Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
544 қаралым

Бейімделу кезеңіндегі бесінші сынып оқушыларын жан-жақты зерттеу жұмыстарының ерекшеліктері

0

Балалық шақтан өткен, бірақ ересектікке жетпеген 11-15 жас аралығындағы балаларды психологияда жеткіншек жас кезеңіндегілер деп атайды. Жеткіншектің кезеңінің шектері шамамен балардың орта мектептің V-VIII сыныптарында оқитын кезеңімен сәйкес келеді.

Жеткіншек кезеңінің баланың дамуындағы ерекше орны оны «өтпелі, бетбұрыс, қиын, сыналатын» кезең деген атауларды бейнеленген. Бұл атауларды осы жастарда болатын, өмірдің бір дәуірден екіншісіне өтуімен байланысты даму процесінің күрделілігі мен маңыздылығы айтылған. Балалық шақтан ересектікке өту осы кезеңдегі дене, ақыл-ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық жақтарынынң негізгі мазмұны мен өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Барлық бағыттарда сапалық жаңа құрылымдар қалыптасады, организмнің сана-сезімінің, үлкендермен және жолдастарымен қарым-қатынасын, олармен әлеуметтік өзара іс-әрекет әдістерінің, мүдделердің, танымдық және оқу іс-әрекетінің, мінез-құлыққа, іс-әрекет пен қарым-қатынасқа арқау болатын моральдық-этикалық нормалар мазмұнының қайта құрылуы нәтижесінде ересектік элементтері пайда болады.

Жеткіншектің жеке басының дамуының аса маңызды факторы – оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі; ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендерден және жолдастарымен, ақырында өзіне қанағаттанарлық қарым-қатынас  орнатуға (өзінің жеке басы мен өзінің болашағын, ниетін, мақсаты мен міндетін жүзеге асыру әрекеттерінің жолбалануы) бағытталады.

Ғылыми тілде адаптация деп аталатын қиындығы көп бейімделу күйін 1 және 5-ші сынып оқушылары бастан өткізеді. Қиындыққа тап болған жас баланы қолдамай, проблемаларын шешуді тек өзіне қалдырар болсақ, не ұтамыз? Ештеңе де. Алайда, жаңаның қалыптасу процесі біраз уақытқа созылады, бұл көптеген жағдайларға байланысты болады. Бұл процесс 5 сынып оқушыларының кіші мектептен орта мектепке өту кезеңінде бастау алады. Адаптация кезеңі 1 айдан 1 жылға дейін созылатынын білеміз.

Осы кезеңде мектеп психологының жүйелі жұмыс жүргізуі өте қажетті деп ойлаймын. Себебі бастауыш буыннан орта буынға ауысқан сәтте мұғалім де, бала да, ата-ана да қиналады. Үшеуі біріне-бірі үйрене алмай, түсінісе алмай жатады. Үлгерімдері де әдеттегідей түсіп кетеді. Бастауыш сыныптың түлектері 5-сыныпқа қадам басқанда неге үлгерімі төмендеп кетеді деген сұрақты естігеніме де біраз жыл болды.

Бастауыш сыныптан бала меңгеруге тиісті білімнің 100 пайызын түгел алып шығуы мүмкін емес екені анық, 80-90 пайызға дейін меңгеріп шығуы мүмкін. Адамның потенциалы мен интеллектісі еш уақытта да 100 пайыз толық жұмыс жасамайтынын психологтар жақсы біледі. Бастауыш сынып мұғалімінің берген білім негізін орта буын мұғалімдері іліп кете алмай жатады? Неге? Сонда олардың білім беру шеберліктері нашар болғаны ма? Әлде басқа себептері бар ма? Сөйтсек, себептері бар екен. Оны бірнеше фактор ретінде қарастырып көрейік:

1-фактор: Бақылаудың әлсіреуі. Бала бастауыш сыныпта 4 жыл бойы 1 кабинетте, бір ғана мұғалімнің бақылауында тұрақты түрде болады да, оның барлық қимылы мен оқу сапасы туралы мәліметтер ата-анасына  күнде белгілі болып отырады. Бастауыш сынып мұғалімі әрі- оның ұстазы, әрі- сынып жетекшісі, әрі- бақылаушысы. Оның талабын тез түсініп алған бала ыңғайына қарай бейімделіп, оқу процесіне өзі де көмектесе бастайды. Мұғалім де әр балаға жеке талап қояды. Түсінбей қалса, сабақтан соң түсіндіреді, әрқашан көмектеседі.

