Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

686 қаралым

Ана – жанұя ұйытқысы

0

Елжанова Гүлкенже Қанатжанқызы

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, №7 «Айгөлек» МКҚК балабақшасының педагог-психологы

«Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы.

Ана – жүрек, жүректі құдіретте.
Ана – тірек, тіректі құрметте,
Ана – шыңың, шыңына сағынып жет.
Ана – күнің, күніне табынып өт,- деп жырлағым келеді.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп,әлпештегеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады.
Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек.
Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шешенің мейірімін, тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым тәжірибе осыған дәлел болса керек.
Ғалымдар аналарынан айырылған маймыл балалар үшін ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесі қатты болса да суық етіп, ал екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен.
Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылған. Міне сонда кімге болса да бәрінен бұрын керегі мейірім, ана құшағы ғана.
Ұлтымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп «Бала тәрбиесі –бесіктен» деген қағиданы ұстанған. Бала-ата-ана өмірінің жалғасы. Сол үшін ата-ана Алладан перзент тілеген, перзент көргенде жүрегі жарылардай қуанған, содан кейін «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін»- деп әлпештеп өсірген. Перзенті дүниеге келгендегі қазақ-әкенің/жалпы қазақтың/жан күйін М.Мақатаев соншалық терең, соншалық шегіне жеткізе әсерлі айтып барген ғой:
Иә, АЛЛА көрдім бе көрмедім бе?!
Иә, тәңірім, бердің бе, бермедің бе?
Шырылдаған үніңнен
Айналайын, шыныменен өмірге, Келгенің бе?
Қызым болсаң – Қырымда құралайсың, Ұлым болсаң – Ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе есі жоқ ей дүние, Менен неге сүйінші сұрамайсың?
Бұдан қазақтың бала сүю сезімінің сұрапыл күштілігі, этикалық түйсінуінің асқақтығы көрінеді. Ерте заманнан бастап-ақ халқымыз бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген.
Қазақ халқы болашақ ұрпақты ана құрсағында жатқанда-ақ тәрбиелей бастаған. Келешек ананы, сәбиді мәпелеп, ренжітпеген. «Биік тауға қарасаң, көңілің өседі, көңілің өссе немерең кең пейілді болады. Жайқалған шөпке қара, жайнаған гүлге қара, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды болады» деп баулыған, адам табиғаттың бір бөлігі екенін дөп басқан. Аналар бала тәрбиесіне ықыласпен қараған. Алаш ардагері А.Байтұрсынұлы:1. «Бала тәрбиесін,оқытуын жақсы білетін адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек». 2. Баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. 3. «Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болуы керек»- деді. А.Байтұрсынұлының бұл пікірі дәл бүгінгі, ертеңгі күннің талап мақсатымен үндес, өмір бойы өшпейтін, ескірмейтін өсиет. Бұлай дейтініміз-болашақ ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу ісіндегі басты тұлға – ата-аналар. «Қазақтың өз ұлттық қасиеттерін қайта қалыптастыруына қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұлттық тәрбиеге ерекше мән берген. Ұлттық негіз, сана, тіл, әуен сол бесіктегі кезден бастап қалыптасқан.