Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
67 қаралым

Бала тәрбиесі — жауапты іс

0

 

Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйтқысы отбасында бала үлкендермен араласады. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы жанұяда өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған. Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.

«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, — деп жазады А.С. Макаренко – Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар». Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды.

Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу.

Мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді. Тіпті, кейде баласының қай сыныпта оқитынын, сабақтарының жетекшісін де білмей жататын үлкендер бар. Бала тәрбиесі – өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Баланың жақсысы әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы», — дейді халқымыз. Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын сонымен қатар киетін киімін де қадағалап, аптаның соңғы күндері сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.

Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.

Ата-ана өзінің міндеті мен жауапкершілігін жақсы білуі тиіс:

1. Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті;

2. Білім алуына көмектесуге міндетті;

3. Жүйелі білім алуына жағдай жасауға міндетті;

4. Үнемі ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғаліммен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті;

5. Баланың өміріне, денсаулығына зиян келтіретін темекі, арақ, т.б. улы заттарды қолданбауға, олардың балаға зиянды екенін түсіндіруге міндетті;

6. «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.

Ата-ананың жауапкершілігі:

1. Балаға арамза әрекет жасағаны үшін жауапты.

2. Мұғалімге, мектептің педагогикалық ұжымына балағаттау және әдепсіз қарым-қатынас жасағаны үшін жауапты.

3. Бала тәрбиесі үшін қабылданған барлық қаулылардың орындалмағанына жауапты.

4. Балаға адамгершілік тәрбие беру үшін, өз жанұясында бірлік пен татулықты ұстануға жауапты. Үйдегі тыныштық баланың мектептегі мәселелерін тиімді шешудің бірден бір жолы.

5. Мектептен кейінгі баланың білім мен тәрбие алуына бақылау жасауына жауапты.

6. Кәмелеттік жасқа жеткенге дейінге баланың салауатты өмір салтына сай тәрбие алуына жауапты.

Тәрбие жұмысын жүргізу – қиын да күрделі іс. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ.

Отбасындағы тәрбиенің ең дұрысы– баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды: отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Сонда ғана отбасы мүшелелері арасындағы қарым-қатынаста әдеп-инабат, адалдық пен ақпейілдік үстем бола алады.

Отбасында жеткіншек ер баланы тәрбиелеу – бұл қарапайым емес маңызды және жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Өйткені осы жастағы ер баланың бойынан шығармашылыққа, өзінің өмірден орнын іздеу сияқты талпыныстарын байқауға болады. Осы тұста ата-ана олардың жан дүниесін түсініп, дер кезінде бағыт-бағдар көрсетсе, бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі тапқырлығы болып саналады.

Егер сіздің балаңыздың өмірде белгілі деңгейде жетістікке жетуін қаласаңыз, жеке тұлға ретінде, маман ретінде ашылуына еңбектендіре отырып, көмек беру қажет. Бұл ата-ана үшін, балалар үшін және қоғам үшін өте тиімді.

Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде.

Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде балаларды жазу сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала біріншіден білімге құштар болса, екіншіден ол еңбекке дағдыланады. Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата-анасын қуантып отырады.

Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншекті еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата-ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады.

Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың бойынан жат қылық көрсеңіздер, мұғалімдерді жолдастарын, қоғамды кінәлаудан гөрі, «мен баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсеңіздер екен. Тәрбиенің от басынан басталатыны сөзсіз. Күнделікті «беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т.б.» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді.

Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата-ана қадағалайды. «Тәрбие басы тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған — туыспен, көрші — көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып — соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіру керек.

Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, әдептілікке ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. «Жақсы сөз жан азығы» деп бекер айтылмаса керек. Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы Адамды тәрбиелеу.

Бүгінгі күні біз – әлем халқы, бір кісідей жаңа дәуір, жаңа ғасыр — жаңа мыңжылдыққа аяқ басып отырмыз. Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»- деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.

Ана тілінің тағдыры отбасынан басталады. Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасынан осы түсініктерді ана тілі арқылы халықтың сарқылмас мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп терең меңгерсек, ешкімге есемізді жібермейтін дәрежеге жетсек, онда дербес ел ретінде нық тұрамыз. Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына, арманына бағалаған. Сондықтан да халқымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп асыл сөзін арнаған.

Қазіргі уақытта бала тәрбиесінің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, ынтымақтастығына, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына, көзқарастарының және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата-аналар күнделікті өмірде балаларының мінез-құлқына, қажетті қасиеттердің қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт. Отбасында тәрбие ісімен айналысу үшін, ең алдымен ата-ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет.

Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғақ – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез-құлықтарды байқайды. Сондықтан ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң әсер ететін іс-әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.

Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл — қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа.

Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.

Бүгінгі оқушы мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн.

Зиядина Индира Меллатовна,

Педагог- психолог, «Бұлақты орта мектебі мектеп жасына дейінгі

шағын орталығы бар» КММ, 

Бұлақты ауылы Алакөл ауданы Алматы облысы

Share.

Leave A Reply