5-сыныпта бұл баланс бұзылады. Әр пәнді әр түрлі мұғалім жүргізгендіктен, әрқайсысының дауысына, сөйлеу мәнеріне, қоятын талабына үйрену қиындық келтіреді. Әрбір баланың мінез-құлқын жаттап, «мәпелеп» отыруға пән мұғалімінің де уақыты болмауы мүмкін. Осы жерде баланың өзін керексіз сезінуі, мақтау естімеуі, мұғалімнің назар салмауы балаға жағымсыз әсер етеді.

2-фактор: Мұғалімнің ауысуы. Бастауыш сынып мұғалімі – әрі ұстазы, әрі анасындай, тіпті туысындай болып кетеді. Балаға білім беріп қана  қоймай, өзіне-өзі қызмет көрсетуге, тазалыққа, әдептілікке үйретеді. Жақсы тамақтануын да қадағалайды, көңіл-күйін де аулайды. Бала мұндай адамның қасында өзін панасы бардай, қорғанышты алаңсыз күйде ұстайды. Кенеттен балаға «екінші анасын» ауыстыруға тура келеді. Әр түрлі мінезі бар мұғалімдердің бір мезгілде айналасына қаптап кетуін елестетіп көріңізші. Оның үстіне мұғалімдердің көбі баланың өзі менің талабыма үйрене қоймады деп шәкіртті кінәлайды. Ал шынында дұрыс педагог балаға қарай алғашқы қадамды өзі жасауы керек. Балаға бір емес, бірнеше мұғалімнің алдындағы «авторитетін» қайта құру талабы тұрады. Толқытатын, қорқытатын, шошытатын шындық- осы.

3-фактор: Жұмыс ырғағының ауысуы. Жаңа  пәндер  қосылып, жұмыс көлемі артады. Бастауышта күніне 2-3 пәнге дайындалса, орта буында 5-6 сабаққа  қатар дайындалады. Жаңа пәндерді бірден меңгере алмауы да оқушыны тежейді. Әр мұғалім дәптерді әр түрлі жүргізеді. Тез жаза алмайтын балалар қалып қояды. Жазу көбейіп, бала жалыға бастайды. Тарихшы даталарды жатқа сұраса, математик формуланы жатқа сұрайды, қазақ тілі мұғалімі жеке пікірін есепке алады деген сияқты толып жатқан ұсақ-түйектер баланың мектептегі өмірін қиындатады. Жаңағы талаптың бәрін бір ғана 10 жастағы баланың басына сыйғызу қандай қиын. Ойлап көрсеңіз бәрі де ұсақ-түйектен басталады. Жинала — жинала тамшыдан теңіз құралатыны сияқты проблема күн санап өсе береді.

4-фактор: Білім алшақтығы. Оқулықтардың бастауыш сыныптағы білімнің заңды жалғасы бола алмай отырғандығы рас. Әсіресе, математика пәні бойынша алшақтық көп. Кітапқа түскен әрбір тақырыпты баланың білмейтіні деп қарау керек. Бастауышта  түсінбей қалғанын мұғалімі ерінбей түсіндіреді немесе жолын табады. Ал пән мұғалімінде уақыт жоқ. Түсінбестіктер көңіл-күйді түсіріп, осыдан келіп, екіліктер көбейеді.

