Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:

+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

499 қаралым

Арман — жарқын болашақ бейнесі

0

Уайсова Камшат Қабдолқызы

Ғ.Қараш атындағы орта жалпы білім беретін мектеп психологы, Жәнібек ауданы

 Сабақтың мақсаты:

· оқушыларға болашақ мамандығын айқын да сенімді таңдауына бағыт көрсету;

· оқушы өзінің жеке мүмкіндіктерін толық пайдалана білуіне жол ашу, ғылым мен білімге құштар болуға, ізденіске, өмірде мамандық таңдауда қателеспеуге, қиыншылықтарды жеңе білуге мүмкіндік беру.

Қатысушылар: мектеп түлектері, ата-аналар, ұстаздар.

Сабақтың әдісі: тренинг, пікірталас, проблемалық ситуациялар, сұрақ-жауап, шағын дәріс.

Көрнекіліктер: слайд шоу, мамандық туралы ұлағатты сөздер.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі:

– Балалар, шаттық шеңберіне жиналайық! Шеңберге тұрайық, достарымызбен қол ұстасайық! Барлығымыз жақсы көңіл-күйде бір-бірімізге қарап күлкімізді сыйлайық!

Слайдта көрсетілген суреттерге қарап, бір-бірімізбен амандасайық.

Жүрекшелер шыққан сәтте — бір-біріңізбен құшақтасып амандасасыздар.

Алақан шыққан сәтте — бір-бірімізбен қол ұстасып амандасамыз.

Күннің бейнесі көрінсе — бәріміз қолдарымызды жоғары көтереміз.

Смайликтер шыққанда- бір-бірімізге күлкімізді сыйлаймыз.

ІІ. Сабағымызға психологиялық дайындық жасап жіберейік.

Ол үшін слайдта көрсетілген өлең жолдарын бәріміз қосылып айтайық.

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен

Бізге келсін қуаныш нұр іздеген.

Шуақ толы жанымыз, жүрегіміз

Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

«Түстер» жаттығуы

Келесі сыныптың көңіл-күйін байқау мақсатында түстерді таңдайық.

Ол түстер: қызыл, жасыл, көк.

Қызыл түс – өте тамаша, жасыл түс – жақсы, көк түс – орташа.

Кіріспе сөз:

Мамандық таңдау – қазіргі уақытта сіз қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Келешек өмірлік жолың осыған байланысты. Қазіргі таңда заман талабына сай тұлға болып қалыптасып, мақсат-арманыңа жету үлкен өнерді, өмір сүру өнерін меңгеруді қажет етеді. Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек. Ол үшін тек сіздің табандылығыңыз, еңбекқорлығыңыз, мақсаткерлігіңіздің арқасында кез-келген кәсіпте мансапқа жете алатыныңызға сенімдімін.

Адам өзінің болашақ кәсібіне әртүрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң деген бағытта барады. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет.

Жаңа сабаққа шолу мақсатында сұрақтар:

1.   Сен қандай маман болуды армандайсың?Неліктен?

2.   Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындалуы керек деп ойлайсың?

3.   Қай уақытта адам өз еңбегінің жемісін көре алады?

ІІІ. Кедергі қиындықтар үлгісі: (ата-ана мен оқушы ойы)

1.   Егер сенің таңдаған оқуыңа түсуіңе ата-анаң келіспесе не істейсің?

2.   Балаңызға қандай қолдау шараларын көрсетесіз?

3.   Оқуға түскен соң оқуың ұнамай қалды, не істейсің?

4.   Балаңызды жиі еркелетесіз бе? Қандай сөздермен?

5.   Оқуыңды ойдағыдай аяқтап, жұмысқа кірісер сәтте үй іштерің саған одан да гөрі еңбекақысы жоғары мамандық ұсынса қайтесің?

6.   Балаңыз нені көбірек ұнатады?

ІҮ. Біле жүріңіз…

Мемлекетімізде болып жатқан өзгерістердің еңбек рыногында да әсері зор. Жаңа мамандықтар пайда болып, бұрыннан бар кәсіптер соңғы сипатпен, ақпаратпен байып, толығып, компьютердің енуі арқылы жоғары тиімділігімен жаңа атауларға ие болуда.

Қазіргі уақытта талабына байланысты жаңа мамандықтар пайда болды. Осыған орай жаңадан пайда болған мамандықтар мен бұрынғы мамандықтарға тоқталып өтейік.

Бұрыннан бар мамандықтар

Мұғалім

Дәрігер

Құрылысшы

Инженер

Экономист

Бухгалтер

Сылаушы

Жаңадан пайда болған мамандықтар

Маркетинг – өнімді өткізу проблемаларын мақсатты шешу барысындағы өнім мен қызмет етудегі сұраныстарды қалыптастырушы.

Маркетолог – маркетинг проблемаларымен кәсіби айналысатын адам.

Менеджер – басқа қызметкерлерге басшылық жасайтын адам.

Дилер – биржалық немесе саудалық келісімді өз есебі, қаражаты арқылы үйлестіруші.

Брокер – делдал, яғни тауар өндіруші мен тұтынушы арасын келісімге келтіруші.
Мамандықтар бойынша бейне-роликтен үзінді.

