Әрқайсымыздың көңіл-күйіміз табиғат тәрізді бірде бұлттанады, бірде шайдай ашылады, бірде жауындатады, бірде түнереді және т.б.
Табиғат құбылыстарымен байланыстыра отырып, қағаз бетіне көңіл-күйімізді түсірейік. (Жайлы әуен қойылады) Оқушылар суретттерін көрсетіп, көңілсіз сурет салған оқушының көңілін көтеру қажет.

«Мен күнмін» жаттығуы.
Мақсаты: оқушының өз-өзіне сенімділігін арттыру, оқушылар арасындағы достық, өзара сыйластық сезімін дамыту.
Нұсқау: Күннің суретін салып, ортасына оқушы өз есімін жазады. Шашырап тұрған әр сәулеге бала өзінің жақсы қасиетін, жетістігін, өнерін жазады.
Өзіндік талдау жасау жаттығуы. «Мен кіммін?», «Мен қандаймын»
Психолог: Жазбаша үш сөйлемді жазып, ойларыңызды жалғастырыңыздар:
Мен ойлаймын, себебі мен …
Басқалар ойлайды, себебі …
Менің болғым келеді, себебі …

«Достық алақаны» жаттығуы.
Әр оқушы өз алақанын берілген қағазға түрлі-түсті маркермен салып, астына атын жазады да, орындықтарына қойып, қасындағы оқушының қағазына, яғни алақанның ішіне сол оқушыдан байқаған жақсы мінезін, қасиетін, тілегін жазып шеңбер бойынша жазып шығады. (Өз алақанына келгенше).
Талдау. Алған әсерлері, көңіл-күйлері сұралады.
Психологтың қорытынды сөзі: Адам денсаулығына жасы қарым-қатынастың әсері мол. Қасындағы адамдармен, туған -туыспен, достарыңмен, танысыңмен әрдайыммен жақсы қатынаста болған нағыз мейірімділіктің белгісі.
Халықта мынадай даналық сөз бар: «Адамдардың саған қалай қарағанын қаласаң, басқаларға да солай қара».

Мусуркепова Айжан Карибаевна

Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жұмыскер ауылы,
Абай атындағы ЖОББМ педагог-психологы

Share.

Leave A Reply