5-фактор: Мұғалімдердің жүктемесіндегі жүйесіздік. Мысалы, бір мұғалімге жүктеме 5-ші және 10, 11-ші сыныптан беріледі. Ол көбіне оқушыларының жас айырмашылықтарының алшақтығын ескермей, бәріне бірдей өз әдістемесімен сабақ жүргізеді. 11-сыныптан сабақтан шығып, бірден 5-ші сыныпқа кірген кезде балаға олардың жасына сәйкес емес тәсілмен сабақ жүргізеді. Себебі, 5 минуттық қоңырауда мұғалім  өзін  қайта керекті арнаға бұра алмай қалады. Бұл 5-ші сыныптың баласына 11-ші сыныптың баласындай қарайды деген сөз. Сондықтан, мұғалімге жүктеме баланың жас ерекшелігі мен айырмасын ескеріп берілуі керек. Әрі сол алған сыныбын орта жолда тастамай, бітіріп  шыққанша  жүргізіп, сыныпта ең болмаса пән мұғалімі тұрақты болғаны дұрыс.

Жоғарыда айтып өткенімдей, адаптациялық кезеңдегі оқушылармен жұмысты оқу жылының басынан диагностикалық жұмыстардан бастаймын. Өздеріңіз білетіндей, 5-сынып оқушыларын зерттеу мақсатында бірнеше әдістемелер бар:

—      Джекоб Мореноның «Социометрия» әдісі;

—      Филлипстің мектептегі мазасыздықты анықтауға арналған тесті;

—      Проективті әдістер;

—      Таным процестерін зерттейтін «Сөздер қатарын есте сақтау» әдісі;

—      Ассоциативтік ес көлемін анықтау әдісітемесі;

—      Зейінді бағалау (Мюнстерберг әдісі);

—      А.З.Зак ұсынған «Оқушылардың ойлау қабілетінің даму деңгейін анықтайтын әдістеме»  т.б.

Аталған әдістемелер бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталсақ:

Диагностикалық зерттеулерден көрініс тапқандай балаларда мазасыздану деңгейі орта және жоғары балалар мен танымдық прцестерін дамытуды қажет ететін балалар анықталды. Аталмыш балалармен түзете дамыту жұмыстары, мұғалімдерге, ата-аналарға кеңестер жүргіздім.

Коррекциялық бағыттағы жұмыстар барысында төмендегідей әдістемелерді қолдандым:

«Танысу»  жаттығуы

Мақсаты: танысу, қатысушыларды өзгелердің әңгімесіне эмоционалды тарту, жекелеп айтқанда, балаларды ата-аналар әңгімесіне қызықтыру.

Топтағы қатысушылар шеңбер бойына отырады, олардың біріне доп беріліп өз аттары айтылады және сүйікті ойыншығын айтып ол туралы сипаттап беру ұсынылды.

«Қайырымды сегіз аяқ» жаттығуы

Мақсаты: топтың ұйымшылдығы, эмпатия сезімі мен конгруэнтті өзараәрекеттестік дағдысын дамыту; ырғақпен жұмыс; зейіннің шоғырлануы; бөлінуі; қосылуы; дағдысын дамыту.

Топ мүшелері шеңбер бойына тұрып, бір-бірінің қолдарынан ұстайды. Психолог жәй ғана: көз алдымызға біз сіздермен бір үлкен әрі қайырымды сегіз аяқ екенімізді елестетіңіз. Мұнан кейін топ үшін жалпы тынысалу ырғағын табу ұсынылады. Осыдан соң әркім тыныс ішке алғанда алға бір қадам жасайды, тынысты сыртқа шығарғанда сәйкесінде бір қадам кейін жасайды.

«Біздің қайырымды және үлкен сегізаяғымыз  тыныс алып, өзінің жылы әрі жұмсақ денесін жиырып, қайта жазады. Бір қайырымды әрі сүйкімді сегіз аяқтың қайырымды әрі сүйіктің жүрегінің соғысын естиміз».

Уақыт: 5-7 минут.

«Достық күлімсіреуден басталады» жаттығуы

Мақсаты: сөзсіз алғашқы эмоционалдық жағымды байланысты орнату.

Барлық қатысушылар шеңбер бойынша отырады, әрқайсысы кезекпен көршілеріне қарап күлімсірейді.

“Жылы сөз” ойыны.

Мақсаты: балалардың белсенділігін арттырып, эмоциялық қысымды жою.

Барысы: Барлық қатысушылар шеңбер жасап тұрады. Бастаушы өзінің көршісіне бұрылып қошемет сөз айтады (комплимент), ол оған рахмет айтып келесі адамға жақсы сөз айтады. Ойынды бәрі жылы сөз тыңдап болғаннан кейін тоқтатуға болады.

