Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
360 қаралым

Бақыт сыры

0

%d1%96%d0%b4%d1%80%d1%96%d1%81-%d0%b4Ідріс Дария Ерланқызы,
Педагог-психолог,
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы

“Құс ұшуға жаралған, адам бақытты болуға жаралған”.
Халық мақалы

Сабақтың мақсаты:
— оқушылардың «бақыт» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту;
— бақытқа ұмтылудың мәнін, бақытқа жету жолдарын үйрету;
— бақытты болуға, өмірдің әр сәтін қадірлей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: плакат, үнтаспа, слайд, кеспе қағаздар.

Жоспар:
1. Ұйымдастыру кезеңі
2. Кіріспе
3. «Бақыт деген не өзі?» аудиотаспа тыңдау
4. «Сиқырлы жүзік»
5. Сыр шерту «Менің бақытты сәтім»
6. Бақыттың он сыры
7. Ұлағатты сөздер
8. «Сиқырлы сандық»
Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақтың тақырыбы, мақсаты, барысы түсіндіріледі. Оқушыларды топқа бөліп, өз топтарының атауын қояды, төсбелгі беріледі.
2. Кіріспе
Өмірдегі ең қалаулы нәрсесі не екенін кез-келген адамнан сұраңызшы, «Мен тек бақытты болғым келеді» дейді. Біз бәріміз де сол үшін өмірге келгенбіз. Бірақ бақыт деген не? Шынайы бақыт біздің өмірімізде жабырқау мен қайғы-қасіреттің болмауында емес, қуаныш пен қанағатты сезіне біліп өмірге шаттануда. Адам өмірде бақытты бола алады, болуы да керек, тек оны сезіне және бағалай білсе. Бақытты әркім өзінше тұжырымдайды. Бақыт дегеніміз:
— Махаббат
— Отбасы
— Достар
— Байлық
— Денсаулық
— Еңбек
— Қаржылық жағдайдың дұрыстығы
— Табыс
— Жетістік
— Өзін-өзі табу
— Үйлесімділік
3. «Бақыт деген не өзі?» аудиотаспа тыңдау.
4. «Сиқырлы жүзік»
Бiр кедей күнi бойы жұмыс iстеп, қатты шаршайды. Бiр арша ағашын әрең кесiп жерге құлатқанда, жоғарғы жағынан екi жұмыртқа домалап түседi де, жарылып қалады. Бiрiншiсiнен бүркiттiң балапаны шығады да, лезде өсiп, адам бойымен бiрдей болады. Екiншi жұмыртқа жарылып, одан алтын жүзiк шығады.
Бүркiт қанатын қағып-қағып қалады да, кедейге:
— Ей, адам ұлы! Сен менi құтқардың. Мен саған мынау алтын жүзiктi сыйлаймын. Бұл – сиқырлы жүзiк. Бiрақ жүзiктен өмiрiңде бiр-ақ тiлек тiлейсiң. Тiлегiң орындалған соң жүзiгiң сиқырын жоғалтып, жәй жүзiкке айналады. Сондықтан тiлегiңдi айтпастан бұрын жақсылап ойлан. Әйтпесе кейiн өкiнiп жүресiң, -дейдi. Осыны айтып, бүркiт ұшып кетедi. Егiншi қуаныштан жүрегi жарылардай боп үйiне қайтады. Жолда зергердiң дүкенiне соғып, зергерден өз қолындағы жүзiктiң қанша тұратынын сұрайды. Зергер: – Екi алтындай болатын шығар, – дейдi. Кедей қарқылдап күлiп жiберiп, бұл жүзiктiң сиқырлы екенiн, оған ешбiр баға жетпейтiнiн айтады. Зергер қара жүректi, арам адам едi. Ол кедейдi қоярда-қоймай қонаққа шақырады. Үйiнде ұйықтап жатқан жерiнде егiншiнiң жүзiгiн ұрлап алып, соған ұқсас жәй жүзiктi салып қояды. Келесi күнi кедей байғүс жөнiне кетедi, зергер есiк-терезесiн мықтап бекiтiп алып:
— Жүз мың алтыным болса, – деуi мұң екен, үстiне алтындар жауа бастайды. Зергер жанталасып, арлы-берлi қаша бастайды, бiрақ есiктi аша алмайды. Дүниеқоңыз зергер алтынға көмiлiп өледi, алтындарын көршiлерi бөлiсiп алады. Ал қайырымды егiншi болса, әйелiне жүзiктi көрсетiп:
— Аллаһ бiзге рақым еттi, ендi қалаған тiлегiмiз орындалады, – дейдi. Әйелi:
— Бiз жер тiлейiк. Егiстiкке жер жетпей жүр ғой, – дейдi. – Жоқ! Бiр жыл тырмысып еңбек етсек, жердi өзiмiз-ақ сатып аламыз, – дейдi күйеуi.
Сол жылы өнiмдерi мол болып, жер сатып алады. Егiншiнiң әйелi:
— Ендi жүзiктен ат пен сиыр тiлейiк, – дейдi. – Соны да жүзiктен сұраймыз ба?
Тағы бiр жыл ерiнбей еңбектенсек, оған да қол жеткiземiз, – дейдi кедей. Келесi жылы ат пен сиыр сатып алады. Әйелi тағы да:
— Бұрын сен Аллаһ Тағалаға жалбарынып, тiлек етушi едiң. Аллаһ тiлегiндi бердi. Қазiр патша боламын, зәулiм сарайда тұрамын десең де, бәрi қолыңда. Шаршап-шалдығып жүргенше, рахатқа батып, тыныш отырмайсың ба?- дейдi. Сонда егiншi тұрып:
— Бiз әлi жаспыз, өмiрiмiз алда. Аллаһқа шүкiр, бiзде қазiр бәрi бар. Жүзiктен бiр тiлек сұрасақ, сиқырын жоғалтады. Алдымызда қиын жағдайлар тап болмайтынына кiм куә? Бiздi қандай сынақтар күтiп тұрғанын қайдан бiлемiз? – дейдi. Ерлi-зайыптылардың арасындағы келiспеушiлiк осымен бiтедi. Кедейдiң қоймалары жыл сайын астыққа толып, бақытты да бақуатты отбасының бiрiне айналады. Жылдар зуылдап өтiп жатады, адал еңбекпен өмiр сүрген егiншi де өмiрден өтедi. Жерлейтiн кезде немерелерiнiң бiрi қолындағы жүзiктi шешiп алмақшы болады, екiншiсi оған қарсы болып:
— Атамыз өмiр бойы бұл жүзiктi қатты қадiрледi, өзi үшiн аса қымбат ескерткiш болса керек. өзiмен бiрге кеткенi дұрыс болар, – дейдi. Осылай үйге бақыт пен байлық әкелген жай жүзiк егiншiмен бiрге көмiледi.
5. Сыр шерту «Менің бақытты сәтім»
Оқушылар өздерінің бақытты сәттерін сыныптастарымен ой бөліседі, бақыт туралы пікірін білдіреді.
6. Бақыттың он сыры
Шынайы бақыттың бірінші сыры – көзқарас күші.
Осы сәттен бастап өз өмірімнен тек жақсылық іздеймін. Мен өз пейілімді, ақыл-ойымды тек өзімді бақытты сезінуге бағыттаймын. Менің бақытты немесе бақытсыз болуым сыртқы жағдайларға емес, өз ойыма, көңіл-күйіме байланысты. Ендеше мен өз ойымды, яғни өз бақытымды басқара аламын.
Шынайы бақыттың екінші сыры — дене күші
Бұған айтар дауым жоқ. Сергек көңіл, ширақ дене өзімді бақытты, сезінуіме көмектеседі.
Шынайы бақыттың үшінші сыры – бір сәттік өмір күші.
Не туралы ойласам да, не істесем де, өмірімнің әр сәтіне: берумен сөйлессем – сол адамға, жұмыс істесем – сол нысанға; жолдан өтсем – машинаға көңіл бөлем.
Шынайы бақыттың төртінші сыры – өзін-өзі тану күші.
Өзім туралы жаман ойдан арылу үшін:
● басқалардың айтқаны әділ екендігіне анықтаймын, егер оған негіз болса, өзімнің теріс жақтарымды өзгертемін;
● күнбе-күн болашақта өзімнің қандай адам болатындығым туралы жақсы ойлармен өзімді-өзі сендіремін;
● не үшін өзіме-өзім ұнаймын, не үшін өзімді-өзім сыйлаймын деген сауалдар қоямын.
Адам баласының ең ғажап қасиеті – әрқашан дұрыс сұраққа дұрыс жауап бере алуында.
Шынайы бақыттың бесінші сыры – мақсат күші.
Мақсаттар өмірімнің қиын кезеңдерін неғұрлым жеңіл, жеңіл кезеңдерін одан да жарқын етеді. Ол өміріме мән мен мағына береді. Менің таңертең төсектен риза болып тұруыма түрткі болады
Шынайы бақыттың алтыншы сыры – шаттық күші.
Өмірді қызық жағынан қабылдай білсем, өз бақытымды сезіне аламын.
Ұсақ нәрселер үшін мазамды алмаймын. Өмірімнің көпшілігі осы ұсақ-түйектен тұратынын есіме сақтаймын.
Шынайы бақыттың жетінші сыры – кешірім күші.
Қателіктер мен сәтсіздіктер менің өміріме сабақ болады. Өзгелерді де, өзімді де кешіре білемін.
Шынайы бақыттың сегізінші сыры – сыйлық күші
Өзіме бір нәрсе алып бақытқа бөлене алмаймын, қуануым мүмкін. Менің бақытым басқаларға беріп, көмектесуімде. Басқаларды көбірек бақытты етсем, менің бақытым шексіз болады.
Шынайы бақыттың тоғызыншы сыры – қарым-қатынас күші.
Өмірімнің жақсы болуы адамдармен қарым-қатынасыма, сыйластығыма байланысты. Мен достарымның, таныстарымның көп болғанын қалаймын. Біреумен бөліскен қуаныш – екі мәрте қуаныш, ал біреумен бөліскен реніш – жарты реніш.
Шынайы бақыттың оныншы сыры – сенім күші
Мен өзіме, өз жақындарыма, достарыма, болашағыма сенемін.
Ұлағатты сөздер