«Өрмекші торы»

Ү. Біз басқа адамдардың арасында өмір сүреміз. Бұл жаттығу бізге өзгелердің қалай қарайтынын байқауға көмектеседі. Ал енді мен бүгін сіздерден жолдастарың туралы жақсы сөздер айтуыңызды сұраймын. Кәне ортаға шығып шеңбер құрайық, мен бір оқушыға оралған жіп лақтырамын, оны атымен атап оның маған ұнайтын мінез-құлығын айтамын. Жіпті алған бала келесі балаға жалғастырады, осылай ойын жалғасады.

ҮІ. Сергіту сәті (ата-аналармен, оқушылардың көңіл-күйін көтеру)

ҮІІ. «Сын түзелмей, мін түзелмес»

Шарты: Бұл тренингте оқушы алдында екі орындық тұрады. Оқушы өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін “Алтын орындыққа”отырып, ал жаман қасиеттерін “Қара орындыққа” отыру арқылы кемшіліктеріне тоқталады. Бұл психологиялық ойынның жетістігі өз ойларын, пікірлерін ашық айтуға бойындағы жақсы, жаман қасиеттерін көпшілік ортада жасырмай мойындауға дағдыланады.

ҮІІІ. «Ашығын айтсам…» (ата-аналардың ойын білу)

(Мыс: Ашығын айтсам қазіргі уақыттағы баламның мінез-құлқы алаңдатады)

ІҮ. Оқушыларға психологиялық кеңес

1. Сабақтар үшін орын дайында: үстелдің бетінен керегі жоқ заттарды алып тастап, қажетті құрал- жабдықтарды, кітаптарды, тесттерді, дәптерлерді, қаламсаптарды қой;

2. Бөлменің ішіне сары немесе күлгін түстерді енгіз. Олар ақыл-ойды белсендіреді. Ол үшін жай ғана суреттің бейнесі де жарайды;

3. Сабақтардың жоспарын құрастыр. Алдымен анықта: сен кімсің «үкі», әлде «бозторғайсың ба». Кейін осыған байланысты таңғы және кешкі сағаттарды көбірек пайдалан.
4. Әр күнге жоспар құру. Жоспар құрған кезде, «Бүгін мен нені оқуым керек», «Қандай бөлімдер және тақырыптар оқимын» деген сияқты нақты ойда болу және өзін анықтау керек;

5. Ең қиын немесе ең нашар білетін материалыңнан баста, егер саған өте қиын болса, саған жеңіл немесе қызықты көрінетін материалдан бастауға да болады;

6. Сабақты оқу мен демалуды реттеңдер: 40 минут сабақ оқу, кейін 10 минут демалу.

7. Демалу кезінде ыдысты жууға, гүлдерге су құйюға, суға түсуге немесе денені шынықтыруға болады;

8. Берілген пәндер бойынша өте көп тесттер мен тапсырмаларды шығарыңдар,өйткені осындай жаттығулар сендерді тестік тапсырмалардың құрылымымен таныстырады;

9. Секундамерді қолыңда ұстап, жаттық. Тесттерді қанша уақытта жасағандарыңды есепте;

10. Емтихандарға дайындалу кезінде өзіңнің жақсы тапсырғаныңды көз алдыңа елестет;

«Тапсырманы орындай алмаймын», – деп ешқашан ойлама;

11. Ең қиын сұрақтарды қайталау үшін емтихан алдында түнді емес, бір күнді қалдыр.

Ойын-жаттығу.

Мақсаты: оқушылардың мамандық жөнінде түсініктерін кеңейту.

Ойын барысы: әр түрлі мамандыққа қызықты, әрі ерекше мінездеме айтамын. Сіздер сол мінездемеге жақын мамандықты айтасыз.

1.   Ең жасыл мамандық(геогог, биолог, бағбан)

2.   Ең тәтті мамандық

3.   Ең шашты мамандық

4.   Ең күлкілі мамандық

5.   Ең ақшалы мамандық

6.   Ең қатал мамандық

7.   Ең сұлу мамандық

8.   Ең тап-таза мамандық

Құрметті оқушылар өздерінің армандарыңызды жазып, «Болашақтың жарқын жолдарына» салуыңыз керек. Бұл жолдар сіздің армандарыңыздың орындалуына, қиындықтан қиналмай, жетістікке жетулеріңізге септігін тигізеді.

Қорытынды сөз:

Өмір деген теңіз, сол теңізге батып кетпеу керек. Көп жағдайда өз таңдаған мамандығын оқып болғаннан кейін ұнатпайтындарда кездеседі. Олар әсершіл, көрінген нәрсеге тез қызыға береді.

Өз мамандығымызға дұрыс таңдау жасасақ, әрбір істеген ісімізде сапа болмақ. Бүгінгі ұрпақтың кезеңі өз болашағыңа, оның жаңа ұғымдарды түсінуі мен қабылдай білуіне, дұрыс таңдау жасай білуі мен икемділік дағдыларына бейімделген уақытқа сай келіп отырсыздар. Сондықтан сендерге қойылатын нақты талаптар:

— белсенділік

— әлеуметтік жауапкершілік

— жоғары ой-өріс

— терең білімділік

— кәсіби сауаттылық

«Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады»- деп, біз заман талабына сай болуға тырысатын жастарға сенім білдіре отырып, бүгінгі шарамыз сіздердің өз мамандықтарыңызды таңдауға, оң шешім қабылдауға көмектеседі деп сенемін.

Жүректен-жүрекке

Ата-аналар балаларына арналған қолдау көрсету тілектерін, оқушылар бір-біріне сәттіліктер жазып тақтаға іледі.

Share.

Leave A Reply