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің немесе «отбасы – алтын ұям»демекші, «Бүркіт пен оның балапандары туралы» аңызға тоқталып өтейін. Баяғыда таудың қиясын мекендеген бір ерекше қасиетті қыран өмір сүріпті. Өзгелерге өрлігімен өнеге болған әлгі бүркіт бір жылы өмірінде бірінші рет үш балдапан басып шығарыпты. Балапандардың қанаттары қатайып, ұясынан ұшып шығуына аз уақыт қалғанда бүркіт үш балапанын уысына қысып, теңіз төсіне алып шығыпты. Ұшып келе жатқан ол, өзіндік өмірге қанат қаққалы тұрған балапандарын соңғы рет сынақ алып, былай деп сұрапты: — Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп бағып қаққанымды жақсы білесіңдер. Ертең өскесін, осының өтеуі ретінде маған қандай жақсылық жасайсыңдар? Біріншісі айтыпты: -Анашым, сенің ақ сүтінді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма мінгізіп, алып жүремін. Дүниенін төрт бұрышын саған аралатам, таңғажайып тамашаларды өзің көретін боласың. Бүркіт басын шайқап, уысындағы балапанын теңізге тастап жіберіпті. Бірінші балапан теңіз тұңғиғына батып кете барыпты. Сосын екіншісіне бұрылып: — Ал, сен не айтасың,- депті. Екіншісі айтыпты: — Анашым, мен сені ел аралатып босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметтері мен қызықтарын алдыңа әкеп беремін, ішкенің алдыңда, ішпегенің артында болады. Бүркіт тағы да басын шайқап, уысын жазып жібергенде, екінші балапан да біріншісінің соңынан кете барыпты. Бүркіт үшінші балапанына бұрылып, жарқыншақ толы дауыспен былай депті: — Ал, сен мені қалай жарылқамақсың? Сонда үшінші балапан былай деп үн қатыпты: — Анашым, өтірік қанша тәтті болса да,саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылығыңның шеті де шегі де жоқ екнін, оны өтеуге менің барлық ғұмырым жетпейтінің жақсы білемін. Дегенмен менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңа алып келуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен сенің маған жасаған жақсылықтарынның барлығын өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын. Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып: — Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық бола алар ұрпақ туылғанына көзім енді жетті,- деген екен.
Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әр жылда халыққа арнайтын Жолдауында да отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесін дәріптеу, ата-аналардың балаларын шынайы қамқорлыққа алу мәселелері тұрақты сөз болып келеді. Елімізде тұңғыш рет Елбасы арнайы Жарлығына сәйкес қыркүйек айының жексенбіде «Отбасы күні» деп белгіленген. Отбасы – Отанның ұйытқысы, қоғамның берік қорғаны.
Ал, әйел негізінен үйдің сәні әрі үй-ішінің тірегі ретінде маңызды рөл атқаратын тұлға екені аян. Қазақ халқы ежелден отбасы бақыты мен баянын да нәзік жаратылыс иелерімен сабақтастырып, салт-санаға: «Әйел – үйдің сәні», «Жақсы әйел – ырыс,жаман әйел –ұрыс», «Анаңды қадірлесең – әйеліңді жәбірлеме», «Әйелдің жолы үлкен», «Жақсы әйел –жаман еркекті түзетеді», «Жақсы әйел – жарының жақсысын асырар, жаманын жасырар» деген сияқты дала философиясы құндылықтарын сіңірді. Қазақ дәстүрдің қалыбына үйлестіре айтар болсақ, әйел-ана ежелден ер азаматтың сенімді серігі, аяулы жары мен жөн сілтер ақылшысы болып құрметтеледі. Отбасындағы бала тәрбиесіне араласпай тіршіліктің тағы да ажары мен аспаны ашылмаған. Сондықтан да халқымыз: «Әке – айдын, шеше – ұя» деп, ұл-қыздың тәлім тәрбиесі мен өнегелі мектебіне әке мен ананың бірдей жауапты екенін ескерткен. Солай бола тұрғанымен қай қоғамның да әйелге көбірек міндет жүктеп, бала үшін баланың рөлі бәрінен жоғары тұратынын алға тартуы бекер болмаса керек. Ынтымақ пен бірліктің, төзімділік пен сабырлылықтың, тыныштық пен дүние атаулының кілті әйелдің жүрегінде екені күмән келтірмес тағы да бір шыңдық. Халық педагогикасындағы тәжіриебеге көз салсақ, қыз бала тәрбиесінде үш әдіс қолданған екен. Біріншісі – құрмет, екіншісі – үлгі,үшіншісі – тыйым. Көп болып, ауыл-ел болып тәрбиелеген қызымыз өнегелі болып өскендіктен де қазақ халқы өзінің аса құнды ұлттық менталитетін сақтап, бүгінгі біртұтастыққа жетті. Қызын сақтай алған қазақтың ұлтын да сақтай алғанын көріп отырмыз. Осы тұрғыдан аруларымызға қалай сүйінсек те жарасады.