Баланың психологиялық көңіл-күйін ескеріп оны қалыпты жағдайда ұстау үшін  түрлі жаттығулар жасату өз нәтижесін көрсетеді.

“Алманы  жұлып ал ” ойыны.

Мақсаты: Берілген жаттығу жүйкені тыныштандырып, босаңсуға мүмкіндік береді.

Жетекші қатысушылардан бір-бірінен алшақтау тұруын  сұранады да: “Қазір біз бақшадан алма жинаймыз, олар өте биікте өсіп тұр, оң қолымызды барынша көтеріп бір-біріміздің артымызға тұрамызда, ішке терең тыныс алып алмаларды жұламыз. Енді тынысымызды жәйлап шығарып, алмаларды себетке саламыз.

Сіздердің сол жақтарыңызда тағы да екі өте үлкен алма тұр. Бір-бірлеріңіздің арттарыңызға тұрып алманы жұлып алыңыздар. Керемет! Ары қарай терең тыныс алып  екінші алманы  сол қолымызбен  жұламызда тынысты сыртқа шығарып алманы себетке саламыз.

5-ші сынып оқушыларымен жүргізілген жұмыстарды жинақтай келе, мынадай қорытындыға келдім:

1. Психолог ата-ана, мұғалім мен бала арасын жалғастырушы дәнекер болуға тиіс. Адаптациядан 5-сынып оқушыларының сәтті өтуіне барынша жұмыстар жан-жақты болуы қажет.

2. 5-сыныпқа жетекшілік етуге шешім қабылдаған мұғалімдер оқушылары 4-сыныпта оқып жүргенде-ақ сыныбына барып, сынып туралы мәлімет жинап, байланыс жасағаны дұрыс. Сабақтарына, тәрбиелік шараларына, ата-аналар жиналысына уақыт тауып кіріп, әр баланың жеке құжатын қарап, баланы жақын тану үшін сауалнама, тест, психологиялық тесттер, социограммалар, мінездемелер жинауы керек. Жылдың басында бала мұғалімді танып, қасына жүгіріп келу керек. Кім күтіп тұрғанын оқушы, кімді күтіп тұрғанын мұғалім білсе, қандай жақсы. Жыл басынан-ақ сыныпта тосырқау болмайды сонда.

3. Ата-анамен жұмыс болу керек. Күнделікті кейбір балалар толтырмайды. Себебі, ата-ана бақылау жасамайды. Сондықтан күнделікте баға мен ескертулер болуы керек деп есептеймін. Баладан әр мұғалім күнделікті талап ету керек.

4. Бір ауыз сөздің құдіретін бәріңіз де білесіздер. Педагогтар әр сабақ сайын баладан жылы сөздерін аямауы қажет. Қателеспейтін бала тәрбиелеймін деудің өзі қате немесе  мен ешқашан қателеспеймін деп өзі туралы жоғары ойлаудың өзі  мұғалімнің қателігі.

5. Оқу мен тәрбие – егіз. Айтайын дегенім бала тәрбиені мұғалімнің өзінен және сөзінен, жүріс-тұрысынан алады. Қарапайым мысал: өзі кешігіп келіп тұрып, балаға кешікпе деп ұрсудың әділетсіз екенін бала біліп тұрады да, мұғалімге деген құрметін жояды. Дөрекі сөйлеу, әдепсіз түсініктемелерден аулақ болайық. Тәрбиелік сөздер тек сынып сағаттарында ғана  жүргізілмей, әр сабақ сайын айтылуы керек. Тәрбиесіз берілген білім – ең қауіпті  нәрсе.

Қорыта айтқанда, зерттеу бойынша 5 сыныптағы балалардың мазасыздану деңгейлері, танымдық үрдістерінің даму деңгейі анықталды.

Балалардың танымдық процестерін дамытуда, мазасыздану деңгейін төмендетуде ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын- баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озган, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де жалғаса береді.

Орақбай Бақыткүл Мырзақоянқызы

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Өркендеу ауылы

№104 мектептің педагог психологы

 

Share.

Leave A Reply