«Меніңше, адамның ең бір үлкен бақыты – күресе білу, қуана білу, жұмыс істей білу және басқалардан қалыспай, өмірге ілесе білу». В.Н.Терешкова.
Өзін-өзі білген – ер бақытты, Өзін-өзі билеген – ел бақытты. Халық мақалы.
Меніңше, адамның ең бір үлкен бақыты – күресе білу, қуана білу, жұмыс істей білу және басқалардан қалыспай, өмірге ілесе білу. В.Н.Терешкова.
Бақыттың мәні – парасаттылықта әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде… адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында. Әл-Фараби.
Құстың ұшу үшін жаралғаны сияқты, адам да бақыт үшін жаралған. В.Г.Короленко.
Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік… Бақытқа жеткізетін еркін әрекет тамаша әрекет. Әл-Фараби.
Бақыт жарылқаушының қолынан даяр алынбайды, күрес нәтижесінде, әрекет негізінде келеді. Д.И.Писарев.
Өзін сыйлай білмеу – бақытсыздық, өзіне шексіз риза болу – ақымақтық. Г.Мопассан.
Бақыт – рақымшыл адамда өмір сүретін рух. Аристотель.
8. «Сиқырлы сандық»
Музыка қосылып, оқушылар көздерін жұмады. Сиқырлы сандық әр оқушыға ашылып, ішіндегі жасырын айнадан оқушылар өзін көреді. Содан соң мұгалім сиқырлы сандықтан кімді көрдіңдер деп сұрайды. Оқушылар барлығы өзімізді деп жауап береді.
Психолог сөзі: Әрине өздеріңді көрдіңдер, өйткені әрқайсысың қайталанбас тұлғасыңдар, сендер үшін ешкім күле алмайды, сендер үшін ешкім дәл сен сияқты қайырымды, мейірімді, жомарт, ақылды, кішіпейіл бола алмайды.
Құрметті балалар! Өмір адамға бір рет беріледі, оны мәнді өткізу, бақытты болу өздеріңнің қолдарыңда. Менің мақсатым – осы тренинг, тәрбие сағаты арқылы тағы да өмірдің маңызды сәттерін сіздерге айқындау.

Share.

Leave A Reply