«Ердің бақыты – әйел» деген даналардың бірі Төле би өз баласына әйелді өзі таңдаған. Бір жылы Төле ел арасындағы дауды шешу үшін шалғайға жол жүреді. Бір жерге келгенде алдарынан бір топ атты қыз көрінеді.
Қыз: Тоқтайық, ер азаматтардың жолын кеспейік.
Оны байқаған Төле би қасындағы жолдастарына
– Ана ізетті балаларды шақырып келші,–деп жібереді. Жолаушыларға жақындай бере бәрі аттарынан түсіп, жаяу жүреді. Төле бидің қасына жақындай тізе бүгіп, сәлем береді. Жігіттер бас иіп амандасады.
— Қарақтарым, қай ауылдың баласысыңдар? Әлдеқашан өтіп кететін уақыттарың болып еді, бізді неге тостыңдар?
— Алыс жолдан аталарымыз бен ағаларымыз келе жатыр екен. Алдынан кесіп өтіп, жолын шаңдатпайық. Араларында қол бастаған батырлар, сөз ұстаған шешендер бар шығар. Елдің қамын жеген, жердің шөбін қорғаған ерлер ғой. Тойға жорға мінгеніміз, үстіге торқа кигеніміз осы кісілердің арқасы. Аз тоқтап ілтипат етсек, ауылымызға азар болса бір шай қайнатым кеш жетерміз, бірақ аталарымыз бен ағаларымыздың көңілін көркейтерміз,- деп едік.
Төле би: Ал, шырағым, жаяу-шабан, жолаушыларды жолынан бөгейміз- ау, демедіңіздер ме, балам?
Қыз: Жоқ, ата! Қошеметімізді көріп қуансын, жолдан шаршап келе жатқанда біраз демалсын дедім.
Төле би: Бәрекелді көп жаса айналайын. — Атың кім?
— Атым Данагүл, ата!
— Әкеңнің аты кім?
— Әкемнің аты Алакөз.
— Көп жасаңдар, өркендерің өссің, шырақтарым!- деп Төле би батасын береді де жүріп кетеді. Қыздардан ұзап кете Төле би бұйрық береді.
— Тартыңдар жаңағы қыздың ауылына,- деген екен.
«Жирен жаман әдеттен,үйрен жақсы әдеппен»
Баяғының қарттары енді ғана ес біліп келе жатқан немерелерін алдына алып, өнегелі өсиеттерді, ақылды аңыз, есті ертегі түрінде жастайынан келер ұрпақтың құлағына сіңіре береді екен. Соңдай кемеңгер қариялардың бірі немересіне өмір сырын былай деп айшықтап айтып беріпті: — Әр адамның көкірегінде екі қасқырдың өзара тайталасына ұқсас тартыс жүріп жатады. Оның бірі күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жаман қасиеттерді бейнелесе, екіншісі – сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді. Бұл екі қасқыр сәт сайын, қадам сайын айқасып, өмір бойы күресумен болады… Сонда зерделі немересі атасының сөзін бөліп, былай деп сұрапты. -Ал, ең соңында қай қасқыр жеңеді? Атасы сәл ойланып, немересінің пайымдылығына сүйсіне отырып, жауап беріпті. — Сен қайсысын көбірек қоректендірсең, сонысы жеңеді екен. Баланы ризашылық сезімге үйрет. Бұл – қасиетті сезім. Балаларың бақытты болмай саған бақыт жоқ, бірақ олар сенің қайғына да қайғырсын. Балаларынның досы бол, бірақ құрбысы болма. Балаларыңмен қатар бол, бірақ биігірек, жоғарырақ, ең жақыны бол, бірақ бірден қол жеткізерліктей емес. Балаларыңды дүние туралы емес, іс туралы ойлауға үйрет. Үш жасар қыз көмектессін шешесіне, үш жасар ұл қорғасын. Анасы қызмет істеп жүргенде ешкімнің отыруға хақы жоқ. Ана есіңде болсын! Ең жақсысының бәрі – балаға. Балалар, естерінде болсын! Ең қымбатты, асылы – анаға. Ана, өзіңді ұмытпа! Ұмытсаң балаларына жаман болады. Балаларыңды байлыққа емес, мейірімділікке, қуануға үйрет. Баладан шаршадың ба? деп сұрамаңыз. Өзіңіз балалар алдында ашық түрде жұмыс істеңіз, олар сіздің істеріңізді, шаршаған көздеріңіз бен қолдарыңызды көрсін.
Әлемді мейірімділікпен, Қайырымдылықпен сақтайық. Мейірімділік – асыл қасиет. Жер бетіндегі мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, жақсылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Мейірім шуағы шашатын шуақты күндеріміз көп болсын!

Фото: np.kz

Share.

Leave A Reply